Қаңтардан кейінгі отставка, зауыттағы жұмысшылар қазасы мен рейдерлік шабуылдар: Нығматулиндер отбасы туралы не белгілі
Бір ай ішінде атақты Нығматулиндер отбасының үш мүшесіне қылмыстық іс қозғалды. Оның бірі мәжілістің экс-спикері Нұрлан Нығматулиннің ағасы Арғын Зайруллаұлына, екіншісі егізі Ерлан Нығматулинге және ұлы Нұржан Нұрлановқа қатысты. Осы орайда Stan.kz ақпарат агенттігі күтпеген жерден теріс жағынан танылып жатқан Нығматулиндер әулетінің мансабы мен байлығына шолу жасап көрді.
Коллаж Stan.kz Солдан оңға қарай бірінші тұрған Мәжілістің экс-спикері Нұрлан Нығматулин, ал жанындағы егізі Ерлан, үшінші тұрған Арғын. Оңнан солға қарай бірінші тұрған экс-спикердің ұлы Нұржан Нұрланұлы
Нұрлан Нығматулиннің мансабы қаңтар оқиғасына дейін
Нұрлан Нығматулин 1962 жылы 31 тамызда Қарағанды қаласында дүниеге келген.
1984 жылы Қарағанды политехникалық институтын бітірген. Ол жерде машина жасау мамандығы бойынша білім алған. 2006-2009 жылдары Қарағанды облысының әкімі қызметін атқарды.
Одан кейін 2009-2012 жылдары және 2016 жылы мәжілістегі "Нұр Отан" төрағасының бірінші орынбасары болды.
Ал 2016 жылы мәжіліс төрағасы болып тағайындалғанға дейін қайтадан фракция жетекшісі қызметін атқарды.
2019 жылдың 22 тамызынан бастап ол "Нұр Отан" партиясының мәжілістегі фракция жетекшісі қызметіне кірісті.
2021 жылы "Нұр Отан" партиясының төрағасы болған Нұрсұлтан Назарбаев 7-шақырылым мәжілістегі партия фракциясының жетекшісі лауазымына Нұрлан Нығматулиннің кандидатурасын ұсынды. Фракция депутаттары экс-президенттің ұсынысын бірауыздан қолдады.
Қаңтар оқиғасынан кейін...
Қаңтар оқиғасынан кейін 2022 жылдың 1 ақпанында Нұрлан Нығматулин мәжіліс төрағасы қызметінен өз еркімен кетті. Оның орнына президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұрынғы әкімшілік басшысы Ерлан Қошанов тағайындалды. Кейінірек, Нығматулин "Нұр Отан" партиясының (қазіргі "Аманат") Саяси кеңесінен шығарылды. Осыдан кейін Нығматулин түрлі айыптауларға тап болды.
2022 жылы ақпан айының соңында желіде Нығматулиндер отбасы түгелдей Лондонға ұшып кетті деген ақпарат тарады. Бірақ экс-спикер бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Ал наурыз айының соңында Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Қайрат Сатыбалды тұтқындалған соң Нығматулин елден қашып кетті деген ақпарат тарады. Онда мәжілістің бұрынғы спикері Атырауға ұшып, кейін Баку рейсіне ауысты деп жазылған.
ҚазТАГ таратқан ақпаратқа сәйкес, Нығматулиннің отбасының жеке ұшағы бар және ол Астанадан әлемнің кез келген нүктесіне тікелей ұша алады. Бірақ мәжілістің бұрынғы спикері қиын жолды таңдап, ізін суытқысы келген секілді делінген.Фото: ҚазТАГ
Нығматулиндер әулеті туралы не белгілі?
Нұрлан Нығматулин – бірнеше ағайынды үлкен әулеттің мүшесі. Бұрынғы мәжіліс спикерінің 5 бауыры бар.
Нығматулиннің құдасы – Дінмұхамет Ыдырысов (қызы Мәдина Нұрлан Нығматулиннің ұлы Нұрхан Нұрлановқа күйеуге шыққан). 2022 жылдың мамырындағы жағдай бойынша Ыдырысов "Қазақстан коммуналдық жүйелері", "Ордабасы Групп" компанияларына және әртүрлі ЖШС-дегі басқа да акцияларға ие.
Нұрлан Нығматулиннің жұбайы Баймұрзаева Венера. Ал ұлдары Нұржан, Нұрхан, Мәди. Экс-спикердің жары Kcell және Air Astana сияқты 17 компаниямен үлестес. Қазір бизнес бағыты – жеке жылжымайтын мүлікті жалға беру және басқару бойынша "Capital Estate Group" ЖШС құрылтайшысы. Оның құрылтайшылары қатарында ұлдары – Нұржан мен Нұрхан бар. Олар Қазақстандағы ірі бизнес саласында белсенді қызмет етеді. Дегенмен бұл екі есім әкелері отставкаға кеткен соң кеңінен таныла бастады.
Нұржан Нұрланов 2012-2013 жылдары премьер-министр кеңсесі аймақтық даму бөлімінің сарапшысы, 2013-2014 жылдары "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ қаржы бойынша басқарушы директор, кейін техникалық саясат бойынша бас директордың орынбасары, 2016-2018 жылдары "ҚазТрансГаз" АҚ басқарма мүшесі, 2018-2019 жылдары "Бәйтерек" холдингінің басқарушы директоры қызметін атқарды. Ал 2019 жылдың ақпанынан 2022 жылдың мамыр айына дейін "ҚазМұнайГаз-Аэро" бас директоры қызметін атқарды.
Ал екінші ұл Нұрхан Нұрланов Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданындағы Юбилейное кен орнын игеріп жатқан алтын өндіруші Altynex компаниясының акционері. Кәсіпорында Нұрханның үлесі – 9,77 пайыз, қайын атасы Дінмұхамет Ыдырысов – 30,26 пайыз иеленген.
Сондай-ақ Нығматулиннің ұлы 2017 жылға дейін "Bank RBK" АҚ басқармасында болды. Кейін Qazaq банкінде басқарушы директоры қызметін атқарды. Онда да 8 пайыздан астам үлеске ие болды.
2022 жылдың маусым айында ағайынды Нұрлан мен Нұрханға тиесілі "Қазфосфат" компаниясы тыңайтқыш бағасын негізсіз көтерді деп айыпталды. Ал сол жылдың тамыз айында бұл компанияға 5 миллион теңге айыппұл салынды.
Нұрkан Нығматулиннің үлкен ұлы Нұр;анның есімі биыл да қайта назарға ілініп жатыр. Себебі оған рейдерлік шабуыл жасады деген айып тағылып, қылмыстық іс қозғалды. Дегенмен оның қазір қайда екені белгісіз. Жуырда "Бәсе" арнасы оның Қазақстан азаматтығынан бас тартып, Дубайда тұрып жатқанын жазған.
Нұрлан мен Ерлан Нығматулин өз активтерін мемлекетке қайтара ма?
БАҚ беттерінде Нұрлан мен Ерлан Нығматулин өз активтерін мемлекетке қайтаруы мүмкін деген ақпарат тарады. Оған президент Тоқаевтың 2023 жылы қол қойған "Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" заңы себеп болды.
Ақпаратқа сәйкес, Ерлан Нығматулин "Қазақстан халқына" қорына 200 миллион теңге аударған. Экс-спикердің егізі "YDD Corporation" компаниясы арқылы бар болғаны 300 миллион теңге жіберген. Бірақ бұл Нығматулиннің жеке қаржысы емес. Оның үстіне кәсіпорын бір кездері мемлекеттен 40 миллиард теңге көлемінде жеңілдетілген несие алғанын ұмытпаған жөн.
Ал Дубайда Нұрлан Нығматулиннің әйелі Венера Баймырзаеваға тіркелген 50-ге жуық жылжымайтын мүлік бары анықталған.
Нығматулиндердің отбасылық кәсіпорны "Қазақмыс" және "Ордабасы" қаржылық-өнеркәсіптік топтарымен тікелей байланысты. Ким, Новачук және Дінмұхамед Ыдырысовтарды Нығматулиндердің іскер серіктестері деп айтуға болады. Кәсіпкер Дінмұхамед Ыдырысов пен Нұрлан Нығматулиннің әйелдері инвестицияға бірге араласып, Дубайдағы ең қымбат мейрамханаларға барып жүреді.
Нығматулинге тиесілі зауыттағы 4 жұмысшының өлімі…
2024 жылы 20 шілдеде Нұрлан Нығматулиннің егізі – Ерлан Нығматулинге тиесілі YDD Corporation ферроқорытпа зауытында төтенше жағдай болып, 8 жұмысшы әртүрлі дәрежеде жарақат алды. Ал оның төртеуі қаза тапты.
Қайғылы жағдайдан соң қылмыстық іс қозғалды. Алайда 2025 жылдың қаңтар айында жұмысшылардың өліміне қатысты іс бойынша алты айдан астам уақыт өтсе де, күдіктілер әлі анықталмағаны хабарланды.
Ал Қарағанды облыстық полиция департаменті қажет сараптамалар тағайындалғанын, оның нәтижесін күтіп отырғанын мәлімдеді. Сондай-ақ полиция тергеу "еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу, абайсызда екі не одан көп адамның өліміне себеп болған" бабымен жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Қарағандыдағы ферроқорытпа өндірісі YD Corporation ЖШС атымен танылған. Оның құрылтайшылары: Ерлан Нығматулин, Жармұхамед Аппаз және Imperiyumcy Holdings Limited.
Нығматулиндер отбасына тағылған рейдерлік шабуыл туралы айыптар
2022 жылдың тамыз айында Нұрлан мен Ерлан Нығматулиндердің үстінен рейдерлік шабуыл жасағаны үшін қылмыстық іс қозғалғаны анықталды.
Адвокат Мәулен Әлімбаевтың сөзінше, Балқаш оқиғалары жайлы екі кәсіпкер арасындағы жағдай астанадағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік тергеп жатқан қылмыстық істің фабуласына айналған. Ол 2022 жылдың сәуірінде басталған. Бұл істің аясында Сұлтанбеков зардап шегуші болып танылған. Бұл іске қатысты сол кезде тергеу жүрді.
Коллаж: Stan.kz
Бәрі неден басталды?
Ерлан Нығматулинмен арадағы жанжалдан кейін 2012 жылы балқаштық кәсіпкер Қуат Сұлтанбеков 21 жылға сотталып, оның 10 жылын түрмеде өткізді.
Қарағанды облысы аймақтық кәсіпкерлер палатасы кеңесінің мүшесі Николай Абт кәсіпкер мен Нығматулин арасындағы жанжал 2011 жылы Сұлтанбеков қаладағы жемқорлық мәселесін көтерген соң басталғанын айтқан. Кейін Балқаш прокуратурасы қаланы абаттандыру бойынша тендерлер өткізу кезіндегі өрескел заң бұзушылықтарды анықтаған. Қарағанды облысы бойынша қаржы полиция департаменті жүргізген сараптамадан соң мемлекеттік тапсырыс негізінде республика қаражатының шығындалғаны белгілі болған.
2012 жылдың 27 желтоқсанында Балқаштан Астанаға барар жолда Сұлтанбеков заңсыз қару ұстағаны үшін ұсталған. Тергеу 6 күнде аяқталып, кәсіпкер 3,5 жылға сотталған. Кейін бұл жаза 21 жылға айналған. Жазасын өтеу кезінде Сұлтанбековтың үстінен тағы 5 қылмыстық іс қозғалған. 2022 жылы, 10 жылдан кейін кәсіпкерге қатысты 3 қылмыстық іс қайта қаралып, ол ақталып шыққан.
Адвокат Юлия Джафарова Сұлтанбековке қатысты істердің барлығы қолдан жасалғанын айтты. Оның сөзінше, Қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері Сұлтанбековтың ісі бойынша зардап шегуші болып танылған адамдарға өздері әдейі дене жарақаттарын келтірген. Кейін қысым көрсетіп, Сұлтанбековтың үстінен арыз жазуға мәжбүрлеген. 2022 жылдың 27 шілдесінде Шығыс Қазақстан облысы сот коллегиясының шешімімен оған қатысты үш қылмыстық іс жойылған.
Іздеу жарияланғанға дейін қашып үлгерген
3 наурызда Арғын Нығматулинге іздеу жарияланғаны хабарланды. Бас прокуратура мәліметінше, Арғын Нығматулинге хоккей спортының дамуына бөлінген бюджет қаражатын жымқырды деген айып тағылды.
Фото: gov.kz
Бас прокуратура Қарағанды облысындағы хоккей спортының дамуына бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша Ниғматулин А.З және басқа да тұлғаларға қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр.
Тергеу барысында Нығматулин А.З күдікті деп танылған. Соттың санкциясымен оған қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. Оның Қазақстаннан тыс жерде болуына байланысты іздеу жарияланған. Іздеу жұмыстарымен интерпол шұғылданады екен. Ведомство оның қазір қай жақта екенінен хабарсыз екенін мәлімдеді.
Ал Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Дархан Құрақбаевтың айтуынша, Арғын Нығматулин Қазақстаннан тергеу басталғанға дейін кетіп қалған. Нығматулин мен өзге де тұлғалар аса ірі көлемде сеніп тапсырылған мүлікті иемдену және талан-таражға салу бабымен күдікті деп танылыпты (Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі).
Арғын Нығматулин 1955 жылдың 28 маусымында дүниеге келген. 2007 жылдың сәуірінен 2018 жылға дейін "Сарыарқа" хоккей клубының директоры қызметін атқарған. Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты болған. Арғын – Ерлан мен Нұрлан Нығматулиндердің үлкен ағасы. Қарағанды облысы мәслихатының экс-депутаты.
Тағы бір тергеу…
Қазір Нұрлан Нығматулиннің егізі Ерланға қатысты тергеу жүріп жатыр. Оған кәсіпкер Рамис Ибрагимовтың бопсалауға қатысты арызы себеп болған. Оның айтуынша, Ерлан Нығматулин бизнесін рейдерлік шабуылмен тартып алған. Бірнеше рет қысым көрсетіліп, қоқан-лоқы жасалған соң ол "Қазақмысқа" қызмет көрсететін көлік компаниясын Нығматулиннің атына аударуға мәжбүр болыпты.
Ибрагимовтар отбасының адвокаты Игорь Вранчевтің айтуынша, қолда бар дәлелдер мен бірнеше куәгердің айғақтарына қарамастан, Нығматулиннің ісінің қазіргі статусы – "қорғауға құқығы бар куәгер".
“Егер бір адамның үстінен қылмыстық іс қозғалса және оның артынан іздейтін адам болмаса, бірден тергеу изоляторына жібереді. Бұл жағдайда Нығматулинге қатысты ешқандай шаралар қолданылған жоқ және қолданылмайды. Істі қайта-қайта тоқтатып жатыр. Себебі тергеу органы халықаралық сұраныстар жіберіп, тағы басқа себептермен созылып жатыр. Бірақ әзірге істің алға жылжитын түрі жоқ”, – дейді адвокат.
Ал Бас прокуратураның сотқа дейінгі тергеп-тексеру қызметі бопсалау фактісі бойынша Рамис Ибрагимовтың арызы негізінде қылмыстық істі тергеп жатыр.
Қоқан-лоқы көрсетіп, қомақты ақша талап еткен
Ал араға тура бір ай салып, 2 сәуір күні мәжілістің экс-төрағасы Нұрлан Нығматулиннің үлкен ұлы Нұржан Нұрлановтың үстінен қылмыстық іс қозғалғаны хабарланды.
Фото: “Бәйтерек” ұлттық басқару холдингі
Істің қозғалуына кәсіпкер Қанат Әміркиннің арызы себеп болған. Бизнесменнің айтуынша, шенеуніктің ұлы "Алатаудорстрой" компаниясын тартып алған. Онымен қоймай қоқан-лоқы көрсетіп, қомақты ақша талап еткен. Ішкі істер министрлігі осыған қатысты тергеу жүргізіп жатқанын мәлімдеді.
Министрліктің хабарлауынша, аталған факт бойынша Алматы қалалық полиция департаментінің тергеу басқармасы Қылмыстық кодекстің 389-бабымен (Озбырлық) алдын ала тергеу жүргізіп жатыр. Қазір болған жағдайды толық, жан-жақты және объективті зерттеу үшін тергеу әрекеттері жүріп жатыр дейді.
Алайда кәсіпкер қылмыстық істің “Озбырлық” бабы бойынша қаралатынына күмәнмен қарайды. Оның сөзінше, бұл іс рейдерлік әрекетке қайта біріктіріліп, "Алатаудорстрой" компаниясы, шығыс айналма автомобиль жолының бойындағы жер учаскесін заңсыз иеліктен шығару бойынша “Алаяқтық” бабымен қаралады.
Айта кетейік, Нығматулиндер отбасы алты ағайынды. Олар егіз ағасы Ерлан, іздеуде жүрген ағасы Арғын ("Сары-Арқа" хоккей клубының бұрынғы директоры), Арыстан, Арын және әпкесі – Мархаба. Арыстан мен Арыннан басқасының бәрі кәсіпкер.
Мәселен, Нұрланның егізі Ерлан Нығматулин 2021 жылғы жағдай бойынша Forbes тізімінде "Қазақстанның ең ықпалды 50 кәсіпкері" рейтингінде 32-орынға көтерілді. Ағайынды Нығматулиндердің балалары да табысты.