Нигериядан келген ағылшын тілі мұғалімі Алматыда көшеде қалды: Оның төлқұжаты салынған сөмкесін ұрлап кеткен
Фото: Желі кадрларынан скрин
Желіде Алматыға 9 жыл бұрын келіп, ағылшын тілінен сабақ беріп жүрген нигериялық азаматтың оқиғасы тарады. Соңғы жылдары оның сөмкесін құжаттарын ұрлап кеткендіктен ол жұмыссыз, үй-күйсіз қалған. Ресейлік блогер оған көмектесіп, азық-түлік, киім мен тұратын жерге көмектескенімен, кейін оның хабар-ошарсыз жоғалып кеткенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ресейлік экоблогер Алексей Сибирский өзінің Alexey4planet Instagram парақшасында Алматыда жүрген кезінде кафелердің маңында жүрген нигериялық азаматпен танысқанын мәлімдеді.
Белгілі болғандай, Муса (Мозес) есімді Тойо Алматыға 9 жыл бұрын келген. Бұған дейін ол қаладағы оқу орталықтарында ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген. Алайда кейіннен оның төлқұжатын ұрлап кеткен, сол себепті ол құжатсыз қалып, көшеде өмір сүре бастаған. Ол блогерден аш екенін жасырмады.
"Қазір жұмыс жоқ, үй де жоқ. Көшеде жүргенде сөмкемді ұрлап кетті, ішінде төлқұжатым болды. Осымен төрт сөмкемді ұрлап кетті. Қазақстанда Нигерияның консулдығы жоқ, тек Мәскеуде ғана бар.", – деп бөлісті ол блогерге.
Блогер Мозеске тамақ әперді. Одан бөлек пәтер мен азық-түлік, киім-кешек, тіпті отбасымен сөйлессін деп қымбат смартфон да алып берді. Алайда бірнеше уақыттан кейін Ресейге қайтқан блогер желіде Мозеспен байланысқа шыға алмай жүргенін жазып, оның жағдайына алаңдаушылық білдірді.
"Бұл оқиға жақсы аяқталуы керек еді. Ол маған күн сайын дерлік жазып жүрді. Бәрі жақсы екенін айтып жүрді. Бірақ бірнеше күннен бері кенет байланысқа шықпай кетті. Егер әдейі жоғалғысы келсе, қонақ үйдегі заттарын алып кетер еді. Бірақ ол сол жерге бірнеше күннен бері мүлдем келмеген. Меніңше, оны полиция ұстаған немесе бірдеңе болып қалды. Егер оны Алматыда көрсеңіз, маған хабарласыңыз", — деп жазды Алексей Сибирский.
Әлеуметтік желі қолданушылары да Мозес Тойо үшін алаңдаушылық білдірді. Желіде оның студенттері де Мозесті таныды.
Оқиғадан соң Алматы қалалық полиция департаменті қазір Мозес Тойо көші-қон полициясында екенін хабарлады.
"Миграциялық бақылау бойынша жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері жеке басын куәландыратын және Қазақстан аумағында заңды тұруын растайтын құжаттары жоқ шетелдік азаматты ұстады. Белгіленген тәртіпке сәйкес, ер адам тұлғасын анықтап, құқықтық мәртебесін тексеру үшін полиция департаментінің қабылдау-тарату орнына жеткізілді", – деді Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полиция ұсталған адамның Мозес Тойо екенін растап, қазір оның жағдайы жақсы екенін мәлімдеді.

"1 миллион 100 мың теңгеге дейін": Құрбандық шалуға арналған мал бағасы қанша?
