Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Амалдап күн көріп жүрміз": Алматыдағы Көк базар саудагерлері жалдау ақысының қымбаттауына наразылығын білдірді

Көк базарда жалға алу ақысы өспекФото: Видеодан скрин

Алматыдағы Көк базар саудагерлері жаппай жұмысқа шығудан бас тартып жатыр. Оған жалдау ақысының күрт өсуі себеп болған. Олардың айтуынша, қазір базарда сауда құлдырап кетті. Енді сатушылар банкротқа ұшырауымыз мүмкін деп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

17 шілде күні таңертең Алматыдағы көне базардың саудагерлері жұмыс орындарын тастап, жиын өткізген. Олар жиын барысында 1 тамыздан бастап дүңгіршектерді жалға алу құнының өсетінін айтып, шағым білдірген. 

“Жалға алу құнын неліктен өсірді? Не себепті? Олар біздің жағдайымызды есепке алмайды. Олар сендерді біз асырап отырмыз дейді. Бізді кім асырап отыр? Керісінше біз оларға ақша әкеліп отырмыз. Мұның қандай қиын жұмыс екенін түсінсеңіздер ғой. 3% салық төлейміз. Мұнда қоймаларды, тоңазытқыштарды, орындарды жалға алуға, сатушылардың, жүк тиеушілердің жалақысын төлеуге мәжбүрміз. Мұны оңай жұмыс деп ойлайсыздар ма?”, – дейді сатушы Лариса Ким.

Тағы бір сатушы Марина Уполходжаева жалға алған орны үшін 300 мың теңге төлеуі керек екенін айтты.

“100 мың теңге төледім. Енді орным үшін 300 мың теңге төлеуім керек. Бұл жерде клиентіміз қалмады. Клиенті бар адамдар ғана аман қалады. Бірақ олардың саны өте аз. Тіпті инфляция салдарынан клиенттеріміз де азайып жатыр. Шыны керек, амалдап күн көріп жатырмыз”, – дейді сатушы.

Кәсіпкерлер клиенттері азайып, күнделікті табысын әрең тауып жүр екен. Олар жалдау ақысы көтерілсе, кәсібіміз жабылуы мүмкін дейді.


"Өлген малдың етін де қабылдайды": Астанада ірі базар саудагерлерінің кейбірі әкелген етті еш құжатсыз қабылдап келген


"Үлкен қасіретті бастан өткердік": Базардағы өрт кезінде бар дүниесінен айырылған семейлік саудагерлер жанайқайын жеткізді


“Біз 40 мың теңге төледік. Енді орным үшін 80 мың теңге төлеймін. Бір орын – 100 теңге. Енді біз қалай өмір сүреміз? Қалай аман қаламыз? Жалдау ақысы 80 мың теңге. Шаршы метріне осындай баға. Бізге күн сайын жаңа өнімдер келеді. Мұндай ыстыққа олар шыдамайды. Өйткені салқындатқыштар жоқ. Қыста суық, жазда ыстық. Бізге "Егер ұнамаса, орыныңызды босатыңыз" деді”, – дейді сатушы Елена Ким.

Базар әкімшілігінің мәліметінше, саудагерлерге алдағы уақытта бағаның өсетіні ескертілген. Енді бұрынғыдай төлеу мүмкіндігі болмайды, жалдау ақысын көтеру мәжбүрлі шара дейді олар.

“Коммуналдық қызметтер көбейіп жатыр. Сол себепті жалдау ақысын көтеріп жатырмыз. Біз оларға ауаны баптау және техникалық қызмет көрсетуді ұсынамыз. Көк базарды тазалаудың өзі қыруар қаржыны талап етеді. Қауіпсіздік қызметі де осы ақының ішіне кіреді. Біз бар жағдаймен қамтамасыз етеміз. Мұның бәрін төлеуге тура келеді. Кез келген жайма базарға барсаңыз, ондағы жалдау ақысы 1 жарым миллион теңге”, – дейді заңгер Нұрлан Қадырбаев. 

Сатушылар мен әкімшілік арасындағы келіспеушілік бірнеше айдан бері жалғасып келеді. Бірақ олар әлі ортақ шешімге келген жоқ. Ал базар басшылығы 1 тамыздан бастап жалға алу ақысын 30% көтеруге дайын тұр. Енді кәсіпкерлерге сауда орындарын босатуға, не тауар бағасын көтеруге тура келеді.

Айта кетейік, бұған дейін Қостанайда саудагерлер жолда орналасқан базарды бұзуға қарсы шыққаны туралы жазған едік. 

STAN.KZ
Жұма, 18 Шілде, 2025 17:40
Талқылау