"Тазалық сақтауға шақырамыз": Діни басқарма әжетханада қол жуғышқа аяғын салып, дәрет алатын азаматтардың әрекетіне пікір білдірді
Фото: Желі кадрларынан
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қоғамдық әжетханада қол жуғышқа аяғын салып, дәрет алған азаматтардың іс-әрекетіне қатысты жауап берді. Басқарма ойын-сауық орталықтарының басшыларының ғимарттан арнайы дәрет алу орындарын қарастыруы керек екенін жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Діни басқарманың бұл мәлімдемесі қоғамдық әжетханада түсірілген бейнежазбадан кейін жасалды. Видеода ер адамның дәрет алып, қол жуғышқа аяғын қойған сәті анық көрінеді. Жазба желіге тарағаннан кейін көпшіліктің пікірі екіге бөлінді. Бірі азаматтың іс-әрекетін дұрыс емес деп санаса, енді бірі оны парызын орындау үшін осындай қадамға баруға мәжбүр болған деп түсіндірді.
Басқарма пікірінше, арнайы дәрет алу орындарын қарастыру азаматтарға қолайлы жағдай жасап қана қоймай, қоғамдағы түсініспеушілікті азайтады. Мәдениетті нығайтуға ықпал етеді.
“Діни басқарма сенушілерді қоршаған ортамызды құрметтеуге, діни рәсімдерді орындау кезінде ерекше ұқыптылық танытуға және тазалықты сақтауға шақырады. Дәрет алу арнайы бөлінген жерлерде, оның ішінде намазханалардың жанында ғана орындалуы тиіс. Сонымен қатар, бізге көптеген намазханалар бар жерлерде дәрет алуға арналған арнайы орындардың жоқтығы белгілі. Осыған орай, халықтың басым бөлігін құрайтын мұсылман қауымының өтініштерін ескере отырып, Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы сауда ойын-сауық орталықтарының басшыларына намазханалары бар ғимараттарда арнайы дәрет алу құрылғыларын орнатуды қарастыруға үндейді”, – делінген мүфтият жазбасында.
Басқарма өкілдері сонымен қатар дәретті тек арнайы белгіленген жерлерде алу қажеттігін де еске салды.

Қазақстандық жігіт марихуана шеккені үшін айыппұл арқалады: Енді ол қарасораны заңдастыру үшін күресіп жүр
