"Қалың малға берген": Қазақтар тазыны неліктен қазынаға балаған?
Қазақ халқы Тазыны неліктен жеті қазынасының қатарына кіргізген? Бұл иттің қандай қасиеттері бар? Stan.kz тілшісі таза қанды тазы иесімен сұхбаттасып, осы сұрақтардың жауабын білді, сіздерге де бөлісе отырайық.
Алматыда этноорталық ашып, қазақтың рухани құндылықтарын насихаттап жүрген ерекше бір бойжеткен бар. Ол — Меруерт Есенова. Бұрын жекпе-жек спортымен айналысқан Меруерт бүгінде бар уақытын қазақ мәдениетін қайта жандандыруға арнаған. Ол өз орталығында атқа міну, садақ ату, ұлттық киіммен фотосессиялар секілді көптеген этношара өткізеді. Бірақ оның жүрегінің түкпірінде жатқан нағыз махаббаты — тазыға деген сүйіспеншілігі.
Меруерттің Ақсауыт атты тазысы бар. Ақсауыттың жүні мамықтай аппақ әрі жұп-жұмсақ, ал мінезі салмақты. Меруерттің айтуынша, оған Ақсауытты Семейде тазы асыраумен айналысатын бір кісі күшік кезінде сыйлаған.
“Бұрын ат спортымен айналыстым, сәйгүлігім болды. Сол кезде тазыбек ағаларым маған төрт айлық Ақсауытты сыйға тартты. Оның атасы Астанадан, ал енесі Семейде болды. Ақсауыт күшік кезінен өте сұлу, оны көргеннің барлығы қызығатын. Тіпті, бүгінге дейін ол тазылар арасында өтетін республикалық, халықаралық жарыстарға қатысып, “ең әдемі тазы ит” деген марапаттарға да ие болып үлгерді. Ақсауытты асырағаныма үш жыл болды”, – дейді Меруерт.
Ақсауыт – таза қанды тазы. Оның халықаралық куәлігі бар, мұндай құжат әлем бойынша тек 50 шақты тазыға берілген. Ал ол куәлікке ие болу оңай емес. Сертификат берілмей тұрып Ақсауыттың тегі, жүрегі, омыртқасы, бүкіл сүйектері, мінез-құлқы барлығы жіті тексерілген.
Меруерттің айтуына қарағанда, тазы иттер өте еркін келеді. Олар өкпесін көтеріп, төрт аяғын керіп қойып жүгіргенді ұнатады. Тау-тасты да талғамайды. Қорықпай биікке де шығады, төменге де емін-еркін түседі. Тазы иттердің денесінде артық май жоқ, дене бітімі өте әдемі. Сондай-ақ олар өте шапшаң, сағатына 60-70 шақырым жүгіре алады. Ежелден қазақтар аңға шыққанда да серігі етіп тазыны ертіп жүрген.
"Қазақ халқы тазы иттерді ерекше бағалаған. Себебі ашаршылық кезінде бір қазақ ауылын бір тазы асырайтын болған. Тазы аңға шықса, кішкентай қоянды да, үлкен киікті де ұстап алуға шамасы жетеді. Тазылар тез жүгіріп қана қоймай, тез иіледі, басқа тазылармен бірігіп, топ болып аңға шаба алады. Иесінің үйін, малын күзетеді. Тазы иттің мысын басқа иттер де сезеді, сескенеді. Тіпті, тазы иттер қасқырдың өзіне қарсы шыға алады. Кезінде қазақтар бұл итті құнды санағаны соншалық, бір қалың мал ретінде де берген деседі. Сол үшін де тазы – қазақтың жеті қазынасының бірі", – дейді ол.
Тазы аңшылыққа шығатын ит саналса да, адамға шаппайды, иесіне адал болады. Мәселен, Ақсауыт Меруерттің жанынан екі елі ажырамайды. Оның айтқан әрбір сөзін тыңдайды. Меруерттің көңіл-күйін де түсініп отырады. Оны қорғауға тырысады. Тазы иттің иесіне махаббаты ерекше екені бірден байқалады. Меруерттің сөзінше, тек Ақсауыт емес, басқа да құмай тазылар осындай қасиетке ие. Арудың айтуынша, қазіргі заманда да тазы асырау аса қиын емес. Себебі тазы тұқымдастар өте момын, байсалды, таза келеді.
“Тазылар жатқан жеріне дәретін сындырмай, таза ұстайды. Мысықтар сияқты үстін жалап, тап-таза етеді. Өз басым, үйдегі жуынатын бөлмеде шомылдыра беремін. Жазда аптасына бір-екі рет жуындырамын. Ал қыста сирек, себебі тез жаурап қалады. Тазы иттер тез жүгіреді, содан денесінде ет пен сіңір ғана қалады, артық май болмаған соң, тоңғақ келеді. Сондықтан қыста жылы жерде баққан жөн. Тіпті, кезінде қазақтар тазы итті киіз үйдің ішінде асыраған деседі. Тазылар тамақты да талғамайды. Қатқан нанды да, етті де, шөпті де, құймақты да жей береді. Өз басым үш уақыт тамағын беремін. Ақсауытым сүйек мүжігенді ерекше жақсы көреді. Сондықтан жүрген жерімде оған сүйек әкеліп беруге тырысамын”, – деп күлді Меруерт.
Жақында Ақсауыт күшіктепті, Меруерт Қызыл кітапқа енген, сирек кездесетін тазы иттерді көбейтсем дейді.
“Тазы - ерекше тұқым. Мәселен, былтыр Женевада түрлі тұқымға жататын иттердің арасында жарыс өтті. Сол жарысқа алғаш рет қатысқан қазақтың құмай тазысы сырт бейнесімен, мінезімен, өзін-өзі ұстауымен көзге түсіп, жүлделі бірінші орынды алды. Мұндай тұқымға жататын төрт аяқтыларды көбейткен дұрыс. Сол себепті биыл Қарағандыға арнайы барып, Ақсауытты өзі сияқты мінезі де, дене бітімі де сұлу, текті арланға қостық. Алты күшік туды. Күшіктер де құжаттандырылған таза текті тазы иттер саналады. Осылай, Қазақстанда тазы асырайтындар көп болса, “Тазы – қазақтың иті” деп ресми түрде патентке ие боламыз деген үміттемін”, – дейді Меруерт.
Құрметті оқырман, бұл қызық материалымыздың жалғасы бар. Себебі осындай қасиетті жануар еліміздің қаржы нарығында 27 жылдан аса уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан KMF компаниясының символына айналыпты. Компания неліктен тазыны таңдады? Бұл сұрақтың жауабын көп ұзамай білеміз.

"Директор – мектептің жаны": Алматыдағы мектептердің бірінде ата-аналар директордың қызметтен кетуіне қарсылық білдірді
