Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында жасөспірімдер неге зорлықпен қаза табуда: Жаға ұстатқан оқиғалар хроникасы

Фото: Коллаж Stan.kz

Кейінгі жылдары Алматы облысында жастардың ауыр жағдайдағы өлім фактілері көбейген. Бірін топтық төбелесте атып кетсе, енді бірі соққыдан ішкі ағзалары жыртылып көз жұмған. Жасөспірімдердің жақындарының айтуынша, көп жағдайда төбелес пен жанжалдың себебі әлімжеттік, жастар арасындағы жүйе мен ақша бопсалау болып отыр. Stan.kz тілшісі осы уақыт ішіндегі облыста болған жасөспірімдер арасындағы жаға ұстатарлық оқиғаларға шолу жасады.

“80 адам жиналған төбелесте 17 жасар жасөспірімді атып кетті”

Фото: Астана арнасының сюжет кадрларынан скрин

2023 жылы Алматы облысының Бәйдібек би ауылында 17 жастағы жасөспірімді бір топ адам келіп атып кеткен еді. Ауылда жастар арасындағы жаппай төбелестің салдарынан Марлен Айдарбекұлы көз жұмды. Жанжалдың нақты себебі белгісіз.

Алматыдағы колледжде аспаз мамандығына оқитын Марлен сол кезде жазғы демалысқа ата-анасына көмектесу үшін ауылға келген. Марқұмның әкесінің айтуынша, түн ортасында жиналған топ ұлын көшеге шақырған. 80-ге жуық адамның қолдарында екі мылтық болған.

Оқ жарақатын алған 17 жастағы Марлен қансырап қашып, сол маңдағы үйдің алдына келген. Есігі құлыптаулы болған соң, ауласына секіріп өтіп, айғайлап көмек сұраған. 

“Мына жерде "Тәте, демала алмай жатырмын, жедел жәрдем шақырыңызшы" деп айқайлап жатыр екен. Содан мен жедел жәрдем шақырдым. Сол кезде көшенің басына шыққанда қасымнан 30 баладай өтті. Бетінде маска, басында бас киім, қолында қаруы, таяғы бар. Біреуі "Біз осы жерді ұстаймыз, билейміз, осы жерді басқарамыз” деп айқайлап кетіп бара жатты”, – деді ауыл тұрғыны.

Алайда жедел жәрдем жеткенше жасөспірім жан тапсырған. Марқұмның ата-анасы ұлдарының ешкімге кесірі тимегенін, ақкөңіл, жайдары мінезді болғанын айтады. Олар сол кезде істің әділ тергеуін сұрады. Себебі 80 адам жиналған төбелесте тек 1 адам 99-баптың 9-тармағының 2-бөлігі (Адам өлтіру) бойынша күдікті деп танылған. Оқиға болған кезде 29 адам ұсталып, 9 адам уақытша ұстау изоляторына қамалса да, оларға 293-бап (Бұзақылық) бойынша іс тіркелген.

“Біреуі белгісіз жағдайда көз жұмып, біреуі сарайда асылып қалған: Жасөспірімдердің өліміне жоғары сынып оқушысы күдікті”

Фото: КТК арнасының сюжет кадрларынан скрин

Дәл осы жылдың сәуір айында Алматыдан 300 шақырым жерде орналасқан Саты ауылында да оқушылар арасында жантүршігерлік оқиға болды. Ауылда бір уақытта қатарлас сыныпта оқитын Мирас пен Дастан Нұрлыбай есімді оқушылар көз жұмды. 

Алдымен Мирас ес-түссіз арықтан табылды. Достары оған алғашқы көмек көрсетіп жедел жәрдем шақырған. Дегенмен жасөспірім ауруханада көз жұмды. 10-сынып оқушысының өліміне жоғары сыныптағы оқушы күдікті болды.

Мирастың туыстарының айтуынша, сол күні ол кешкі астан кейін үйінен тыныш кетіп қалған. Ал достары 17 жастағы 11-сынып оқушысы 9,10-сынып оқушыларына арық жақта жиналыс жасағанын жеткізді. Айтуларынша, ол ауылда барлық оқушыны қорқытып ұстаған. Сол кезде 17 жастағы жігіт насыбаймен мұғалімдерге ұсталып қалғаны үшін, өзін кімнің сатып кеткенін анықтамақ болған. Балаларды бір қатарға тұрғызып ұра бастаған. Кезек Мирасқа жетіп кеуде аймағына соққы жасаған кезде ол құлап қалған.

Мирас көз жұмғаннан кейін екі күн өткен соң, тағы бір қайғылы оқиға ауыл тұрғындарын дүр сілкіндірді. Оның сыныптасы Дастан Нұрлыбай өз-өзіне қол жұмсап, сарайда асылып қалған. Артынан “досымның жанына кеттім” деген жазба қалдырған. Дастанның ағасы оның өліміне ауылдағы жоғары сынып оқушысының қатысы бар екенін айтты. 

Ал мектеп директоры болса, оқушылар арасында бұрын мұндай әлімжеттік фактілерін байқамағанын айтты. 

Жасөспірімдердің өлімінен соң полиция екі бап бойынша "денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" мен "өзін-өзі өлтіруге жеткізу" бабымен тергеу жүргізді. Полиция 17 жастағы күдіктіні анықтап, ұстады. 

2023 жылы 24 тамызда Алматы облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен Б-ға қатысты қылмыстық кодекстің 106-бабының 3-бөлігімен (адамға материалдық жағынан немесе өзгеше түрде тәуелді адамға қатысты, сол сияқты адамды ұрлаумен не кепiлге алумен ұштасқан) кінәлі деп танылып, оған осы бап бойынша 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасымен үкім өзгеріссіз қалдырылып, үкім заңды күшіне 7 қараша 2023 жылы енген.

"Біреудің несиесін жауып, біреудің көлігін жөндеген": 9-сынып оқушысының өлімі

Фото: КТК арнасының сюжет кадрларынан

2023 жылы Алматы облысында 9-сынып оқушысы ауруханада қаза тапты. 14 жастағы Айболат Мұратхан сенбі күні үйіне 23:00 шамасында көгерген жарақатпен келіп, ішінің ауырып тұрғанын айтып шағымданған. Құсып ауырғасын анасы жедел жәрдем шақырып, ауруханаға жеткізген. Онда дәрігерлер: "балаңыздың ішкі органдары жыртылған. Әдетте мұндай жағдай тек қатты соққыдан кейін болады” деп айтқан. 

Дәрігерлер шұғыл операция жасағанымен келесі күні оқушы көз жұмды. Ауруханада болған кезінде ол әпкесіне өзін ұрып-соққаны туралы айтқан. Бұдан соң, Айболаттың ағасы оның телефонынан достарымен сөйлескен хабарламаларын тапқан. Онда жоғары сынып оқушылары мен студент жігіттердің ақша бопсалағаны белгілі болды. Айболаттың ата-анасы да оның соңғы кезде қалта шығындарына үлкен сомада ақша сұрағанын алға тартты. 

“Олардың ақша жинағаны анық. Тіпті кімнің, не үшін жинағаны туралы да жазылған. Біреудің Kaspi Red-ін жауып, біреудің көлігін жөндеп, енді біреуге кальян әкеліп берген. Сондай-ақ Айболаттың достарының "сенбіде жиналайық, әйтпесе бәрібір ұсталамыз" деген аудиожазбалары да болды”, – деді туысы Талғат Нұрман.

Полиция "денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бабы бойынша істі тергеді. Алайда оқушының денесінен зорлық-зомбылық белгілері табылған жоқ. Бұл жағдайда да марқұмның ата-анасы істі әділ тергеуді сұраған еді.

Елдің жағасын ұстатқан Талғардағы жағдай: 16 жастағы Шерзат Полаттың өлімі

Фото: Желі кадрларынан

2024 жылы 4 қазанға таяған түні болған Талғардағы төбелес елде үлкен резонансқа ұшыраған еді. Бір топ адам қатысқан оқиғада 16 жастағы Шерзат Полат пышақ жарақатынан көз жұмды. 

Жанжал жігіттің отбасы жалға алатын дүкенде басталған. Сол күні мұнда Дархан Әскентай есімді азамат масаң күйде сыра алуға келген. Кейін келіспеушіліктер болып, Шерзат оны әкесіне қарсы шығып жатыр екен деп ойлап ұрып жіберген. Осыдан соң, Әскентай достарын шақырып, дүкенге екі көлікпен бірнеше адам келеді. Оқиға шиеленісе түскесін Қаржаубай інісі Нұрғанат Ғайыпбаевты дүкенге шақырады. Бұл жағдайды естіген Шерзаттың анасы мен әжесі де шошынып дүкен жаққа қарай шыққан. Алайда олар келгенде Шерзат жерде құлап жатқанын көреді.

Қазақстандықтардың жағасын ұстатқан оқиғада төбелес кезінде мылтық атылып, Шерзат пен оның ағасы Нұрғанатқа пышақ жарақаты салынды. Шерзат оқиға орнында көз жұмды. Ең резонансқа түсіп, көпшіліктің наразылығын тудырған жағдай жасөспірім қансырап анасының қолында жатқанына қарамастан, төбелес ұйымдастырған азаматтар жабылып ұрып, жүрегіне пышақ сұғып алған. Одан бөлек, Шерзаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев та пышақ жарақатымен ауруханаға түсті. 

Бұл оқиғадан соң, “Хутор” бандалық тобы туралы қауесет тарап, Талғар қаласының әкімі, Алматы облысы полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының бастығы және бірнеше шенеунік орнын босатты.

Кейін белгісіз біреулер марқұм Шерзаттың үйін өртеп кетті. Алайда бұл істе күдіктілер әлі күнге дейін табылмады. Ал ауруханадан аман-есен шыққан Шерзаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаев кейін өзіне қол салды. Полицейлер оның өлімі суицидпен байланысты екенін жеткізді. 

Бүгінде Шерзат Полатты өлтіргендерге қатысты сот үкімі шықты. Басты айыпталушы Абзал Шынасыл 23 жылға бас бостандығынан айыру жазасына тартылды. 

“Шампур тығып алған”: Қаскелеңдегі мектеп бітіру кешіндегі 11-сынып оқушысының өлімі

Фото: Видео кадрларынан скрин

Күні кеше Қаскелеңдегі 11-сынып оқушысының өлімі де елді шулатты. Әліби есімді жасөспірімнің сыныбы жалдамалы коттеджде мектеп бітіргендерін тойлаған. Қайғылы оқиға Долан ауылында болды. Марқұмның туыстарының айтуынша, түлектер саяжай ауласында кәуәп жасап, ішімдік ішкен. Кенет жігіттер арасында жанжал басталған.

Әліби сол кезде мас болмаған. Ол қызды қорғап, ашулы сыныптасын тыныштандыруға тырысыпты. Алайда масаң күйде болған досы ашумен Әлібидің жүрек тұсына шампур тығып алған. Дәрігерлер келгенше бала мерт болған.

Оған дейін анасы Әлібиге хабарласқанында бөлмеде тамағым ауырып жатыр деген. Алайда көп ұзамай оның денесі мәйітханада екені туралы хабар келген.

Марқұмның әжесінің айтуынша, ол әскери адам болуды жоспарлап жүрген.

Оқиғадан соң, полиция коттеджді жауып тастады. Үйді 11-сынып түлектері жалға алған. Оның кімге тиесілі екені белгісіз. Марқұм жігітті туған-туыстары мен көршілері мейірімді, мақсаты бар бала болды дейді.

Оқиғадан соң адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Егер жасөспірім кінәлі деп танылса, ол 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

“Көлікті рұқсатсыз алған”: Үш мектеп оқушысы қаза тапты

Фото: tengrinews.kz

27 мамыр күні Алматы облысының Іле ауданында көлік апаты болып, салдарынан үш мектеп оқушысы қаза тапты. Алдын ала мәлімет бойынша, мектеп оқушыларының бірі ата-анасының көлігін рұқсатсыз алып, үш досымен бірге серуенге шыққан. Алматы облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, жол апаты таңғы сағат 04:20 шамасында Төңкеріс – Байсерке – Қараой тасжолында болған.

Mitsubishi Galant маркалы автокөлікті кәмелетке толмаған жасөспірім басқарған. Ол рөлге ие бола алмай, ағашқа соғылған.

"Жол-көлік оқиғасы салдарынан оқиға орнында жүргізуші мен жолаушылардың бірі көз жұмды. Тағы екі адам медициналық мекемеге жеткізілген. Алайда олардың бірі ауруханада көз жұмды", – деп хабарлады полиция өкілдері.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.

“Ұзынағашта жасөспірім қатарласын пышақтады”

Алматы облысы Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылында жасөспірім кәмелетке толмаған ауыл тұрғынына бірнеше рет пышақ салды деген күдікке ілінді. Ол оқиғадан соң қылмыс орнынан қашып кеткен. Полиция департаменті қазір күдіктінің орналасқан жерін анықтау бойынша іздестіру шаралары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Алдын ала ақпарат бойынша, күдікті бұрын сотталған.

Бұл фактілерге қарап, Алматы облысында жасөспірімдер арасындағы төбелес пен оқыс жағдайлардан жыл сайын мектеп оқушыларының өлімі фактісі болып отырғанын аңғара аламыз. Айта кетсек, бұған дейін Талғардағы бірқатар мектептер мен колледждерде құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жаңа пән енгізілетіні туралы айтылған еді.

“Дене шынықтыру, алгебра пәнінің мұғалімдері тиіседі”: Оқушылар арасындағы анонимді сауалнама

Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева Алматы облысындағы аудандық мектептерде сәуір айында мемлекеттік органдар, Балалардың құқықтарын қорғау комитеті анонимді сауалнама жүргізіп, оқушылардың анкеталарын зерделегенін айтты. 

"Нәтижелері шошытты. Қарасай, Балқаш, Талғар, Іле және Еңбекшіқазақ аудандарындағы мектептерде балалар арасында бір-бірінің тамағын тартып алу, ақша бопсалау, буллинг, зорлық-зомбылық болады екен. Оның ішінде мұғалімдер тарапынан көрсетілген қысым: дене шынықтыру, алгебра пәні мұғалімдері тарапынан болған тиісулер туралы жазылған. Еңбекшіқазақ ауданында екі бала мұғалімдердің күш қолдануынан кейін ауруханаға түскен. Ал Жамбыл ауданының мектебінде балалар жантүршігерлік жағдайды сипаттады. Айтуларынша, кіші сынып оқушылары үлкендерді көргенде бірден қалталарына қол салып, ақша беруге дайын тұрады. Әйтпесе күш көрсетіледі екен. Сонымен қатар 5-сынып оқушыларының топ болып таяқ жеуі, насыбай қолдану фактілері де айтылған. Балалар кейде насыбай шегіп, еденде құлап жататынын да жазған", – деп мәлімдеді Закиева Facebook парақшасында.

Сонымен қатар оқушылар әлеуметтік желіде, Instagram-дағы анонимді парақшада кибербуллингке ұшыраған. Мұны мұғалімдерге айтқандарымен, ешқандай көмек болмаған. Сондай-ақ олар күзде кем дегенде 50 адам қатысқан жаппай төбелес болғанын да атап өткен.

"Мектептерде құқық бұзушылықтарды жасыру, оқушылармен профилактикалық және жеке жұмыстың жүргізілмеуі анық байқалады. Мектеп басшылығы оқушылар арасындағы жағдайдан бейхабар немесе оны елемейді, жасырып, полицияға хабарламайды. Сонымен қатар мектептердің өз сауалнамаларында буллинг, бопсалау және өзге де заңсыз әрекеттерге оң жауаптар болса да, қорытынды есептерінде бұл көрсеткіштер 0% деп көрсетілген", – деп қосты Закиева.

Оның айтуынша, өңірде бала тәрбиесі мен балаларды қорғауға арналған заң талаптары төмен деңгейде іске асырылып жатыр.

Ал Алматы облысының балалар құқықтары жөніндегі уәкілі Айгүл Есімбекованың айтуынша, бүгінде өңірде жасөспірімдер арасындағы өлім фактілері азайған. 

“Көбіне жасөспірімдердің мұндай жағдайларға тап болуына ата-анасының қадағаламауы себеп. Қазір жасөспірімдер арасындағы өлім-жітім азайып келеді. Мектептердегі әлімжеттік бізде жоқ. Әр мектепте QR-код пен сенім телефоны бар. Егер оқушылар үлкендер тарапынан буллингке ұшыраса, осы сенім телефондары арқылы хабарлай алады. Содан кейін арнайы комиссия барып, жағдайды тексереді. Егер факт расталса, оларға психологиялық және басқа да қажет көмек көрсетіледі. Сондықтан қазір біздің облыста балалардың қауіпсіздігі жақсы жолға қойылған. Әрине, кейбір жекелеген оқиғалар қоғамда резонанс тудырып жатқан да жайттар болды. Дегенмен олар көбіне ата-ананың кінәсінен болып отыр”, – деді ол.

Омбудсменнің айтуынша, балалар арасындағы агрессияның алдын алу үшін ата-аналармен жұмысты күшейту керек.

“Балалар қазір неге агррессияға толы мінез көрсетеді? Себебі олардың ата-анасымен байланысы дұрыс емес. Бізде балаларын өзі тәрбиелеп отырған жалғызбасты аналар көп. Жағдайы төмен және ажырасқан отбасылар саны да аз емес. Сол себепті отбасы, ортасындағы қиындықтар барлығы баланың психологиясына әсер етеді. Салдарынан ол агрессияны бойына жинауы мүмкін. Егер баланың отбасымен байланысы жақсы болса, ол буллингке де, жаман әдеттерге де тап болмайды. Себебі ата-анасы жанында екенін сезініп, оларға ашық айта алады. Агрессия көрсететін оқушыларға да назар салу керек. Олар көбіне отбасындағы жағдайға байланысты осындай халге жеткен болуы мүмкін. Сондықтан жәбірленуші тарапқа ғана емес, екі жаққа да мамандармен жұмыс өткізу керек”, – деп қосты Айгүл Есімбекова.

Еске сала кетсек, 2023 жылдан бастап Алматы облысының Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы қызметін Мәди Ахметов басқарып отыр. Мәди Ахметов 2019 жылы Нұрсұлтан Назарбаевқа Алматы қаласында ескерткіш орнату туралы ұсынысымен қоғамда кеңінен танымал болды. Бұл бастама әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, сынға ұшырады. Ал 2021 жылы мәжілістің VII шақырылымының депутаты болып, тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең жас депутат ретінде тіркелген.

STAN.KZ
Сейсенбі, 10 Маусым, 2025 12:42
Талқылау