Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сұмдық": Перизат Қайраттың сұрақтарынан кейін жәбірленуші эмоциясын жасыра алмады

Перизат Қайрат сотта жәбірленуші эмоциясын көрсеттіФото: Сот кезі мен Перизат Қайраттың желідегі парақшасынан коллаж 

Перизат Қайратқа қатысты іс бойынша сот отырысында тосын жағдай болды. Жәбірленушілердің бірі жауап беріп жатқан кезде, айыпталушы қойған сұрақтардан соң өзін ұстай алмай, эмоциясын шығарып қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Педагог-ұйымдастырушы, Назарбаев Зияткерлік мектебінің (НЗМ) кураторы Жанерке Сатқынбекова сотта бейнебайланыс арқылы жауап берді. Ол оқу орны су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде Перизат Қайраттың қорына шамамен 2,9 миллион теңге аударғанын, ал өзі жеке 10 мың теңге қосқанын айтты.

Прокурор сұрақтарын аяқтағаннан кейін, айыпталушы Перизат Қайраттың өзі жәбірленушіге сауал қойды. 

Перизат Қайрат: – Айтыңызшы, сіз арызды қашан жаздыңыз?

Жанерке Сатқынбекова: – Нақты күнін білмеймін, көктемде болды. Маған хабарласып, шақырды, мен келіп арыз жаздым.

П.Қ:  –  Арыз жазу үшін Қаржы мониторингі агенттігінің (ҚМА) қызметкерлері сізге қандай дәлелдер ұсынды? Шынымен де ақша жымқырылғанын дәлелдейтіндей?

Ж.С: –  Мен Biz Birgemiz қорына ақша аударғанымды білемін. Дәлел сұраған жоқпын. Өзімде бар түбіртектерді тиісті органдарға тапсырдым.

П.Қ:  –  Арызды не себепті жаздыңыз?

Ж.С: –  Олар алдымен өздері шақырып, "ақшаны не үшін аудардыңыз, Перизатты танисыз ба?" деп сұрады. Содан кейін осы іске байланысты арыз жаздым.

П.Қ: –  Демек, ҚМА қызметкерлері өздері арыз жазу керек деді ме?

Ж.С: –  Жоқ, олар арыз жазыңыз деп айтқан жоқ. "Жазасыз ба?" деп сұрады. Мен "Иә, жазамын" дедім.

П.Қ: –  Сонда неге жаздыңыз? Қандай дәлелдер берілді? Ол кезде тек тергеу жүріп жатқан еді.



Ж.С: –  Мен де шындықты білгім келеді.

П.Қ: –  Шешімді тек сот қабылдайды. Ал арыз жазу үшін нақты фактілер болуы керек қой.

Ж.С: –  Бәрі жазды, мен де жаздым. Сот ақиқатты анықтап, қарапайым адамдарға – менің әріптестеріме, оқушыларыма көмектеседі деп үміттенемін. Олар жәрмеңкеге арнап үш күн дайындалып, бәліш пісірді, ақша жинады. Маған да ауыр тиді.

П.Қ: –  Біз де көп жұмыс атқардық. Су тасқыны кезінде алдыңғы шепте болдық. Сіздің ақшаңыз нақты мақсатына жұмсалды.

Ж.С: –  Егер расында солай болса, оны сот анықтайды.

Осыдан кейін судья Сабыржан Каримов жәбірленушіге басқа сұрақтар жоқ екенін айтып, жауап алуды аяқтады. Жәбірленуші  Zoom қосымшасынан шығуы керек еді. Алайда байланыс үзіліп үлгермей, ол телефонына қарап тұрып, ашумен “Сұмдық!” деп қатты айтып, эмоциясын көрсетті.

STAN.KZ
Бейсенбі, 17 Шілде, 2025 15:24
Талқылау