Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда әр жиырмасыншы адам кедейлік шегінде өмір сүріп жатыр – Сараптама

Фото: freepik.com

Қазақстанда әр жиырмасыншы адам кедейлік шегінде өмір сүріп жатыр. 2025 жылдың бірінші тоқсанында Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, ел халқының 4,5%-ы күнкөріс минимумынан төмен табысқа ие болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Бір жыл бұрын кедейлік шегінде 928 мың адам болған. Қазір бұл көрсеткіш – 924 мың. Яғни, небәрі 4 мың адам ғана күнкөріс минимумынан жоғары табыс деңгейіне шыққан.

Кедейлердің үлесі ең жоғары өңірлер: Түркістан облысы (8,1%), Абай облысы (7,3%) және Жетісу облысы (6,9%). Бұл аймақтарда халықтың 6,9%-дан 8,1%-ға дейінгі бөлігі күнкөріс минимумына жетпейді.

Кедейлік деңгейі ең төмен өңірлер: Қарағанды облысы (2,6%) және Астана қаласы (2,1%). 

Сонымен қатар 16,5 мың адам (халықтың 0,1%-ы) тұтыну себетінің құнынан да төмен табысқа ие. Бұл – кедейліктің ең шеткі түрі, яғни адамның негізгі азық-түлік пен қызмет түрлеріне де ақшасы жетпейді. Бұдан да күрделі мәселе – мұндай азаматтар саны бір жыл ішінде 1 182 адамға артқан.

Қала мен ауыл – екі түрлі Қазақстан

Аграрлы аймақтар индустриялық және урбанизацияланған өңірлермен салыстырғанда әлдеқайда қатты зардап шегіп отыр. Қалаларда күнкөріс минимумынан төмен өмір сүретіндер халықтың 3,4%-ын құраса, ауылдарда бұл көрсеткіш – 6,5%.

Ел бойынша орта есеппен қала тұрғындарының тұтынуға жұмсайтын табысы ауыл тұрғындарынан 30% жоғары. Бұл дегеніміз – инфрақұрылымға, жұмыс орындарына және инвестицияларға қолжетімділік біркелкі емес. Дегенмен қаладағы бағаның қымбаттығы да тұтыну шығындарын арттырады.

Сондықтан индустриясы дамыған, урбанизацияланған өңірлерде өмір сүру жеңілдеу. Мысалы, Қарағанды және Павлодар облыстарында адамдар тұтынуға күнкөріс минимумынан 2,6 есе көп жұмсай алады. Бұл өңірлерде өнеркәсіптік жұмыспен қамту жоғары, ауыл халқының үлесі аз.



Салыстырмалы түрде айтсақ, елорда мен Алматыда тұтынуға жұмсалатын табыс – күнкөріс минимумынан 2,4 есе жоғары. Ал Маңғыстау мен Түркістан облыстарында халықтың "тіршілікке" жұмсай алатын табысы бар-жоғы 1,5 есе ғана артық.

Көпбалалы отбасылар кедейлік шегінде өмір сүреді

Өкінішке қарай, күнкөріс минимумынан төмен табыс алатын халықтың 85%-ын 5 және одан да көп мүшесі бар отбасылар құрайды. Ал тағы 10%-ын 4 адамнан тұратын отбасылар құрайды. Бұл көпбалалы отбасыларда кедейлікке ұшырау қаупі көбірек екенін көрсетеді. Әсіресе жұмыспен қамту деңгейі төмен және әлеуметтік қызметтерге қолжетімдігі нашар өңірлерде.

Қазақстандағы кедейлік деңгейі тұрақтылықты сақтап тұр. Халықтың 4,5%-ы күнкөріс минимумынан төмен өмір сүреді. Ал тұтыну себетінен төмен табыс алатындар саны артып келеді.

Қауіп аграрлық өңірлер мен көпбалалы отбасылар арасында шоғырланған. Мұнда өнімді жұмыспен қамтудың әлсіздігі мен инфрақұрылым мен білімге қолжетімділіктің төмендігі қатар жүреді. Сондықтан кедейлікті қысқарту жалпы экономикалық өсіммен немесе әлеуметтік төлемдермен ғана мүмкін емес. Кедейлік мәселесін шешу үшін ауылдық жерлерде шикізаттық емес жұмыс орындарын ашу, өңірлік инфрақұрылымды жаңғырту, білім беру қызметтерін кеңейту керек.

STAN.KZ
Бейсенбі, 26 Маусым, 2025 11:29