Әйелді баспалдақтан итеріп жіберген: Амантай қажы даулы іс бойынша жазадан құтылып кетті
Фото: Видеодан скрин
Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында 83 жастағы Амантай қажыға қатысты қылмыстық іс қаралды. Ол шілде айында қаладағы спорт кешендерінің бірінде әйелді баспалдақтан итеріп жібергені үшін айыпталған еді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әлеуметтік желідегі ақпарат бойынша, оқиға салдарынан жәбірленуші әйел жамбас сүйегін сындырып, ауыр жарақат алған. Бастапқыда іс Қылмыстық кодекстің 107-бабы бойынша ("Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру") тергеліп жатты. Алайда 23 қыркүйекте сотта айыптау қайта қаралып, іс 114-баптың 3-бөліміне ("Абайсызда ауыр зиян келтіру") ауыстырылды.
Амантай қажының өзі денсаулығына байланысты сот отырысына қатысқан жоқ. Бірақ арнайы өтініш жазып, медиативтік келісімге келгенін, екі тараптың да ешқандай шағымы жоқ екенін айтқан. Судьяның сөзінше, Амантай қажы моральдық және материалдық шығынды өтеген. Ал компенсация мөлшері жарияланбады.
"Мен адал, таза адаммын. Ешқандай қылмыс жасаған жоқпын. Оны итерген емеспін", – деді сотта Амантай қажы.
Ал прокурор, айыпталушы және оның қорғаушысы Жанғазы Күнсеркин істі тоқтату туралы өтінішті қолдады.
"Жәбірленушінің денсаулығы қалпына келді деп үміттенеміз. Асылбек мырзаның отбасы айтарлықтай сомада өтемақы төледі", – деді Жанғазы Күнсеркин.
Оның айтуынша, қылмыстық баптың ауыстырылуына оқиға орны әсер еткен.
"Егер бұл тегіс жерде болғанда, іс басқа баппен қаралар еді. Бірақ бұл оқиға “Динамо” стадионында, баспалдақта болған", – деді адвокат.
Нәтижесінде судья кеңесу тараптардың татуласуы мен шығынның өтелуіне байланысты істі тоқтату туралы шешім шығарды.
Еске салсақ, бірнеше рет президенттікке үміткер болған Амантай қажы баспалдақтан әйелді итеріп жібергені белгілі болған еді. Салдарынан әйелдің жамбасы сынған.

"Отаға 33 миллион теңге қажет": Қазақстандық әйел босану кезінде дәрігерлер кесар тілігін жасап, қуығын тесіп жіберді деп айыптады
