Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

"Төбелесу ниетім болған жоқ, бұл – жазым жағдай”: Шерзаттың өліміне қатысты сот процесінде күдікті Дархан Әскентай оқиғаны өз нұсқасында айтты

Фото: желі кадрларынан

Шерзаттың өліміне байланысты қаралып жатқан сот процесінде күдіктілердің бірі Дархан Әскентай оқиғаны өз нұсқасында баяндады. Сол күні дүкенге сыра алуға барған ол Шерзаттың өліміне әкелген төбелеске қатысы жоқ екенін жеткізді. Айтуынша, Шерзат біреуді ұрып, Қаржаубай пышақ ұстап, Нұрғанат мылтық атқаннан төбелес өрбіген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Дархан Әскентай оқиғадан кейінгі тергеу жауаптарымен толықтай келіспейтінін жеткізді. Айтуынша, 24 сағат бойы қамалған жігіттердің бәріне қысым көрсетілген.

“Бір жағынан жарақат алғаннан кейін, бір жағынан қысым келтірілгеннен кейін, ойымызды жинақтай алмай, сол күнгі сұрақтарға дұрыс жауап бере алмадым. Сондықтан оқиға туралы бүгін айтуға шешім қабылдадым. 

Бізде ол кезде қорғаушылар болмады. Сол күні бізді кабинеттен кабинетке тасыып, ұрып-соғып боқтық сөздер айтты. Тек кеште оқиға болған жерге апаратын кезде ғана сырттан адвокатымды көрдім”, – деді ол.

Дархан оқиға болар күні сағат 23:00 уақытында досының көлігінен түсіп, “Қамажай дүкеніне сыра алуға барғанын айтты.

“Үш бөтелке сыра алып кассаға қойып, Қаржаубаймен сол кезде таныстым. Сыра мен темекінің 1500 теңгесінің мың теңгесін аударым арқылы, қалғанын қолма-қол төледім. 

Менде каспи есепшоты жоқ. Сол себепті досым Олжасқа ақша жіберіп, керек кезде сұрап алатынмын. Сол күні бес-алтылар шамасында досыма ақша жібер деп айтып қойғанмын. Светлана. К Олжастың енесі.

Дүкеннен шығып бара жатқанымда біреу хабарласып жатқан кезде телефоным өшіп қалды. Сосын қайта дүкенге қайта барып, телефонымды кішкене қуаттауды сұрадым”, – деп қосты ол.

“Шерзат қолындағы кастетімен оң көзімнен ұрды”

Дарханның айтуынша сыртта сырасын ішіп тұрғанда телефонына біреудің хабарласқанын естіген. Сосын Шерзат телефонын әкеліп берген.

“Тұтқаны алып, хабарламаларымды қарап тұрғанымда Шерзат неге екенін білмеймін, ашулы түрмен келіп “әкеме не деп жүрсің” деді. Сосын мен оған түсіндіріп, “жүр әкеңнен сұрайық, мен ештеңе деген жоқпын” дегенім сол еді қолында кастетімен оң көзімнен ұрып жіберді. Мен екі-үш метр шегініп кетіп, бетімді ұстап тұрып қалдым. Есімді жоғалтып, не істеп, не қойғанымды білмей, түсінбей қалдым. Сол кезде Қаржаубай шығып, су әкеліп бетіңді жу деді. Сосын Шерзатқа “не үшін ұрасың” деп ұрысты. 

Сол кезде мен жағдайым нашарлағасын досым Нұрбол Тоқтабайға хабарласып, алып кетуін өтіндім. 

Шерзатты анасымен боқтамадым. Себебі 2018 жылы өзім анамнан айырылып қалғанмын. Ол балаға бәрін түсіндірейін дегенмін. Бірақ ұрып жіберді”, – деп ақталды ол. 

Дархан тергеу кезінде бірінші ұсталып, бөлімшеге бірінші келгенін алға тартты. Айтуынша қатты шок жағдайында болған.

“Қаржаубай досым Нұрбол келгенде пышақ алып шыққанын, сосын тағы жігіттер келгенде ұстағанын көрдім. Қаржаубай маған айғайлап шығып келе жатты. Шешемнен орысшалап боқтады. “Сен не досыңды шақырып, маған не істегің келіп тұр” деді. Шерзат оны “әке болды керек емес” деп ажыратып жатты. 

Нұрбол “досымды алып кетуге келіп тұрмын” деп сөйлесіп жатты. Шерзат менің телефонымды қолымнан жұлып алды. Сосын артынан дүкенге кіргенімде қайтарып берді. Сосын далаға шықсам, бір көлік келіп тоқтады. Мені ұрып жіберген жерде Нұрқанат, Шерзат, Шерзаттың достары тұр екен. Сосын Нұрбол біреулермен сөйлесіп тұрғасын мазасын алмайын деп көлік жаққа барып тұрдым”, – деп баяндады ол. 

“Қаржаубай пышақпен шығып, Шерзат біреуді ұрғасын төбелес басталды”

Дарған кейін тағы бір топ жігіттер келгенін алға тартты.

“Олар сол жақтан өтіп бара жатып келді ме, білмедім. Жартысы дүкенге кірді. Екі-үш жігіт Шерзаттармен амандасып, әңгімелесіп тұрды. Сол кезде біреу Нұрболдан мына жақта не істеп жүргенін, кім кімді ұрғанын сұрады. “Дос баламды ұрып жіберіпті, соны алып кетуге келгенмін” деп бәріміз қайтайын деп тұрғанбыз. Сол кезде Қаржаубай пышақпен шығып оқталды.  Сосын біреуді теуіп жіберді. Шерзат та келген жігіттердің бірін ұрып жіберді. Сол кезден бастап төбелес, аяқ асты соғыс басталып кетті. 

Олар дүкеннің жанындағы көшеге қарай ығысты. Мен сол жақтағы тағы бір дүкеннің жанына барып тұрғанымда мылтық атылды. “Тоқтаңдар атамын” деп біреу айғайлады. Не болғанын өзім де түсінбей қалдым. Нұрболды көріп соның артынан бара жатқанымда, бір бала құлап жатыр екен. Ал ақ па сұр ма спорттық киімдегі бір жігіт “жедел жәрдем” деп айғайлап жатты. Нұрғанат сол жерде құлады. Екі-үш жігіт алысып жатқасын, Нұрболға қой деп айттым. Сосын келген жігіттерді бұрын соңды көрмегенмін, оларға қойыңдар дегенімде бір-екі соққы алдым. Содан ес-түссіз төмен құлап кеттім. Сосын кеткім келіп тұрғанында Нұрболдың “кеттік, кеттік” деген дауысын естідім. Ол мені қара мерседеске отырғызды да, солармен кетіп қалдым”, – деп қосты ол.  

“Тағылған айыппен келіспеймін, бұл жазым жағдай”

Дархан Әскентай сотта Нұрқияс, Абзал, Равилді бұрын соңды көрмегенін алға тартты. Айтуынша өзін оқиға болғаннан кейін бір сағаттан соң, жігіттерді апарып тастап, Нұрболдың пәтеріне бара жатқанда, Рысқұлов ауылында жол патрулы ұстаған. 

“Танымаймын, олардың номерлері де жоқ. Оларға хабарласпадым. Шерзатқа, Нұрғанатқа соққы жасамадым. Төбелеске қатыспадым, оған жағдайым да болған жоқ. Нұрғанаттың қолында мылтық болды. Ол екі мәрте оқ атты. Біріншісінде қорқытып атты, екіншісінде балалардың артынан тоқтатыңдар деп атты. Ал “делайте, Чина, Чика” деген сөздерді естіген жоқпын.  “Хуторские”, “Денсаулығыңды қойып берем” деген болмаған. 

Тергеу кезінде кабинеттен-кабинетке тасып жүргенде Қаржаубай келді. 7 жігітпен қасымызда екі қыз болды. Сол кезде Қаржаубай келіп жетеумізді ұрып, аузына келгенін айтқан кезде ұлының қайтыс болғанын білдік. 

Тағылған айыппен келіспеймін. Өз іс-әрекетіме байланысты лайықта жаза беруін ғана сұраймын. Бізде бәрі айтып жүргендей төбелесу ниеті болған жоқ. Бұл жазым жағдай”, – деді ол. 

Еске салайық, 2024 жылы 4 қазанға қараған түні Талғарда 16 жастағы Шерзат Полат қаза тапқан еді. Оның өлімі қоғамда үлкен наразылық тудырды. Марқұмның әкесі туыстарымен және жергілікті тұрғындармен бірге әділ тергеу жүргізуді талап етіп, наразылық ұйымдастырды. Бірнеше күннен кейін, 12 қазанға қараған түні Нұрымовтар отбасының үйі толығымен өртеніп кетті. Бас прокуратура өрттің қасақана жасалғанын мәлімдеді. Алайда үйді өртеген күдіктілер әлі күнге табылған жоқ. 

STAN.KZ
Сейсенбі, 06 Мамыр, 2025 12:31
Талқылау