Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Анасын әкесінің соққысынан қорғаған: Желіде тараған видеоға қатысты полиция түсініктеме берді


Видеодан скрин

Желіде кішкентай баланың анасын әкесінің соққысынан қорғамақ болған видеосы тараған еді. Полиция департаменті видеоға қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Видеода оқиғаның 2025 жылы Алматы облысы Қарасай ауданында болған. Ер адам балалардың көзінше әйелін ұрған. Көршісінің айтуынша, бұл отбасында тоғыз бала бар. Ал видеода 10 жастағы ұлы әкесіне "анамызды ұрмаңыз" деп жалынғаны көрінеді.

Оқиғаға қатысты облыстық полиция департаменті түсініктеме берді.

"Әлеуметтік желіде отбасы ішіндегі зорлық-зомбылыққа қатысты жарияланған ақпаратқа байланысты төмендегіні хабарлаймыз. Полиция қызметкерлері аталған оқиға бойынша тексеру жүргізді. Бұл оқиғаның расында болғаны анықталды, алайда оқиға 2019 жылы болған. Заңға сәйкес, сол кезде тиісті процессуалдық шешім қабылданған. Қазіргі таңда қосымша тергеуді талап ететін жаңа мән-жайлар анықталған жоқ", – делінген Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Полиция департаменті халықты ақпаратты таратуда жауапкершілікпен қарауға шақырды.

"Нақтыланбаған немесе контекстен жұлынып алынған ақпаратты жариялау халықты адастырып, негізсіз алаңдаушылық туындатуы мүмкін", – деп атап өтті полиция өкілдері.

STAN.KZ
Сәрсенбі, 21 Мамыр, 2025 20:38
Талқылау