Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Басын шелекке тыққан": Ақтауда ер адам балаларына экс-жарының азаматтық некедегі күйеуі зорлық-зомбылық көрсеткенін айтты

Ақтау тұрғыны шағымдандыФото: Видеодан скрин

Ақтау тұрғыны Тұрал Латифов бұрынғы әйелінің балаларына қатыгездікпен қарағанын айтып, видеоүндеу жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Латифовтың айтуынша, 6 жасар қызын түнде оятып, басын шелекке тығып, сабақ оқытқан.

“Кеше түннен бері мүлде ұйықтамадым. Экс-жарыма қатысы бар еркек 6 жасар қызым сабақ оқи алмағаны үшін басын шелектегі суға тығыпты. Түн ортасында оятып, басын суға батырып, әрі қарай сабақ оқытады екен. Біз ажырасып кеткенбіз. Одан 6 және 9 жастағы екі балам бар. Түнде үйге бұрынғы әйелімнің алғашқы некесінен туған ұлы келіп, үйден қашып шыққанын, балаларға зәбір көрсетіліп жатқанын айтты", – дейді ол.

Ер адам құқық қорғау органдарына жүгінгенімен, "заң ананың жағында" және "дәлел жеткіліксіз" деген жауап алған.

"Заң аясында органдарды шақырып, тіркеттім. Бірақ маған айтқандары "заң ананың жағында". Ал балалар жағдайы жасалмаған ортада тұрып жатыр. Мен пәтерді қалдырдым, алимент төлеймін, барлық шығынды көтеріп отырмын. Бірақ кешегі түн мені есеңгіретіп жіберді", – деді Латифов.


Қазақстандықтарды әке болуды анықтайтын ДНҚ-тест жарнамасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың насихаты ашуландырды


"Өткен қателерімізден сабақ алуымыз керек": Депутат “Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы” заңның күшін жоюға наразылық білдірді


Оның айтуынша, балалар жүйелі түрде қорлық көреді.

"Қызым алты жаста, бірінші сынып оқушысы. Оқып, жаза алмайды. Оны түнде оқуға мәжбүрлеп, ұйықтатпайды екен. Егер ұйықтап қалса оларды мысықша су шашып, оятады екен. Қызымның айтуынша, өгей әкесі бетінен ұрып, мұрнынан қан аққан кездер болған. Анасы да қол көтереді", – дейді ол.

Латифов кішкентай қызының қорқып отырып түсірген видеосын көрсеткенін де айтты.

"Осы жағдайға қорғаншылық пен прокуратура назар аударса екен деймін. Бұл жағдайдың жан-жақты тарағанын қалаймын. Мен балаларымды қатты жақсы көремін, оларды ол жерден құтқарғым келеді", – деді ол.

Маңғыстау облысы полиция департаментінің бұл жағдайға қатысты пікір білдірді.

"Кәмелетке толмағанды тәрбиелеу міндеттерін орындамау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеудің барысы Маңғыстау облысы полиция департаменті басшылығының бақылауында. Тергеу жалғасып жатыр", – делінген хабарламада.

Айта кетейік, бұған дейін Қостанай облысында блогер зорлық жасады деген күдікпен ұсталғаны туралы жазған едік. 

STAN.KZ
Сәрсенбі, 20 Тамыз, 2025 09:34
Талқылау