"Көкөністі көп тұтынып, баспалдақпен көтеріліңіз": Салауатты өмір салтын қалай әдетке айналдырамыз
Салауатты өмір салтын көп адамдар қатаң диетамен, бітпейтін тыйымдармен немесе таңғы жүгіріспен байланыстырады. Алайда бұл басқалар ойлағандай қиын емес. Көбірек су ішу, уақытылы ұйықтау, баспалдақпен жаяу көтерілу секілді қарапайым дүниелерді жасау – салауатты өмір салтының негізі. Бұл көпшіліктің күнделікті істеп жүрген ісі. Stan.kz тілшісі салуатты өмір салтын әдетке айналдыру туралы мамандардың кеңесін ұсынады.
Фото: Ru.freepik.com
Әлемде салауатты өмір салтын ұстануға ұмтылатын адамдар саны артып келеді. "Жоғары экономика мектебі" ұлттық зерттеу университеті әлемде салаутты өмір салтын ұстанушалыр мен өз денсаулығына, соның ішінде психикалық денсаулығына саналы түрде қарайтын және зиянды әдеттерден арылуға тырысатын жандардың көп екенін мәлімдеді.
Мамандар салауатты өмір салтын түбегейлі өзгерістерден емес, шағын қадамдардан бастау керек дейді. Яғни, пайдалы әдеттерді біртіндеп өзіңнің күнделікті өміріңе енгізу жеткілікті. Мысалы:
-
Таңертең 5 минуттық жаттығу жасау;
-
Тәттіні азайту;
-
Суды көбірек ішу;
-
Экран алдында өткізетін уақытты қысқарту;
-
Тыныш ұйқыға көңіл бөлу.
Маңыздысы — бұл әдеттерді күнделікті өмір салтына айналдыру. Сонда оң нәтижеге қол жеткізуге болады. Мамандардың айтуынша, бір аптаның ішінде бәрін өзгертуге тырысу – адамдардың жиі жіберетін қателігі.
- Дұрыс тамақтану, аптасына 6 рет жаттығу жасау, кешкі 22:00-де ұйықтау секілді өзгерістерден кейін адам күйзеліске түсіп, шаршап, соңында бәрінен бас тартады. Одана да аптасына бір пайдалы әдет үйреніңіз. Сонда нәтиже көре бастайсыз әрі күшіңіз сарқылып қалмайды.
- Спортқа емес, қозғалысқа мән беріңіз. Ауыр жаттығулардың орнына көп қимылдаңыз. Жеделсатының орнына баспалдақпен көтеріліңіз, көбірек серуендеп, таңертең жеңіл созылу жаттығуларын жасаңыз. Тіпті, күніне 10–15 минут белсенділік те нәтиже береді.
- Сондай-ақ жаңадан бастағандарға мамандар үйде онлайн фитнеспен айналысуға кеңес береді. Осылайша залға бармай-ақ тұрақты түрде жаттығу жасап, оны әдетке айналдыруға болады.
- Дұрыс тамақтанудың да маңызы зор. Бірақ бұл зиян тағамдардан мүлдем бас тартып, ақуыз, май, көмірсуы бар өнімдерді жаттап алу дегенді білдірмейді. Бастысы – баланс. Көкөніс, ақуыз, суды көп мөлшерде қолданып, қант пен өңделген өнімдерді аз пайдаланыңыз.
- Толыққанды ұйқы да денсаулықтың негізі. Ұйқының қанбауы гормондарға, тәбетке әсер етіп, жаттығуға деген мотивацияны азайтады.
Мамандар салауатты өмір салтына өзіңе деген қамқорлықпен келген дұрыс дейді. Сондай-ақ өзгеремін деп денеге шамадан тыс күш салуға, күйзеліске түсіп, салауатты өмір салтын күрт өзгерістерден бастауға болмайтынын айтады.
60 жыл спортпен айналысқан қазақстандық зиянды әдеттерге құмартпаған
Атырау облысының тұрғыны Қанат Құбаев 77 жаста. Жасына қарамастан салауатты өмір салтын ұстанып, спортты жанына серік еткен қарияның спортпен шұғылданып жүргеніне бас-аяғы 60 жылдай уақыт болған. Ол қимыл-қозғалысқа үйреніп қалғаны сонша спортзалға күніне бір рет бармасам ауырып қаламын дейді.
“Жас кезімнен жеңіл атлетикамен айналыстым. Хоккей, воллейбол, баскетбол секілді спорт түрлерімен шұғылдандым. Кейін 17 жасымнан бастап бокспен тұрақты түрде айналыса бастадым. Жұмысымды да жасаймын, спортты да қалдырған емеспін. Зиян әдеттерім болмапты. Ішімдік ішіп, шылым шеккен емеспін. Бірақ шаршағанша жаттығып, беріліп спортпен шұғылданбағанмын”, – дейді қария.
Қанат ата бір кездері қатаң диета ұстап 21 келі салмақ тастаған. Бірақ оның салдары қиын болды дейді.
“1990 жылы денсаулығыма байланысты бір ай бойы диета ұстадым. Сонда бар ішкенім, қара су мен күріш қайнатылған су. Осылайша, 21 келі салмақ тастадым. Сол диетадан кейін құлан-таза айығып кеттім. Одан бөлек, өзімді жақсы сезінетін болдым. Бірақ ол үшінде адамның күш-жігері қажет. Алғашқы үш күн қиын болады. Содан тамаққа қарағым келмейтін болды. Әсіресе, ет, майлы тамақты көрсем жүрегім айнитын. Ашығып жүргенде бір байқағаным, тамақ ішпеген адам ашушаң болады екен”, – дейді қария.
“Спортзалға бармасам ауырып қаламын”
Қария осы уақытқа дейін үш отаны басынан өткерген. Соған қарамастан өзінің құлан-таза айығуына спорт пен қимыл-қозғалыс көмектесті дейді.
“Қазір денсаулығым мазаламайды. Спорт – қозғалыс. Адамның денсаулығының 50%-ы аяқтың қозғалысына байланысты. Сол себепті жаяу жүруді, жүгіруді, велосипед тебуді әдетке айналдыру керек. Өзім демалыс күні спортзалға үш рет барамын. Егер уақыт таппай, спортзалға бара алмай қалсам ауырып қаламын. Бір нәрсе жетіспей, теріме сыймай жүремін. Ал спортзалға барып, жүгіріп, қара терге түсіп, қимылдасам өзімді жақсы сезінемін. Велосипед тебемін, жүгерімен, бассейнге, бокс залына барамын. Денем де, ағзам да соған үйреніп қалған”, – дейді ол.
Айтуынша, арасында жергілікті жаттықтырушылар шақырып, балаларға мастер-класс өткізуін сұрайды. Сонда барып, білгенімді үйретемін дейді ақсақал.
“Адамның қанша өмір сүретіні тек Аллаға аян. Бірақ әрекет етіп, амалын жасау керек. Спортпен шұғылданып, жаттығу жасау керек. Менің атам 110 жасқа келіп өмірден өтті. Менің салуатты өмір салтын ұстануыма сол кісі себеп. Өйткені атамның тәрбиесінде болдым. Генге де байланысты болар. Ұзақ өмір сүруінің құпиясы сол кезде уланбаған, таза, табиғи өнімдерді тұтынуы шығар деп ойлаймын. Зиянды әдеттерден де аулақ болды. Мал бағып, бес уақыт намазын тастамайтын”, – дейді Қанат Құбаев.
Қария спорт өзін табандылыққа үйретті дейді.
Салауатты өмір салты – мінсіз мүсінге қол жеткізу үшін жанталасу немесе тек физикалық жағдай ғана емес, бұл – сау психологиялық күй. Ол бітпейтін шектеу мен тыйымдардың себебі болмау керек. Мамандар өз денеңіз бен эмоцияларыңызға құлақ асып, фанатизмнің құрбаны болмауға шақырады.