Ақмола облысында бөгет жарылып, су тасқыны болғаны үшін әкім сотталды
Фото: Желідегі видео кадрларынан скрин
Ақмола облысында 19 тұрғын үйді және Самарка ауылының бір бөлігін су басқаны үшін Сергеев ауылдық округінің әкімі сотталды. Шенеунік өз міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін кінәлі деп танылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі CMN.KZ порталы хабарлайды.
Атбасар аудандық соты әкімнің ісін қарады. Сот ауылдағы гидротехникалық құрылыстарға (ГТҚ) жауапты Қайрат Қожахметов бөгеттің өткізу қабілетін арттыру үшін қажет шаралар қолданбағанын анықтады. Әкім Есіл бассейндік инспекциясы мен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның суды өткізу үшін бөгетті транзиттік режимге ауыстыру туралы нұсқауларын елемеген. Нәтижесінде су деңгейінің көтерілуі бөгеттің бұзылуына және тұрғын үйлерді су басуына әкеліп соққан.
Су тасқынынан кейін жергілікті бюджеттен зардап шеккендерге 8 миллион теңге көлемінде өтемақы төленді. Осылайша, мемлекетке айтарлықтай материалдық залал келтірілді.
Сот әкімнің іс-әрекетін немқұрайлы деп тауып, оған 1 жыл 6 ай пробациялық бақылаумен бас бостандығын шектеу, сондай-ақ мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыру түріндегі жаза тағайындады. Бұл ретте сот К-ның кішкентай балалары болуы және бұрын қылмыстық құқық бұзушылық жасамағаны сияқты жеңілдететін мән-жайларды ескерді.
Сонымен қатар әлеуметтік желілерде Қожахметовтың видеосы пайда болды. Онда әкім бөгетке байланысты өзін орынсыз айыптауға тырысып жатқанын айтқан. Ол әрдайым адал жұмыс істегенін және апат кезінде адамдардың жанында болғанын алға тартты.
"Су тасқыны болған кезде, апатты бәріміз бірге бастан өткердік. Қол қусырып қалған жоқпын. Ескертулерден бастап эвакуациялауға дейінгі барлық жұмыс бірлесіп атқарылды", – деп атап өтті әкім.
Қожахметовтың айтуынша, айыптаулар әділетсіз және су тасқынының нақты себебін іздеудің орнына бір адамды кінәлі етіп отыр. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Су тасқынынан келтірілген залалды өтеу туралы мәселе азаматтық сот ісін жүргізу шеңберінде шешіледі.

"Әйелдерді ылғи ұрысқақ, долы, толық етіп көрсетеді": Қоғам белсенділері қазақ киносындағы әйелдің образы неге өзгермейтінін талқылады
