Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жезқазған аймағындағы Жыланды кеніші жылына 4,8 млн тонна кен өндіруді жоспарлап отыр

2016 жылы Жыланды  кеніші іске қосылды. Бес шахтаның басын біріктіріп отырған кенішті тау-кен ісінің білікті маманы Нұрболат Байсадықов басқарады.

Алғашында Жыланды кенішінде 52 млн тоннаға жуық кен қоры бар деп болжанды. Кейін іздеу-барлау жұмысы барысында кеннің болжамды қоры 60 млн тоннаға артты. 

"Қазақмыс" компаниясы геологиялық барлауға ерекше назар аударады. Кенді игеруге "Diamec 262" және "SandvikDE 130" бұрғылау қондырғылары қолданылады. 

Жыланды  кенішінің жылнамасы 2016 жылы наурызда іске қосылған  Сарыоба шахтасынан басталады. Дәл осы жылы шілде айында шахтадан алғашқы кен алынды. Бастапқыда шахтада бұрғылаушы, монтажшы, жол салушы және өздігінен жүретін жерасты көлігін жүргізуші сынды мамандық иелерінің басын біріктірген бір телім жұмыс істеді*. Мұнда 6-8 адамнан құралған топ төрт ауысыммен кен өндірді.
2019 жылы қазан айында  Сарыоба   Солтүстік Жезқазған кенішінен енші алып,  Жыланды кенішінің негізі қаланды. Осы кезде қолданысқа Итауыз  шахтасы берілді. Өз алдына отау тіккен Жыланды кенішінде жабын-бетон (таркрет), монтаждау, кен өндіру сынды 3 телім жасақталды. Кейін конвейер, проходкалау, екінші кен өндіру сонымен қатар дизель телімі ашылды. 

Кеніш жылдан жылға кен өндіру көлемін ұлғайтып келеді. Сарыоба  шахтасы іске қосылған жылы 500 мың тонна кен өндірілсе, қазір Жезқазған байыту фабрикасына жылына  2 млн 700 тонна шикізат жөнелтіледі.

Қазір үш шахта толық өндірістік қуатпен жұмыс істеп тұр. Алдағы екі-үш жылда – Батыс Сарыоба, 2030 жылға қарай  Қыпшақбай  шахталарынан кен алу жоспарланып отыр.
Жезқазған кеніш

Бес шахта толық жобалық қуатымен жұмыс істегенде  жылына 4,8 млн тонна кен өндіреді деп күтілуде. Демек, Жыланды кенішінің келешегі кемел. Жарты ғасырға жуық кен қоры бар кеніш өңірдің әлеуетіне қызмет етпек.

"Қазақмыс" корпорациясының өңірдегі өкілдері бізді Жыланды кенішіне бастап барды. Сапар барысында жер астындағы қызу жұмысқа куә болдық. Сарыоба шахтасына портал арқылы жол тарттық. Ең әуелі бұрғылаушылар мен төбе бекітушілерге жолықтық.

"Robolt – 52"  бұрғылау-бекіту техникасын тізгіндеген  Абылай Салпановты төбе бекіту жұмыстарын атқарып жатқан сәтінде кездестірдік. Абылай Салпановтың осы шахтада еңбек етіп жатқанына  – 6 жыл. Ол еңбек жолын Оңтүстік Жезқазған кенішінде бастаған.  Онда 11 жыл еңбек еткен. Тәжірибелі бұрғылаушыны әңгімеге тартқанымызда: 

“Өздеріңіз көріп тұрғандай төбені бекіту жұмыстары жүріп жатыр. Тізгіндеген техниканың көмегімен төбені бекітеміз. Ондағы негізгі мақсат кенжардың қауіпсіздігі.  Бұрғылау және бекіту жұмыстарын қатар атқарамыз. Жоспарымызды ай сайын орындаймыз. Айлығымызды уақытылы аламыз”, – деді Абылай Салпановтың тау-кен саласындағы еңбек өтілі – 17 жылға тең.  Металлургтер әулетінен шыққан жалғыз кенші. Аталары Сұлтан Елемесов  Жезқазған мыс қорыту заводында ең алғаш қара мыс алған майталман.

Абылай Салпанов кәсібінің қыр-сырын жас мамандарға үйретіп жатыр. Жақында жұмысқа орналасқан Нұрдәулет Өмірзақты кенші кәсібіне баулуда.
Біз №10 телімнің тағы бір бұрғылаушысы Бекзат Мұханбетжанмен тілдестік. Бекзат  Талғатұлы мұнда 4 жылдан бері еңбек етеді.  Қуатбек Алтаевтың бригадасындағы бұрғылаушының алғашқы тәлімгері Дархан Алмақов болды. Ол тәлімгерінен кен бұрғылаудың қыр-сырын толық меңгерді.

“Кенші кәсібін бастағаныма 4 жылдан асып бара жатыр. Әр ауысым сайын берілген көлемді орындауға тас-түйін дайындықпен келемін. Қауіпсіздік  – басты ұранымыз. Техниканың жұмысқа жарамдылығы, жұмыс орнының қауіпсіздігі, төбенің мықтылығы сынды талаптарды ескеріп барып қана жұмысқа кірісеміз", – деді Бекзат Талғатұлы.

STAN.KZ
Сәрсенбі, 03 Қыркүйек, 2025 15:59
Талқылау