Алматыда шенеунік жер қатынастары саласында 750 млн теңгеден астам сомада алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталды
Фото: gov.kz
Алматы мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті басшысы қамауға алынды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ресми өкілі Данияр Бегайдаровтың мәлімдеуінше, ол жер қатынастары саласында 750 млн теңгеден астам сомаға алаяқтық жасады деген күдікке ілінген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ведомство дерегінше, шенеунік мемлекетке 1 млрд теңгеден астам сомада материалдық залал келтірген.
"Шенеунік жер учаскелеріне өтімділік беру және оны сатудан айтарлықтай қылмыстық табыс алу мақсатында Қарасай ауданының жергілікті атқарушы органдарының лауазымды адамдарының көмегімен олардың нысаналы мақсаттарын кадастрлық құн айырмасын төлемей өзгертті", – деп мәлімдеді Данияр Бегайдаров.
Сондай-ақ шенеунік ұрланған ақшаны жылжымалы және жылжымайтын мүлік сатып алу арқылы заңдастырмақ болған деген деген күдікке ілініп отыр.
Қазіргі уақытта күдікті Іле ауданы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалғаны, оған қатысты тергеу жүріп жатқаны белгілі болды.
Айта кетейік, Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті сайтындағы дерек бойынша, 2024 жылғы 1 наурызда бұл қызметке Әбенов Әнуар Асылбекұлы тағайындалған.