Бюджет тапшылығына қарамастан Астанада Comic Con фестиваліне 400 миллион теңге бөлінген
Фото: Comic Con Astana
"Astana Tourism" туризмді дамыту орталығы Comic Con Astana-2025 ауқымды фестивалін өткізуге 399,8 миллион теңге бюджет қаражатын бөлді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Bes.media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Техникалық сипаттамаға сәйкес, мердігер келесі міндеттерді орындауы тиіс:
- 10-нан кем емес шетелдік қонақты – оның ішінде актерлерді, блогерлерді және индустрия өкілдерін – шақырып, олар үшін автограф-сессиялар, сахналық кездесулер мен фотосессиялар ұйымдастыруы қажет. Айта кету керек, фестивальдің ресми сайтында шараға "Сақиналар әміршісі" фильміндегі Голлум рөлін сомдаған актер Энди Серкис, блогер Qewbite, Metal Family анимациялық сериалының авторлары мен AniLibria дубляж актерлерінің қатысады.
- Жалпы жүлде қоры кемінде 15 миллион теңгені құрайтын кәсіби косплей байқауын ұйымдастырып, бес адамнан тұратын қазылар алқасын құруы керек;
- 15 миллионнан астам көрсетілім мен 2 миллионнан аса қолданушыны қамтитын таргеттелген жарнаманы қамтамасыз етуі тиіс;
- 200-ден астам бұқаралық ақпарат құралында жарияланым, 30-дан астам ақпараттық серіктестік, 50 бейнеролик және 2000 фотоматериал дайындауы қажет;
- Бас және қосымша сахналарды, LED-экрандарды, дыбыс пен жарық жабдықтарын орнатып, олардың жұмысын қамтамасыз етуі тиіс;
- 300 волонтерді, 60 күзетшіні, 10 менеджерді, 2 медициналық бригаданы ұйымдастырып, олардың үйлесімді жұмысын қамтамасыз етуі керек;
- Visit Astana брендінің имидждік өнімдерін (футболкалар, сөмкелер, бейдждер, телефон қаптары және т.б.) дайындап, таратуы қажет.
Бұған қоса, мердігер қатысушылардың көрсетілімдері үшін жарық, дыбыс және видеомен қамтамасыз ету жұмыстарын, ақпараттық стендтерді орнату, жарықтандыру, дыбыс, LED-дисплейлер, барлық құрылымдарды құрастыру және бөлшектеу жұмыстарын — ұйымдастыруға міндетті.
Сонымен қатар, мердігер 300 волонтерді жұмылдырып, оларды тамақпен қамтамасыз етуі қажет. Фестиваль аясында 60 күзетші, 10 менеджер, 2 жедел жәрдем тобы, 5 фотограф, 10 бейнеоператор мен мобилограф және басқа да мамандардың болуы міндетті.
Биыл Астанада бюджет тапшылығына қарамастан халықаралық форум өткізілмек
Мемлекеттік сатып алу порталындағы мәліметке сәйкес, конкурсты 2014 жылы тіркелген алматылық "United Kingdom" ЖШС жеңіп алған. Kompra.kz деректеріне сүйенсек, компанияның негізін қалаушысы және бас директоры — Наталья Абрашкина. Бұдан бөлек, ол "Media Project” ЖШС иесі.
"United Kingdom" компаниясы мемлекеттік сатып алуларда аса белсенді емес және Kompra деректеріне сүйенсек, оның тек бір мемлекеттік келісімшарты тіркелген. Дәл осы фестивальді өткізу үшін 2024 жылы "Астананы дамыту орталығы" ЖШС арқылы келісімшарт жасалған еді. Ол кезде фестиваль бюджеті биылғыдан едәуір қымбатқа – 714,2 миллион теңгеге түскен.
Фестиваль екі алаңда өтеді. 9–12 шілде аралығында "Астана Арена" көрме аймағында, 10–13 шілде аралығында "Барыс Аренада” өтеді.
Ұйымдастырушылардың жариялаған ақпаратына сәйкес, 6 жасқа дейінгі балаларға кіру тегін, 7–15 жас аралығында – балалар билетімен, 16 жастан бастап – ересек билетімен кіруге болады. Билеттердің бағасы 2500 теңгеден басталады.
Еске салсақ, осыған дейін бюджет тапшылығына қарамастан өткізілетін Астана экономикалық форумына 4,5 миллиард теңге жұмсалатынын жазғанбыз.

"Ізімнен қалмай, бөксемді ұстады": Елордалық қыз сауда орталығында келеңсіз жайтқа тап болғанын айтты
