Бишімбаев пен Шерзаттың өліміне байланысты сотталғандар рақымшылыққа іліге ме
Фото: Жоғары сот
Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев “экс-министр Қуандық Бишімбаев пен Шерзат Полаттың өліміне байланысты сотталғандар рақымшылыққа іліге ме?” деген сұраққа жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Шындалиевтің айтуынша, адам өліміне әкелген қылмыс бойынша сотталғандар рақымшылық ала алмайды.
"Ілікпейді. Жаңа ғана депутаттармен жол-көлік оқиғасына қатысты мәселені талқыладық. Депутаттар “абайсызда адам өлімі болған жол апатына кінәлілерге рақымшылық қолдануға бола ма” деп сұрады. Заң жобасын әзірлеушілердің ұстанымы – қандай да бір өлімге әкелген қылмыстардың бәрі рақымшылыққа жатпауға тиіс", – деді Бас прокурордың орынбасары.
Ал Шерзат Полат ісі бойынша Шындалиев бұл жерде заңды ерекшеліктерді ескеру керек екенін айтты. Алайда бұл тұста да адам өлімі болғандықтан рақымшылық қаралмауға тиіс екен.
"Рақымшылық босату түрінде де, жаза мерзімін қысқарту түрінде де болуы мүмкін. Мұның бәрін заң аясында нақтылап қарау керек. Ал кәмелетке толмаған жасөспірімге келсек, оның ісі үкімге дейін жеткізбеген деп танылған және әлі апелляцияда. Яғни үкім заңды күшіне енбеген. Сондықтан бұл мәселеге нақты бағаны кейін береміз", – деп түсіндірді ол.
Сондай-ақ, Бас прокурордың орынбасары Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот процесіне қатысты ойын айтты.
"Процесс сапалы, ашық және объективті өтті. Үкім шығарғанда барлық дәлел мен айғақтар ескерілді. Ашық сот процестерінің мақсаты – қоғамға соттың әділ әрі ашық түрде өтіп жатқанын көрсетіп, күмән қалдырмауы", – деді ол.
Сонымен қатар Шындалиев қаза тапқан Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовқа қатысты қылмыстық іс қозғау мүмкіндігі туралы да пікір білдірді.
"Қылмыстық іс қозғау үшін жеткілікті негіздер болуы керек. Шешімді қылмыстық қудалау органы қабылдайды. Мен нақты арыз берілді ме, жоқ па – ол жайлы білмеймін", – деді ол.
Еске салсақ, Конституцияның отыз жылдығына байланысты Қазақстанда түрмеде отырған қанша адамға рақымшылық жасалатыны туралы хабарлаған едік.

"Күйеуім бала көтертпеу үшін вазэктомия жасатты": Екі баласымен корей азаматына күйеуге шыққан әйелдің өмірі қалай өзгерді
