Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Қазақстандық қызды такси жүргізушісі ұрлап кетпек болған

Фото: Stan.kz/ AI Copilot

Астаналық қыз Яндекс такси жүргізушісі дөрекілік танытып, ұрлап кетпек болғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Жолаушы қыз жағдайды Threads әлеуметтік желісіндегі парақшасына жазды

"Мұндай жағдайға тап боламын деп ешқашан ойламадым. 9 мамырда дүкен аралап, қолымда жүгім көп болған соң үйіме дейін такси шақырдым. Көгілдір түсті Cherry Tiggo 365 келді. Көлікке бара жатқанда музыканың дауысы қатты шығып тұрды. Отырған соң жүргізушіден сыпайы түрде "дауысын жай қоя аласыз ба" деп сұрадым. Шамамен 10 секундтан соң ол "телефонмен сөйлесесің бе" деп сұрады. Мен "жоқ, басым ауырып тұр" деп жауап бердім. Сол сәтте ол айқайлап "айтқаныңды не үшін істеуім керек, музыканы не үшін өшіруім керек" деп айтты", – дейді қыз. 

Сосын жолаушы қыз жүргізушіге сапар құнын төлейтінін, үйіне еш айқай-шусыз жеткісі келетінін жеткізген. Дегенмен такси жүргізушісі дөрекілік танытып, балағат сөздер айтқан. 

"Ұрыс-айқайсыз, жайбарақат үйіме жеткім келді. Оның үстіне сапардың құнын төлейтінімді, бар болғаны 10 минуттық жол екенін жеткіздім. Ол “Сенің ауырғаның мені қызықтырмайды" деп айтты. Үнсіз қалсам да, жүргізуші мойнын артқа бұрып, аузына келгенін айтты. Үйіме 5-6 минут қалғанда көліктен шық деді. “Үйіме дейін жеткізіп салыңыз немесе ақшаны қайтарыңыз” дедім. Алайда ол “түспесең жарайды, күні бойы менімен бірге жүресің” деп, көлікті әрі қарай айдап кетті. Іс жүзінде ол мені ұрлап кетті”, – дейді қыз. 

Қыздың сөзінше, такси жүргізушісі миығынан күліп, ұрлықшы екенін жеткізген. 

“Қатты қорқып, айқайлап, қайда апара жатқанын сұрадым. Жүргізуші мені мүлде тыңдамайды, миығынан күліп, қарақшымын деп айтты. Сосын полицияға, ата-анама, ағам мен әпкеме қоңырау шалдым. Такси жүргізушісі келесі тапсырысына келгенін білдім. Көлікке 3 адам мінді. Сол сәтте аяқасты момын адамға айналып шыға келді. Басқа жолаушыларға менің көліктен түскім келмейтінін айтты. Бір уақытта жүргізушімен ағам сөйлесіп, жайшылықпен жеткізіп тастауын бұйырды. Сосын ол үйге әкеп тастады. Дегенмен жол бойы күліп, мазақ етіп келді”, – дейді қыз. 

Жолаушы қыз Яндекс-ке шағым білдіргенін, алайда олардың әрекетсіз отырғанын жеткізді. 

Яндекс компаниясы қыздың шағымына жауап беріп, мұндай қызметкермен әрі қарай жұмыс істей алмайтынын жеткізген.

“Шағымыңызды ескерусіз қалдырмаймыз. Бұл қызметкермен әрі қарай жұмыс істей алмаймыз. Құқық қорғау органдарына хабарласуды ұсынамыз. Сізге міндетті түрде қолдау көрсетіп, олардың ресми өтініші бойынша қажет мәліметтерді тергеуге береміз”, – делінген компания жауабында.

Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Астана қалалық полиция департаментінен мән-жайды сұрап білді. Алайда олар әлі ресми жауап бермеді. 

STAN.KZ
Сейсенбі, 13 Мамыр, 2025 17:57
Талқылау