Қостанай облысында бетін жасырып жанармай құю бекетінен 31 мың теңге ұрлаған ер адам 3 жылға сотталды
Қостанай облысының Әулиекөл ауданында ер адам жанармай құю бекетіне барып, сатушыны пышақпен қорқытып, кассадағы барлық ақшаны ұрлап кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: видеодан скрин
Іс Әулиекөл аудандық сотында Қылмыстық кодекстің 192-бабы (қарақшылық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру мақсатында адамның өмiрiне немесе денсаулығына қауiптi күш қолдану) бойынша қаралды.
Оқиға 2025 жылдың қаңтарында болған. Сотталушы Р мас күйінде тонау мақсатында алдымен жүзін шарфпен жасырған.
“Кейін бөтеннің мүлкін жымқыру мақсатында Әулиекөл ауылының жанармай құю бекетіне кіріп, сатушы-операторды пышақпен қорқытып, өрескел түрде одан кассадағы 31 мың теңге ақшалай қаражатты беруді талап еткен.
Сатушы оператор өзінің өмірі мен денсаулығына төнген қауіптен қорқып, сотталушыға кассадағы барлық қаражатты берген. Осылайша, сотталушы Р өзінің қылмыстық әрекеттерімен "K" ЖШС-на материалдық залал келтірді”, – делінген сот хабарламасында.
Ол тез ұсталып, қаражатты бірден қайтарып берді. Сондықтан сот кезінде жәбірленуші тарап оған ешқандай талап қоймады. Залал толық көлемде өтелгендіктен жәбірленушілердің талаптары болған жоқ. Ал айыпталушы Р кінәні толық мойындады.
“Сотталушы Р-ның қылмыстық жауапкершілігі мен жазасын жеңілдететін мән-жайлар бойынша сот оның шын жүректен өкінгенін және асырауында балалардың бар екені қаралды.
Сот қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жай ретінде мас күйінде қылмыстық құқық бұзушылық жасағанын мойындады.
Сотталушының жеке басын, жасалған іс-әрекеттің сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескере отырып сот қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде 3 жыл 6 ай бас бостандығында жазасын өтеу түріндегі жаза тағайындады”, – делінген сот хабарламасында.

"Саусақтары күйіп, денесі құрысып қалды": Талдықорғанда Kaspi терминалын ұстаған баланы тоқ соқты (видео)
