"11-15 жастағылардың үлесі 2 есе артқан": Шылым шегетін жастардың санын азайту үшін мемлекет қандай шаралар қабылдап жатыр
Фото: Рexels.com
“Ересектер арасында темекі бойынша жаһандық зерттеуге” сенсек, Қазақстанда жастар арасында темекі шегудің басталуының орташа жасы – 17,7 жас. Елімізде темекі шеген мактеп оқушыларының қарасы жыл сайын артып келеді. Денсаулық сақтау министрлігі темекі шегуге әуес жасөспірімдердің санын азайтудың және бұл тәуелділіктің алдын алудың жолдарын айтты. Қазірдің өзінде ведомство еліміздегі білім беру ұйымдарында халықтың темекі шегудің зияны туралы сауатын арттыруға бағытталған науқандар өткізіп жүр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Ересектер арасында темекі бойынша жаһандық зерттеу” аясында 15 жастан асқан қазақстандық жастар арасында сауалнама жүргізілді. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, мектеп оқушылары арасындағы вейп тұтынушыларының үлесі 2014 жылдан бері 7 еседен астам өскен және 2023 жылы 12,5%-ға тең болды. Бұл ретте, 15 жастағы жасөспірім қыздар арасында вейп тұтынатын саны 4 еседен астам, яғни 2%-дан 8,6%-ға дейін өскен. Кәдімгі темекі шегетін балалар мен жасөспірімдер санының төмендеу тенденциясы байқалды, есесіне вейпті (электронды темекіні) қолданатын балалар санының артқан.
2022 жылы Қазақстанда жүргізілген 11, 13 және 15 жастағы “Мектеп оқушыларының денсаулығы мен әл-ауқатына қатысты өмір салты мен мінез-құлқын зерттеу” нәтижелеріне сәйкес, өмір бойы темекі шегуге тырысқан, яғни темекі шегуде тәжірибесі бар 11-15 жас аралығындағы жасөспірімдердің үлесі 6,0% , ал 11 жастан 15 жасқа дейінгілердің көрсеткіші 2,7 есе артқан. Ұлдар темекіні (7,4%) қыздарға (4,6%) қарағанда көбірек шегеді.
Қазақстанның денсаулық сақтау саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасының бірінші бағыты темекі шегу сияқты мінез-құлық қауіп факторларын азайту шараларын қамтиды. Бұл стратегияның маңызды элементі – темекіні пайдаланумен байланысты зиянды болдырмауға және азайтуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары.
“Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары темекі шегудің алдын алуда маңызды рөл атқарады. Министрлік халықтың темекі шегудің зияны туралы сауатын арттыруға бағытталған бұқаралық ақпараттық науқандар жүргізіп жатыр. Бұл науқандарға БАҚ, теледидар, радио бағдарламалары, сондай-ақ “Дүниежүзілік темекісіз күн” сияқты әлеуметтік акциялар кіреді. Жастармен жұмыс істеуге ерекше көңіл бөлінеді. Атап айтқанда, білім беру ұйымдарында дәрістер мен интерактивті сабақтар өткізіледі. Тұжырымдама шеңберінде 15 жастан бастап Қазақстан халқы арасында темекі шегудің таралуын азайтуды көздейтін индикатор көзделген. Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша, 2025 жылы қаңтарда жүргізілген сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 17,5%-ы темекі шегеді”, – деп мәлімдеді Денсаулық саулық сақтау министрлігі.
Ведомство республикада темекі шегуден бас тартқысы келетін азаматтарды қолдаудың кешенді бағдарламалары жұмыс істейтінін атап өтті. Бұл үдерісте алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдары мен стационарлар базасында жұмыс істейтін темекіге қарсы орталықтар мен денсаулық мектептері шешуші рөл атқарады.
“Қазір елімізде 33 темекіге қарсы орталықтар және 4142 денсаулық мектептері жұмыс істейді. Оның 3924-і алғашқы медициналық-санитариялық көмек жанында, ал 218-і стационарларда орналасқан. Осы құрылымдардың есебінен 548 мыңнан астам адамды қамтитын ағартушылық және консультациялық жұмыс жүргізіліп жатыр. Оқушылар арасында темекі шегудің және құрамында никотин бар өнімдерді тұтынудың алдын алу мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары сынып сағаттары, қауіпсіздік сабақтары және басқа да тәрбие іс-шаралары шеңберінде тұрақты негізде жүргізіледі”, – делінген хабарламада.
Жасөспірімдерден бөлек, ата-аналар мен мұғалімдерге арналған әдістемелік ұсынымдар, буклеттер, плакаттар, инфографика, бейнероликтер әзірленді. Ұйымдастыру-әдістемелік көмек көрсету мақсатында әзірленген инфографиктер мен бейнероликтер жергілікті теледидарда, әлеуметтік желілердің беттерінде, медициналық ұйымдардың веб-сайттарында және медициналық ұйымдардың залдарында теледидарларда трансляциялау үшін өңірлік Денсаулық сақтау басқармаларына жіберілді.
Ведомствоаралық профилактикалық іс-шаралар іске асырылып жатыр:
- Білім министрлігімен бірлесе никотинсіз мектептерді қалыптастыруға бағытталған “Саламатты мектеп” жобасы іске асты. Оқушылардың аурулардың профилактика және саламатты өмір салтын қалыптастыру саласындағы білімдерін арттыруға бағытталған сабақтар, акциялар, мектеп бағдарламалары өткізіледі. Қазір 2627 мектеп бастама көтеріп, “Саламатты мектеп” жобасына қатысуға міндеттемесін растады, бұл мектептердің жалпы санының 37,1%-ға тең.
- Ішкі істер министрлігімен ынтымақтастықта кәмелетке толмағандарға темекі өнімдерін сатуды бақылау, рейдтер мен тексерулер жүргізілді. Жұмыс ақпараттық саясат пен БАҚ-қа жауапты Мәдениет және ақпарат министрлігімен үйлестіру кезінде жүргізіледі.
Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Темекіге қарсы күрес жөніндегі негіздемелік конвенциясының ережелерін және MPOWER жүйесінің қағидаттарын басшылыққа алады:
- Темекіні тұтынуды мониторинг,
- Темекі түтінінен қорғау,
- Пакеттердегі ескертулер,
- Жарнамаға тыйым салу,
- Темекі өнімдеріне салықты арттыру.
Шаралар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының халықаралық ұсыныстарына толық сәйкес келеді.
Министрлік қоғамдық денсаулық сақтау саласында жүйелі мемлекеттік саясат жүргізеді. Соңғы жылдары темекі шегу көрсеткіштерінің төмендеген. Бұл ақпараттық-түсіндіру науқандарының да, дәйекті заңнамалық бастамалардың да тиімділігін растайды.
2020 жылдан бастап елде “Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы” кодекске маңызды өзгерістер енгізілді, соның ішінде:
- Темекі өнімдері ұғымын темекіні қыздырудың электрондық жүйелеріне, кальян қоспаларына кеңейту;
- Темекі сатып алу үшін жас шегін 18 жастан 21 жасқа дейін арттыру;
- Темекі шегуге тыйым салынған орындардың тізімін кеңейту;
- Сату орындарында темекіні ашық орналастыруға тыйым салу;
- Шекпейтін темекі өнімдеріне толық тыйым салу (насыбай, снюс);
- Графикалық ескерту аймағын қаптаманың 65%-на дейін ұлғайту.
“Сонымен қатар 2023 жылдан бастап темекі өнімдеріне акциздерді 2026 жылға дейін кезең-кезеңімен арттыруды көздейтін Салық кодексіне өзгерістер күшіне енді. Халықтың темекінің зияны туралы хабардарлығын арттыруға және салауатты өмір салты мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ақпараттық науқандар шаралар кешенінің ажырамас бөлігі болып қала береді. Бұл науқандар барлық жас топтарын қамтиды және теледидар, радио, әлеуметтік желілер, білім беру мекемелері және алғашқы медициналық-санитариялық көмек жүйесі арқылы таратылады”, – деп мәлімдеді вдеомство.
Денсаулық сақтау министрлігі алдағы уақытта темекіге қарсы саясатты күшейтуді, қолданыстағы заңнаманың орындалуын бақылауды, жасөспірімдер мен жастар арасында профилактикалық жұмыстарды қамтуды кеңейтуді мақсат етеді.
Осы тұста Алматы қаласындағы Психикалық денсаулық орталығының №7 ерлер бөлімі меңгерушісі, нарколог Құмарбек Мәкейұлы жасөспірімдерді темекіге әуестігі неден басталатынын және әуестік тәуелділікке айналып кетпес үшін не істеу керек екенін айтты.
“Жасөспірімдер үлкендерге еліктеп, темекі шегеді. Тағы бір себебі, отбасында күнде темекі шеген адамды көріп, соны үлгі етуі мүмкін. “Шегіп көрсем, әсері қалай болады” деген сұрақтар мазалаған соң бастайтындар бар. Бұл жасөспірімдері шылымға деген әуестік пен тәуелдікке әкеп соғады. Жасөспірімдерді бос уақытта пайдалы дүниемен айналысуға баулып, жағдай жасау керек. Мектепке дейін, сабақтан кейін спорт секцияларына жазған жөн. Бос уақыты болмаса, жаман әдеттерге де уақыт таппайды. Екіншіден, көп нәрсе жанында жүрген достарына да байланысты. Бос уақыты болса, әрине, ол көшеде, мектепте жиналып, әңгіме барысында бір-біріне “бір рет көрсеңші” деп ұсынып көреді. Егер жасөспірімнің өзінде зиян әдеттерге иммунитеті болса, еліктеп кетпейді. Теледидардан, ақпарат құралдарында темекінің зиянын, қандай ауруларға әкеп соғатынын және салдары туралы көбірек айтып, көрсету керек”, – дейді Құмарбек Мәкейұлы.
Наролог маман жасөспірім шылымға әуестеніп кетсе, онда ата-анасының онымен ашық сөйлесіп, шылымның зиянын түсіндіріп, баламен жұмыс істеу керек екенін айтады. Бірақ “сені қамап қоямын, апарып тастаймын” деп қорқытуға болмайды деп ескертті.
“Ауру, мүгедек болып қаласың” деп ұрысып, тыйым салғаннан көрі, сөйлесіп, баланың ойын білім, мұндай таңдау жасағанына не себеп болғанын анықтау керек”, – дейді ол.
Маман жасөспірімдерді шылымға деген тәуелдіктен арылтудың бірнеше қарапайым жолын атады. Ең алдымен, бала нарколог дәрігерге көрінуі керек дейді ол.
“Біз психоактивті, алкогольді және есірткі заттарға тәуелдіктен арылуға көмектесеміз. Егер адам зиянды әдетін өзі тастай алмай жүрсе, онымен психолог маман жұмыс істейді. Ол болмай жатса, науқаспен психотерапевт айналысады. Егер ағзаны тазарту керек болса, детоксикация жасаймыз. Бірақ тәуелдіктен арылу көп жағдайда адамның өзіне байланысты. Егер шылымды жақында шегіп бастаса одан бас тарту қиынға соқпайды. Бірақ науқас ұзақ уақыттан бері шылым шегетін болса, оған медициналық көмек көрсету керек. Темекідегі никотинді алмастыру үшін дәріханадан арнайы сағыз, таблетка сатып алуға болады. Оны темекі шекпей жүргенде тұтынады. Одан бөлек арнайы пластырь бар. Аталғандар заттардың көмегімен, темекіні қойып кетуге болады”, – деді Құмарбек Мәкейұлы.
Наркологиялық орталықтарда жасөспірімдердің дәрігерлері бар. Одан бөлек әр ауданның нарколог дәрігерлері де өздерінің жоспары бойынша зиянды заттарға тәуелдіктің алдын алу шараларын өткізеді.
“Мектепте, жоғарғы оқу орындарында ай сайын профилактика, алдын алу жұмыстарын жүргіземіз. Дөңгелек үстел, спорттық жарыстар ұйымдастырып, салауатты өмір салтын насихаттап, шылымға тәуелдік секілді зиянды әдеттермен күресеміз. Науқастарымыздың арасында темекден басқа, нашақор болып кеткендер да бар. Олар да осындай дөңгелек үстел, жиындарда зиянды әдеттердің соңы қалай ауыр салдарға ұласқанын айтып, тәжірибесін бөліседі. Ондай науқастар алғашында темекіден бастап, кейін қарасорға көшеді. Ал қарасора – есірткінің бір түрі. Одан кейін есірткінің ауыр түрлеріне ауысады. Сөйтіп біздің есепте тұрады”, – дейді нарколог.
Оның айтуынша, қазір шылымға әуестенетін жасөспірімдердің саны жыл сайын артып келеді. Қазір Алматыдағы психикалық денсаулық орталығыннда барлығы 22 жасөспірім емделіп жатыр. Олардың 5-еуі алкоголизммен, 5-еуі токсикоманиямен, 12-сі нашақорлық заттармен есепте тұрады.

"11-15 жастағылардың үлесі 2 есе артқан": Шылым шегетін жастардың санын азайту үшін мемлекет қандай шаралар қабылдап жатыр
