Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы Марафоны не себепті маңызды әлеуметтік жоба және ол қалаға не береді?

28 қыркүйекте Алматыда қазақстандық Kaspi.kz технологиялық компаниясының қолдауымен Орталық Азиядағы ірі бұқаралық спорт мерекесі – "Алматы марафоны" өтті. 

Республика алаңындағы старттық аймақ таңғы сағат 5-те ашылды. Сол сәттен-ақ алаңға алғашқы қатысушылар келіп жетті. Сағат 6:00-де жаттығу мен сапқа тұру басталды. 

Көпшілік жарысқа қатыспаса да, жақындарын, достарын және әріптестерін қолдауға келген.

Жарысқа барлығы 16 мың адам қатысты. Жарысты алғаш болып корпоративтік командалар құрамындағы экидэн қатысушылары мен толық марафон яғни 42,2 шақырымға жүгіретін спортшылар бастады. Одан кейін қысқаша қашықтықтарға жүгіретіндер, арбадағы марафоншылар және скандинавиялық жүріспен айналысатын әуесқойлар жарыс жолына шықты.

Марафон алдында әлеуметтік желілерде әдеттегідей “бұл шараны неге қаладан тыс жерде өткізбейді?”, “Неліктен жүздеген спортшыға бола жексенбі күні бірнеше орталық көшені таң атпай жауып тастауы керек” деген мазмұнда пікірталастар өрбіді.

Шын мәнінде, әңгіме жүз спортшы емес, әртүрлі саладағы 16 мың адам туралы болып отыр. Олардың барлығы кәсіби спортшылар емес. Бұл – жанкүйерлерді, еріктілерді және шараға атсалысқан өзге де адамдарды есептемегеннің өзінде жиналған адам саны. Ал әдетте осынша адам күн сайын таңертеңгі қарбалас уақытта Әл-Фараби даңғылында кептелісте тұрады. Тіпті жыл бойы біз орталық көшелерімізді көліктерге, кептелістерге, жол жөндеу жұмыстарына қолданысқа береміз. Ал жылына небәрі бір рет, бұл көшелер шат-шадыман адамдардың жарқын сәтіне айналады. 

Қаладан тыс жерде ұйымдастырылған марафонға кез келген адам қатыса алмас еді. Мысалы, әр жылы марафонға ерекше қажеттіліктері бар балалардан тұратын топтар қатысады. Олар үшін, олардың ата-аналары мен жаттықтырушылары үшін марафонға дайындық пен оған қатысу нағыз ерлік әрі үлкен қуаныш.

Марафонда арбадағы ересек қатысушылар да аз болмады. Өкінішке қарай, біздің қала әлі де арбамен қозғалу үшін толықтай ыңғайлы емес. Сондықтан тіпті бірнеше марафоншыға орталыққа жету оңайға соқпайтыны анық. Осыдан соң қала сыртындағы бос жолдар туралы не айтуға болады?

Алматылықтар марафонға отбасымен келеді.  Әр жолы балаларымен қатысатын жас ата-аналардың да саны аз емес. Олардың ең шығармашылдары көңілді костюмдер киіп келеді. Ал ең батылдары балаларын көтеріп немесе арбаға салып алып жүгіреді. 

Биыл әсіресе, балаларымен бірге қатысқан спортшы әкелер көп болды.

Көптеген балалар үлкендермен бірге келіп, әкесіне, анасына немесе туыстары мен достарына қолдау көрсетеді. Осылайша бізде спортты, салауатты өмір салтын және әртүрлі жас, денсаулық жағдайы, ұлт, саяси немесе діни көзқарастағы адамдар арасындағы достық қарым-қатынасты бағалай білетін қоғам қалыптасады.

Жасы үлкен кісілердің өзі жастарды басып озды. Биыл алғаш рет экидэн командасы стартқа шықты. Команданың ең үлкен қатысушысы – 82 жаста, ал ең кішісі – 59 жаста. Жас көрінетін, әдемі, көңілді бұл жандар баршаға үлгі, өнеге боларлықтай. 

Қаланың әр түкпірінде, бүкіл маршрут бойында жүгірушілерді қолдайтын топтар күтіп алды. Олардың бірі ысқырып, бірі барабан соғып, би билеп, қол алысып, барынша көңіл көтеріп, жүгіру кезін қызықты етуге тырысты.

Марафонға қатысушыларға тек еріктілер ғана емес, қарапайым қала тұрғындары да қолдау көрсетті. Бір жанкүйер тіпті марафоншыларды көпқабатты үйінің терезесінен қол бұлғап қарсы алды. 

Кейбірі ұлдарымен бірге жолдың шетіне жайғасып, әрбір жүгіріп өткен қатысушыға қолдарымен "бестік" берді. Бұл көрініс қатысушылардың  жүректеріне жылы тисе керек, өтіп бара жатқандардың бәрі еріксіз жымиып қоя берді. 

Жолдың әр бөлігінде медицина қызметкерлері кезекшілік етті.

Ал еріктілер марафоншыларға су ұсынды.

Тәртіптің сақталуын коммуналдық қызмет мамандары бақылап отырды.

размещение

Алматы – еліміздің ең көрікті қалаларының бірі (алматылықтардың пікірінше, тіпті әлемдегі ең әдемісі!). Біздің сахнада әлемдік жұлдыздар өнер көрсетті, ал "Қайрат" өз алаңында "Реал Мадридпен" ойнады. Жуырда ғана халықаралық деңгейдегі жаңа Алматы музейі ашылды. Дәл осы қалада Орталық Азиядағы бұқаралық спорттың ең ірі оқиғасы — халықаралық марафон өтті.

Биыл Алматы марафонына әлемнің 60-тан астам елінен қонақтар келіп, қатысты. 

Көптеген шетелдіктер арнайы осы үшін біздің елге келді. Біздің азаматтарымыз да Барселона, Нью-Йорк, Прага, Лондон, Ыстамбұл сияқты әлем астаналарында өтетін марафондарға қатысады. Әр қалада жүгірушілер ең әдемі көшелер арқылы өтеді. Қонақтар көрікті жерлерде қуана-қуана суретке түсіп, оны бүкіл әлемге таратады. Бұл тұста ешкім "шет жақта жүгіріңдер" деп айтпайды. Себебі марафон – Олимпиада, футбол чемпионаты сияқты әр қала мен елдің өміріндегі маңызды оқиға.

Алматы марафонының тұрақты бас демеушісі – еліміздің жетекші инновациялық компаниясы Kaspi.kz. Бұл компания бірнеше жыл бойы осы ауқымды жобаны қолдап келеді. Kaspi.kz демеуші ретінде тек ұйымдастыру шығындарын өз мойнына алып қоймай, сонымен қатар қуатты жүгіру қозғалысының негізін қалады. 

Компанияның корпоративтік жүгіру клубында бірнеше жүздеген қызметкер бар. Олардың ең жақсы дегендері компанияның қолдауымен тек Қазақстандағы марафондарға ғана емес, халықаралық марафондарға да қатысады. Биыл Kaspi.kz-тен үш корпоративтік эстафеталық команда қатысты. Соның ішінде тек әйелдерден құралған команда да болды. 

Марафонды өткізуге арналған негізгі шығындарды демеушілер өтейтіндіктен, шараның старттық жарналары арқылы жиналған қаражат жыл сайын қайырымдылыққа бағытталады. Бұл қаражат балалар оқу орындарындағы спорт алаңдары, футбол алаңдары және басқа да пайдалы нысандар салуға жұмсалады. Мұндай оқу орындарында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және даму ерекшеліктері бар балалар тәрбиеленеді. Марафонның басты мақсаты мен мәні – спорт пен салауатты өмір салтын барлығына қолжетімді ету!  

Биыл Алматы марафонына рекордтық деңгейде адам қатысты. Ол адамдардың барлығының денсаулығы керемет деп айта алмаймыз. Олардың бәрінің өмірі әлеуметтік желідегі әдемі суреттегідей емес. Бірақ сол күні барлығының жүзінен шынайы бақыт пен қуаныш көрінді. Марафонның басты мәні де сол – бұл жай спорт жарысы емес, үлкен әлеуметтік жоба. Ол адамдардың өмірін жақсартып, қаламызды әсем әрі жайлы етуге қызмет етеді! 

STAN.KZ
Бейсенбі, 02 Қазан, 2025 13:21
Талқылау