Қырғызстан Ыстықкөл жағалауындағы қонақүйлерге байланысты Қазақстанмен келісімшартты қатаңдатты
14 сәуірде Жогорку Кенештің Халықаралық істер жөніндегі комитеті үш оқылымда Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы келісімшартты өзгерту туралы тиісті заң жобасын мақұлдады. Енді Қазақстанға берілген төрт пансионат шарт талаптары сақталмаған жағдайда Қырғызстанның меншігіне қайтарылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: 2gis.kg
Экономика және коммерция министрінің орынбасары Искендер Асылқұлов 2006 жылы Қырғызстан мен Қазақстан үкіметтері арасында төрт пансионатты жаңғырту шартымен қазақстандық тарапқа беруді көздейтін келісімге қол қойылғанын еске салды. Алайда Асылқұлов атап өткендей, бұл құжатта қазақстандық тараптың талаптары мен жауапкершілігі егжей-тегжейлі жазылмаған.
2009 жылы пансионаттар орналасқан жер учаскелерін Қазақстанға 49 жыл мерзімге жалға беру туралы қосымша келісім жасалды.
2023 жылы қазақстандық тараптың жауапкершілігі бөлігінде келісімнің талаптары қайта қаралды. Ал 2024 жылғы желтоқсанда 2006 жылғы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қойылды. Жаңа құжатқа сәйкес, Қазақстан нысандарды реконструкциялауды 2029 жылғы 31 желтоқсанға дейін аяқтауға міндеттелді. Атап айтқанда:
- "Қазақстан" шипажайы төрт жұлдызды қонақүй деңгейіне дейін жаңғыртылуға тиіс;
- "Университет" және "Самал" үш жұлдызды қонақүйлер деңгейіне дейін;
- "Олимп" толыққанды спорттық базаға айналуға тиіс.
"Егер бұл шарттар бес жыл ішінде орындалмаса, нысандар шығындарды өтемей Қырғызстанның меншігіне қайтарылады", – деп түсіндірді министрдің орынбасары.
Ол сондай-ақ бұған дейін келісімде Қырғызстан азаматтарының жұмыс процесіне қатысуы керек екені шартта көрсетілгенін айтты. Бастапқыда жұмысшылардың 80%-ы қырғызстандықтар болуы керек болса, өзгертулерден кейін бұл үлес 90%-ға дейін өскен.
Еске салсақ, Қырғызстанның шартын орындамаса Қазақстан Ыстықкөл жағалауындағы қонақүйлерден айырылатынын хабарлаған едік.