Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда криптокарталар пайда болады

Фото: pexels.com

Ұлттық банк Алматыда банктер, криптобиржалар және финтех-компаниялардың өкілдерімен кездесу өткізді. Жиын барысында елімізде криптокарта шығару туралы бастама талқыланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Криптокарта жобасын іске асыру аясында елімізде төлем карталары цифрлық активтер қызметін ұсынатын (лицензияланған криптобиржалардағы) пайдаланушы әмияндарына байланыстырылып, тұтынушыларға қолма-қол ақшасыз төлем жасауға мүмкіндік береді. Яғни, пайдаланушының криптоәмиянындағы активтері автоматты түрде сатылады. Ал оның баламасы банк картасына түсіп, төлем жүзеге асады.

"Криптокарта" механизмі төлем жасағанда клиенттің цифрлық активтері бірден АХҚО (Астана Халықаралық Қаржы Орталығының) криптонарығында сатылады. Ал олардың құны дереу "криптокартаға" (яғни, клиенттің банк шотына байланысқан төлем картасына) түседі. Яғни, төлем нақты ақша арқылы жүргізіледі. Бірақ бұл ақша криптоактивтер сатылғаннан кейін ғана қолданылады. Осылайша, төлем лицензияланған крипто-провайдердің криптоәмиянындағы қаражат тез арада нақты ақшаға ауыстырылып, клиенттің картасына жіберіледі. Бұл есеп айырысу жылдамдығы банк пен АХҚО крипто-провайдері арасындағы арнайы интеграцияның арқасында қамтамасыз етіледі”, – деп түсіндірді Ұлттық банк.



Биыл нарық қатысушыларының және Ұлттық банктің үйлестіруімен цифрлық активтер саласында бірқатар пилоттық жобаларды іске асыру жоспарланған. Олардың қатарында:

  1. цифрлық активтер бойынша есеп айырысу операциялары үшін ұлттық валютамен (оның ішінде цифрлық теңгемен) қамтамасыз етілген стейблкоиндарды шығару;
  2. қаржы активтерін, жылжымайтын мүлікті токенизациялау және бағалы қағаздарға теңестірілген токендерді шығару;
  3. цифрлық қаржылық активтер бойынша базалық қамтамасыз етуді есепке алу және сақтау жүйелерін ұйымдастыру;
  4. криптоактивтермен айырбастау операцияларын және оларды сақтауды қамтамасыз ететін сервистерді құру;
  5. басқа да инновациялық қаржылық сервистерді дамыту.

Мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Ұлттық банк қамтамасыз етілмеген цифрлық активтердің айналымын кеңейтуге және цифрлық қаржылық (қамтамасыз етілген) активтер үшін реттеуші база қалыптастыруға мүмкіндік беретін заңнамалық түзетулер жобасын әзірледі.

STAN.KZ
Сейсенбі, 03 Маусым, 2025 17:44
Талқылау