Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Зақым 890 мың теңге, өтемақы 190 мың ғана": Қазақстандық азамат Halyk Insurance сақтандыру компаниясының төлеміне шағымданды

Фото: сюжет кадрларынан скрин

Желіде қазақстандық ер адам Halyk Insurance сақтандыру компаниясын сынады. Айтуынша, автосалон жол апатынан зақым алған жап-жаңа көлігінің шығыны 890 теңгеге бағалаған. Алайда сақтандыру компаниясы көлік өтемақысы ретінде тек 190 мың теңге берілетінін айтып, ұзақ уақыт күттірген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Өскемен қаласының тұрғыны жап-жаңа көлігімен жол апатына ұшыраған. Апатта басқа көлік келіп ер адамның автомобиліне соқтығысқан. Сол көлік иесі кінәлі болып танылғанымен кейін шығынды өтеуде қиындықтарға тап болған. 

"Жол апатынан кейін полиция келіп, барлық қажетті процедураны жасады. Хаттама толтырды, кінәлі тарап анықталды. Содан кейін біз өз көлігімізді сатып алған автосалонға бардық. Өйткені көлік кепілдікте, оны тек сол жерде жөндетуіміз керек болды. Автосалон барлық құжаттарды рәсімдеп, бағасын шығарып берді. Зақым сомасы 890 мың теңге деп көрсетілді. 

Көлігімді соққандар "Халық Insurance" компаниясында сақтандырылған екен. Осы құжаттардың бәрін алып, сақтандыру компаниясының инспекторына апардық. Сол жерде бюрократия басталды. Құжаттарды тапсырдық, бірақ өте көп күттік. Ақырында олар 180 мың теңге ғана төлейміз деді. Бізге ұнамаса қайта есептеу туралы өтініш жазыңыз деді. Жаздық. Тағы бір апта күттік. Жаңа есеп  190мың теңге болып шықты”, – деп баяндады азамат. 

Ер адам алайда бұл сома көлікті жөндеуге мүлде жетпейтінін айтып шағымданды.

"Көлікті осы ақшаға өзің жөндет, құжаттарын әкел, тек көлік сақтандырудан шықпайтындай болсын" деді. Келістік. Артынша тағы да "шағым" жазыңыз деді. Біраз уақыттан кейін заңгерлерінен жауап келді. Олар амортизациялық коэффициент қолданғандарын айтыпты. Яғни көлік жаңа болса да, бағасын әдейі төмендеткен.Ал негізінде, жаңа көлікке мұндай коэффициент қолдануға болмайды. Ескі көлік болса түсінер едім. Бірақ бұл жағдайда көлік жаңа!

Соңында бізге сақтандыру омбудсменіне жүгінуіміз керек екенін жеткізді. Бірақ ол жерде де бәрі оңай емес. Оған да ақша төлеу керек. Сотқа берейік десек, тіпті сайттары жұмыс істемейді! Қысқасы, менің сіздерге кеңесім, бұл компаниямен ешқашан жұмыс жасамаңыздар! Өте нашар компания. Басыңыз қатпай, уақытыңыз кетпей, жүйкеңіз тозбай өмір сүргіңіз келсе айналып өтетін жер”, – деді ол.

Оқиғаға байланысты Stan.kz тілшісі "Халық Insurance" сақтандыру компаниясының өкілдерінен сұрап көрді. Компания барлығы заңға сай тағайындалғанын жеткізді. 



“Сақтандырудың зиян мөлшері Қазақстан заңнамасына сай, тек лицензияланған бағдарламалар арқылы есептеледі. Сақтандыру компаниясы "ПС: Комплекс" бағдарламасын қолданады.

7 жылға дейінгі және кепілдіктегі көліктер үшін қосалқы бөлшек құнын ресми дилер бағасымен анықтау ұсынылады.

Егер көлік техникалық байқауға жатпайтын, жылдық жүрісі 15 000 км-ден аспайтын және бөлшек бұрын зақымдалмаған болса, амортизациялық шегерім қолданылмайды. Ауыстырылған бөлшек сақтандырушының меншігіне өтеді. Дилер есебінде диск толық ауыстыруға жатады деп көрсетілген. Алайда, Сақтандыру компаниясының есебінде тек бояуға жатады. Себебі деформация, жарықтар немесе құрылымдық зақым байқалмаған. Бұл фотофиксация нәтижелерімен расталған”, – деді компания. 

Сонымен қатар компанияның айтуынша, "Oskemen Motors" СТО-дағы жөндеу бағасы Сақтандыру компаниясы есептеген зиян мөлшерінен жоғары болуы мүмкін.

“Алайда, Сақтандыру компаниясы міндетті сақтандыру шарты аясында әрекет етеді және:
•    Зиянды заңнамаға сай есептейді;
•    Жөндеу бағасын толық емес, тек сақтандыру төлемі шегінде өтеуге міндетті. 

СТО-ны таңдау сіздің құқығыңыз. Бірақ сақтандырушы төлемді қолданыстағы нормаларға сай жүзеге асырады. Егер көлік жоғарыда аталған шарттарға толық сәйкес келсе, амортизациялық шегерімсіз төлем мүмкін. Егер сақтандыру компаниясының шешімімен келіспесе, сақтандыру омбудсменіне немесе сотқа жүгіне алады”, – деді компания. 

STAN.KZ
Жұма, 17 Қазан, 2025 18:18
Талқылау