Қажеттінің бәрін істедік – Сыртқы істер министрлігі өкілі Қытайда қамауда отырған Ақжарқын Тұрлыбай туралы
Фото: Адвокат Сұңқар Нұрмағанбетовтің Facebook парақшасынан
Бүгін брифингте сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Қытайда есірткі контрабандасы үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған қазақстандық Ақжарқын Тұрлыбайдың ісімен қазір бас прокуратура айналысып жатқанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Журналистер Айбек Смадияровтан "Ақжарқын Тұрлыбайды елге қайтару үшін сыртқы істер министрлігі қандай да бір жұмыс жүргізіп жатыр ма?" деп сұрады.
"Бас прокуратура айналысып жатыр. Біз қажеттің бәрін істеп қойдық. Ары қарай ақпарат алмасу бас прокуратура желісі арқылы жүреді", – деп жауап берді ол.
БАҚ өкілдерінің "Елшілік өкілдері Ақжарқынмен кездескені рас па?" деген сұрағына Смадияров бұл консулдың міндеті екенін айтып жауап берді.
"Иә, шетелде түрмеде отырған азаматтарымызбен кездесу – консулымыздың жыл сайынғы міндеті. Сондықтан мұндай жұмыс жүргізіліп жатыр", – деді Айбек Смадияров.
Еске салайық, 2015 жылдың маусым айында Гуандун соты Ақжарқын Тұрлыбайды есірткі контрабандасы үшін айыптап, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесті. 2021 жылы Қытай тарабы Қазақстан азаматы Ақжарқын Тұрлыбайды Қазақстан Республикасына экстрадициялаудан бас тартты.

Биыл қай салаға қанша грант бөлінді: Қазақстанда сұранысқа ие мамандықтар аталды
