"Бір сәттік ерлік": Есімі елге белгілі тұлғалар спортшыларға сыйлық беруге қатысты ойын бөлісті
Коллаж: Stan.kz
Елімізде жеңіс тұғырынан көрінген спортшыларға сыйлық беру қызу талқыланып жатыр. “Қайрат – Реал” мен “Қайрат – Селтик” матчында көзге түсіп, халық ықыласына бөленген футболшылар Шерхан Қалмұрза мен Темірлан Анарбековке жеке кәсіпкерлер көлік мінгізді. Күні кеше Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақ спорт және туризм академиясының студенті Шерхан Қалмұрзамен кездесіп, оған ректордың білім беру грантын табыстады. Іле-шала Темірлан Анарбековке де аталған оқу орнының грантын ұсынды. Бұл қаншалықты дұрыс?! Stan.kz тілшісі спортсүйер танымал тұлғалардың пікірін білді.
Желіде футболдың жанкүйерлері спортшыларға сыйлық беруін бірі қолдаса, енді бірі әлі ерте екенін жазды.
“Шерханға гол салдырғаны үшін көлік мінгізді ме?”, “Анарбековке макбук беріп еді”, “Еліміздің осындай мәрт жігіттері өсе берсін!”, “Қазақ халық әуелден алыс-беріске жақын”, “Спортшылардың көрсететін өнері әлі алда, бірден көлік бергендерін түсіне алмаймын”, “Алагөзов енді бере ме екен?!”, “Жастайынан қымбат сыйлық беріп, үйретпеу керек. Арқаны кеңге салып кетеді”, “Жер мен жексен болып ұтылып қалсақ та, көліктен бас тартпаймыз”, – деп жазды көпшілік.
Белгілі журналист, спорт комментаторы Есей Жеңісұлы спортшыларды қуантып жатқан кәсіпкерлер жеке басының жарнамасын жасап жатқанын айтады.
“Бір сәттік ерліктері үшін сыйлық беруге қарсымын. Бірақ халықтың ықыласынан да аттап кетуге болмайды. “Селтикті” жеңіп шығу – біздің футбол үшін үлкен оқиға. Ол кезде бас бапкерге машина беріліп, қақпашыға қарапайым сыйлық беруі жанкүйерлердің ызасына тиді. Сондықтан машина сыйлау – оның қарымтасы секілді көрінді. Шерханға машина бергені дұрыс. Сыйлап жатқан азаматтардың жеке басының жарнамасы екені анық. Жеке қарсылығың болуы мүмкін. Бірақ халықтың екпіні мен қолдауы мықты. Бұл оқиғада мені ойландыратын дүние: Сол жастардың тым жастығы. Олар Олимпиада чемпионы да, Әлем чемпионы да емес. Екеуі де “Қазақстан чемпионы” атағына жеткен жоқ. Сол жастығынан ғана қорқасың. Әріқарай қалай дамиды?! Футбол деген жекелеген адамдардың сыны емес, ұжым болып жеңіске жетеді. Негізі, Шерхан – үшінші қақпашы. Темірланның денсаулығы жақсарып, алаңға оралса немесе Александр Заруцкий шықса Шерханды тіпті кезіктіре алмауымыз мүмкін. “Қайрат” жастар құрамасында ғана ойнауы мүмкін. Сондай жағдайда оған психологиялық тұрғыда ауыр болмай ма?! Темірлан Анарбековке сенемін. Былтыр өзінің психологиялық тұрғыдан мықты екенін көрсетті. Биыл Александр Заруцкиймен өте жақсы бәсекелес болды. Ұлттық құрама сапында алғашқы ойынын өткізіп үлгерді”, – дейді спорт комментаторы.
Одан кейін спорт журналисі Олимпиада чемпиондарын мысалға келтірді. Сөзінше, олар сыйлық алғаннан кейін екі-үш дүркін жеңіске жеткен көрінеді.
“Енді спортшыларымыз қаншама жанкүйерлердің үмітіп ақтап, алға қойған міндеттерін жоғарылатып отыруы керек. Роналду, Месси әр жеңіске жеткен сайын жеңіс деңгейін көтеріп отырады. Мысалы, Месси қатты танымал емес АҚШ-тың Соккер Лигасына барды да 26 ойында 24 гол соғып отыр. Өзінің жеңіс тұғырынан асып түспесе, кем түскен емес. Өз деңгейінен төмендемейді. Біздің жігіттер де осылай болуы керек. Өздерін қамшылап, бұрын-соңды қазақ балалары жетпеген жетістікке жетуі міндет. Сол кезде халық та ойлана бастайды.“Кезінде біз бағалы сыйлық беріп, шабыттандырып едік. Сол таңдауымыз дұрыс болыпты” дейді. Олимпиада чемпиондарына жақсы ақша беріп, көлік мінгізіп жатыр. Солардың бәрі екі дүркін атанып, жеңіске жетті. Халықтың сәби көңіліне топырақ шашуға болмайды. Табиғатымыздан ешкімді ренжіткіміз келмейді. Темірлан мен Шерхан алды, енді Заруцкийге көлік мінгізсе ел болып қуанатынымыз анық”, – Есей Жеңісұлы.
Өнер өкілдерінің арасынан футболдың жанкүйері, танымал әнші, композитор Нұрлан Еспанов сыйлық беру спортшыларды жігерлендіреді деген пікірде. Өнер иесі әлемдік футбол жұлдыздарының қандай сыйлық алатынын айтып берді.
“Күні кеше ғана бразилиялық футболшы Неймарға бір миллиардер өлерінің алдында 100 миллион долларын беріп кетіпті. Ол ақша Неймардың бүкіл ғұмырына жетеді. Осыдан кейін футбол ойнамай-ақ қойса болады. Оған ешкім қарсы шығып жатқан жоқ. Біздің футболшыларға берген қытайдың көліктерін сонша сынап жатыр. Футболшыларға сыйлық берілгенін қолымды көтеріп қолдаймын. Сыйлық адамға мотивация береді. Роналдуға күн сайын миллион доллардың сағатын сыйлайды. Бір жігіт Ferrari көлік сыйлады. Кезінде Роналду қолтаңба берген футболкасын сатып, ірі кәсіпкерге айналыпты. Спортшыларға берген сый-сыяпатты сынайтындарды түсінбеймін. Бір спортшыға берсең, қалғандарына мотивация болады. “Әлі ерте, жеңісі әлі алда” деген сөздерді бере алмайтындар айтады. Өздері алаңды айналып, бір жүгіріп өтсінші, өкпелері өшіп қалады. Спортшылардың маңдай терін түсінер еді. Олар 4 жасында алаңға кіріп, 40 жасында бір-ақ шығады. Біз секілді туысқандарының тойында жүрмейді. Күндіз-түні алаңда жаттығады. Осы әлемдегі футболшыларға берілетін сыйлықты ешкім сынап жатқан жоқ. Бізге де сол үрдісті қалыптастыру керек”, – деді эстрада жұлдызы.
Одан кейін Жұбаныш Жексенұлы футболшыларға сыйлық беруді жөн көретінін алайда басқа спортшыларға сыйлық беру әбестік екенін жасырмады.
“Қарсыласының мұрнын бұзып, жағын сындыратын спорт түрлері бар. Бокс, ережесіз жеке-жек, күреспен айналысатын спортшылар бағалы сыйлықтарға ие болады. Өте көп ақшалай сыйақы алады. Бұл дұрыс емес. Оларға сыйлық беруге қарсымын. Мен осындай спортпен шұғылданатындарды түсінбеймін. Ал футболдың жөні бөлек. Әлемге елдің имиджін көрсететін, бірлікті насихаттайтын спорт түрі. Футболшыларға қандай сыйлық болса да, бергені дұрыс. Олар ешкімнің мұрнын бұзып, бетін сындырған жоқ. Кеше елімізге келген “Реал-Мадрид” командасын көрген қаншама бала футболшы болуға талпынды. Мбаппені көрген бала оның жетістігін қайталауға тырыспай ма?! Халық футболшыларға берген сыйлықты сынамай, керісінше спортшыларға қолдау білдіруі керек. Футболшылардың әл-ауқатын көтеріп, соларға жағдай жасалса, шын қуанамын”, – дейді әнші.
Еске салайық, Чемпиондар лигасында “Қайрат” футбол клубы өз алаңында Шотландияның Селтигін қабылдаған еді. Негізгі уақытта қос команда да есеп аша алмай, ойынның тағдыры пенальти сериясында шешілді. Бұл ойында Қайраттың қақпасын сенімді түрде қорғап, үш бірдей пенальти қайтарған Темірлан Анарбеков өз командасын чемпиондар лигасына шығарды. Осыдан кейін матчтың қаһарманы атанған Темірлан Анарбековке Astana Motors компаниясының негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов Apple Macbook, ал бас бапкер Уразбахтинге Hyundai Palisade көлігінің кілтін табыстаған.Шерхан Қалмұрзаға кәсіпкер Ұлықбек Шарипов заманауи Exeed көлігін сыйға тартты. Ал Темірлан Анарбековке Zigi Zagi компаниясы арнайы көлік сыйлады.
Бұған қоса “Реалға” қарсы ойында Қайраттың қақпасын қорғап, желі жұлдызына айналған
"Тиіндерді өлтіресіздер": Алматылықтар әкімдіктің егеуқұйрықтарды улау шарасына наразы
