"Орнына коттедж салмақ": Талдықорғанда сот заңсыз сатылған Ардагерлер саябағын мемлекетке қайтару талабын қабылдамады

Фото: Желі кадрларынан скрин
Талдықорғанда Ардагерлер саябағының жері элиталық коттедж салу үшін сатылып кеткен. Желіде тұрғындар мұның комиссияның рұқсатынсыз, өтемақы төлеместен, толық құжатсыз жасалғанын айтып шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қала тұрғыны тарихқа тағзым жасайтын жердің бұлай сатылып кеткенін ұят деп сынады.
“Ардагерлер саябағын сату деген жай ғана жер сату емес. Бұл ұрпақтар гүл қойып, балаларын ертіп келетін қасиетті орын еді. Оны сату – бейбіт өмір сыйлаған ата-бабаларымызға деген құрметті аяққа таптау. Енді естелік те сатыла ма? Салғыңыз келсе, қалаған жерге салыңыз, бірақ тарихтың үстінен емес”, – деп жазды.
Желі қолданушылары да әкімдіктің бұл әрекетін сынай талқылады.
“Әкімдік есінен ауысқан ба?”, “Не деген бассыздық?”, “Олар Отанының жерін сатып жатса, енді тағы не күтеміз? Ондай адамдарда туған жерге, тарихқа деген құрмет жоқ”, “Өткенін ұмытқанның болашағы жоқ. Қазіргі билікке ондай естеліктер кедергі сияқты, бәрін жоюға тырысады.”, “Тіптен таңғалмаймыз”, – деп жазды көпшілік.
- "Билетке ұқсайды“: Желіде 1000 теңгелік банкноттың дизайны қызу талқыға түсті
-
Қазақстандық зейнеткер бос жатқан жерді саябаққа айналдырып, 500 түп ағаш еккен
Stan.kz тілшісі қала әкімдігінен осы жайтқа байланысты пікір сұрады. Ведомство бұл жердің заңсыз сатылғанын растады.
“2024 жылы Талдықорған қаласының прокуратурасы Жетісу облысының Жер ресурстарын басқару департаментіне жер телімінің заңсыз берілгені бойынша тексеру жүргізу туралы ұсыныс жіберген. Тексеру нәтижесінде жер телімінің шынымен де заңсыз берілгені анықталды. Осыған байланысты Талдықорған қаласының прокуратурасы аталған жерді мемлекет меншігіне қайтару туралы талап арызбен қалалық сотқа жүгінді. 2025 жылғы 2 қазанда Талдықорған қалалық соты прокурордың талап арызын қанағаттандырмау туралы шешім шығарды. Қазір бұл шешім заңды күшіне енген жоқ”, – деді әкімдік.
Редакциямыз қалалық прокуратураның осы іске байланысты пікірін күтуде.
"Ақыл-ойы кемістігін пайдаланып алдаған": Жамбыл облысында зорланып, жүкті болып қалған оқушының анасы 6 айдан бері әділдікке қол жеткізе алмай жүр