"Бұттарыңызды жауып отырасыздар ма?": Қазақстандық қыз-келіншектер қоғамдық орындағы мэнспрендингке шағымданды
Әлеуметтік желілерде қазақстандық әйелдер ер адамдардың қоғамдық орындарда аяқтарын шамадан тыс талтайып отыруын сынға алды. Олардың айтуынша, мұндай әрекет жанындағы адамға жайсыздық туғызып қана қоймай, жеке кеңістікті бұзады. Кейбір әйелдер мұны ер адамдардың гендерлік үстемдігін көрсеткісі келетін әрекеті деп бағаласа, ерлердің өзі мұны жай ғана физиологиялық қажеттілік деп түсіндіреді. Stan.kz тілшісі "мэнспрединг" деп аталатын бұл құбылыстың себебін және оның қоғамдағы қабылдану ерекшеліктерін зерттеп көрді.
Желі жазбаларында көпшілік мұны мәдениетсіздікке балаған және бұл әйелдерге қарағанда ерлер арасында көп байқалады екен.
“Ер азаматтар, сіздерге бір сұрақ бар. Неге метроға отырған кезде аяқтарыңызды жайып, қасыңыздағы адамның орнының жартысын алаздар? Сіздердің аяқтарыңызға тиіп кетпес үшін бізге қысылып отырып, ыңғайсыз күйде баруға тура келеді. Бірақ, қызығы, егер жаныңызда басқа ер адам отырса бұлай істемейсіздер. Әлде ер адамдарға аяқтарыңызды тигізіп отырған қызықсыз ба?”,
“Достар бұл норма ма, әлде ұят па? Түндее ұшақта ұйықтағың келеді. Алайда міне, қалай ұйықтайсың, қалай еркін отырасың? Жеке шекара деген болады. Әсіресе қасында қыз бала отырғанда аяқтарыңды жинап отырыңыздаршы өтініш”,
“Барлық қыздың жан айқайы деп ойлаймын. Жігіттер, мәдениет пен этика деген дүние қайда қалды? Бұттарыңыздың арасын жауып отырасыздар ма?! Басқаша айтуға келмейді”, – деп жазды көпшілік.
Әлеуметтанушы Жанар Жандосованың айтуынша, ерлердің бұлай отыруы “мэнспрединг” деп аталады. Бұл мәселе әлемде алғаш феминистік ұйымдар арқылы таныла бастаған.
“Мұны біз тек гендерлік сауалға жатқыза алмаймыз. Себебі тек мэнспрединг қана емес, осы секілді шибэггинг (shebagging) ұғымы да бар. Мұнда әйелдер сөмкелерін жанындағы орындыққа қойады. Социологиялық тұрғыдан бұл тек дене қимылына байланысты әдет қана емес. Мысалы, ер адамдар әрқашан осылай отырады деп ойлай алмаймыз. Бұл жерде адам өзінің кеңістіктегі орнын, ресурсын көрсетуге тырысуы мүмкін. Ал қоғамдық көлік осындай мінез-құлықтың байқалатын орнына айналған. Себебі ондағы кеңістік шектеулі, орын аз. Сондықтан кімнің қалай отырғаны, әділетсіздік мәселесін күшейте түседі. Мұндай жерде біз түрлі әлеуметтік топтармен бір кеңістікте қатар өмір сүруге мәжбүр боламыз. Бәсекелестік дене қимылы арқылы байқала бастайды. Дегенмен бұл тек қоғамдық көлікте емес, жиналыстарда, жұмыс орындарында да байқалып жатады”, – деп түсіндірді маман.
“Ұлдарды еркін, қыздарды қысып тәрбиелегеннен”
Маманның айтуынша, біздің қоғамда ер адамдар мен әйелдер әртүрлі әлеуметтік тәрбие алады. Мэнспредингке оның да әсері болуы мүмкін.
“Ұл балаларды кішкентайынан көп кеңістік алып, өзіне сенімді болуға, өзін күшті етіп көрсетуге насихаттайды. Ер адамдардың денесіне қатысты қалыптасқан нормалар көбіне кеңістікті жаулап алумен байланыстырылады. Мысалы, кең отырса, қолын сермеп сөйлесе, бұл еркекке тән қылық деп қабылданады. Ер адам кеңістікті иемдену арқылы өзінің үстемдігін білдіргісі келеді. Яғни, бұл – патриархаттың көрінісі. Ер адамға осылай істеуге "құқығы бар" деген ескі түсініктің сыртқа шыққан түрі.
Ал қыздарды керісінше, жинақы, сыпайы болуға, өзгелерге кедергі жасамауға үйретеді. Олардың дене тілі, жинақы, ұстамды болуы керек деген көзқарас бар. Мысалы, әйел де жалғыз отырғанда аяғын кеңірек созып отыруы мүмкін. Бірақ қоғамдық көлікте ол өзін "әйелге тән" тәртіппен ұстайды. Олар көбіне керісінше, аяғын ашып отырған ер адамның жанында бейімделуге, ығысуға, жол беруге мәжбүр болып жатады. Шын мәнінде, бұл дене тілі арқылы көрінетін ерекшеліктер қоғамдағы билік иерархиясына да әсер етеді”, – деді ол.
Жанар Жандосова осы тұста Алматы мен Астана сияқты үлкен қалаларда мұндай жағдайлардың көп байқалатынын жасырмады. Себебі адамдарға лық толы автобустар мен метроларда дене арасындағы шекара тіптен тарылып кетеді. Ал бұл көпшіліктің ашуына тиіп отыр.
“Өзге елдерде аяқтары жайылып кетпес үшін орындық жиегінде қоршаулар орнатады”
Әлеуметтанушы өзге елдерде мэнспрединг жасағандарды жауапкершілікке тартқан да жағдай болғанын алға тартты.
“Мэнспредингке қатысты Нью-Йоркте ұстау фактілері де тіркелген. Алайда бұл тым қатаң шара деп сынға ұшырады. Мексика мен Испанияда "No manspreading" деген жазуы бар қарапайым постерлер қойылды. Жапония Оңтүстік Корея секілді елдерде метроға адамдар кірерде сыюы үшін көмектесетін арнайы қызметкерлер жүреді. Сол себепті ол жақта барлық адам бірдей жинақы жүруі талап етілген. Ол жақта тіпті аяқтар жайылып кетпес үшін орындық жиегінде қоршаулар орнатылған.
Біздің елде де бұл мәселені жұмсағырақ түрде қолға алса деймін. Әрине, орындықтарды бөліп тастау немесе отыратын жерді тарылту сияқты шешімдерді онша құптамаймын. Себебі мұндай шаралар көбіне адамдарға ыңғайсыздық тудырады. Есесіне, бұл мәселені мектеп бағдарламалары арқылы, яғни қалалық мәдениет пен қоғамдық тәртіпті үйрететін жастарға арналған сабақтар арқылы жеткізу әлдеқайда тиімді болар еді. Сонымен қатар бұл тақырыпты инфлюенсерлер мен TikTok блогерлері арқылы, әзіл мен жеңіл формада жеткізу жастар үшін әсерлі тәсілдердің бірі бола алады. "Құрмет көрсет", "Орныңды ұсын", "Кеңістікті бөліс" деген плакаттарды іліп те жақсы ескерту жасауға болады. Қазақстанда бұл тақырып енді ғана қозғалып жатыр. Ал АҚШ-та бұл мәселе 2014–2015 жылдары-ақ кеңінен талқыланған болатын”, – деп қорытты Жанар Жандосова.
“Ер адам физиологиялық тұрғыда аяғын ашпай отыра ала ма?”
Ал психолог Ерхан Міндетбайдың айтуынша, ер адам аяғын талтайтып отырғанын өзі бейсаналық түрде байқамай да қалуы мүмкін екен.
“Мэспредингтің қандайда бір психосоматикалық себебі бар деп ойламаймын. Қазақы тәрбиенің салдарынан да осылай болып жатыр деуден аулақпын. Бұл керісінше, тәрбиенің жоқтығының белгісі. Бірақ аяғын талтайтып отыратындардың бәрін тәрбиесіз деуге де болмайды. Себебі бұл жерде физиологиялық рөлдер де бар. Адам өзінің бұлай отырғанын білмей де қалуы мүмкін. Әйелдерге қарағанда, ер адамдардың жамбас, бел және басқа да дене мүшелерінің анатомиялық ерекшеліктерін ескергеніміз жөн. Бұл ер адамдардың екі аяғының арасын ашып отыруына, өзін ыңғайлырақ сезінуіне әсер етуі мүмкін. Алайда соның кесірінен мүлдем жинақы, тік отыра алмайды деп айтсақ, бұл – өтірік. Себебі мысалы, жұмысқа тұрар кезде сұхбатқа келген адамның талтайып отырғанын ешкім көрмеген шығар. Сол секілді ер адамдар да жинақы отыра алады”, – деді маман.
Ерхан Міндетбайдың айтуынша, ер адамның өзіндік танымы дұрыс қалыптаспаса, ол өз статусын дәлелдеу үшін сырттан қолдау іздейді. Ал мэнспрединг сондай әрекеттің бірі болуы мүмкін.
“Кейде адамның ішкі кемшілігі немесе жетістікке жетпеуі, жолының болмай, сәтсіздікке ұшырауы осы мінез-құлқын тудырады. Сол жағдайларды жасыру, өзін қорғау мақсатында өз күш-қуатын басқаларға көрсетуге тырысуы мүмкін. Бұл әрекеттер көбінесе бейсаналық түрде жүзеге асады және оны қоршаған орта факторлары да қалыптастырады. Мысалы, ағасы немесе әкесі осындай мінез танытқан болса, ол оны санасыз түрде қайталай береді. Дегенмен көпшілік ортада бәріміз ортақ ережелерге бағынуымыз қажет.
Осы мәселенің шешімі ретінде қоғамдық орындарда мемдер, карикатуралар арқылы тәрбиеле жұмыстарын жүргізуге болады”, – деп қорытты ол.

"Арық жүйесі - кедейшіліктен туған шарасыз шешім": Алматы неге жаңбыр жауса суға батады
