Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

1 наурыздан бастап шекті мөлшерлемелерді алып тастаған соң банктердің депозиттік шарттары қалай өзгерді

2025 жылы 1 наурыздан бастап Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры жақсы капиталданған банктер үшін теңгелік депозиттер мөлшерлемесін шектеуді жойды. Отандық банктер жаңашылдықтың депозиттер жүйесіне қалай ықпал еткенін және қандай өзгерістер орнағанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Ru.freepik.com

Home Credit Bank

Home Credit банкі шекті мөлшерлеменің жойылуы банктің пайыздық саясатын иекемді басқаруға мүмкіндік беретінін айтты.

Шектік мөлшерлеменің жойылуы банктегі депозиттік пайыздың мөлшерлемесінің өсуіне алып келеді. Алайда жаңашылдықтың әсерін нарық қатысушыларының әрекетіне қарай байқаймыз деп отыр банк өкілі.

“Нарық талаптарын ескеріп, банк ұзақ мерзімді салымдарға қатысты көзқарасын қайта қарайды. Салымшылар үшін шекті мөлшерлеменің жойылуы кірісті көбейтеді. Бірақ бәсекелестік кезінде мөлшерлеменің тұрақсыздығына әкелуі мүмкін. Қазір банк депозит шарттарын жақсарту бойынша түрлі нұсқаларды қарастырып жатыр”, – деп жауап берді Home Credit банкі.

Сонымен қатар наурыз айында Home Credit банкі үш түрлі салым бойынша шарттарды қайта қарады. "Жинақтық акциялық" салымы бойынша клиенттер енді 3 айлық депозит аша алады. Ал жарты жылдық салымды ашу кезінде ставка 0,5-ке артып, 16,55%-дан 16,97%-ға дейін жетті. Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 18–18,5% аралығында. Сондай-ақ "Қарапайым" және "Пошта" депозиттері бойынша ставкалар 13,8%-дан 14,41%-ға дейін өсті, оның жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 14,41–15,5%-ға тең.

ЦентрКредит банкі

2025 жылдың 1 наурызынан бастап Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры теңгелік салымдар бойынша шекті мөлшерлемелердің жойылуына қатысты ЦентрКредит банкі де пікір білдірді.

“Біздің банк жеткілікті деңгейде капиталдандырылмаған банктер қатарына кірмейді. ЦентрКредит Банкі 2024 жылдың қаңтарынан бастап нарықтық мөлшерлемелермен жұмыс істейді. Мысалы, Рахмет депозиті бойынша жылдық тиімді мөлшерлеме – 17,2%, номиналды – 16,0% (3 айға). Ең аз толықтыру сомасы – 500 000 теңге, ішінара алу және қосымша жарналар қарастырылмаған”, – делінген банк жауабында.

15 наурыздан бастап ЦентрКредит банкі екі депозиті бойынша мөлшерлемелерін өзгерту туралы шешім қабылдады. Бұрын "Чемпион" депозиті бойынша ставка 9,65%-дан 13,9%-ға дейін аралықта болды. Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі салымның мерзіміне байланысты 10,1%-дан 14,8%-ға дейін өзгеріп тұрды. Ал қазір ставка 8,7%-дан 14,5%-ға дейін өзгеріп, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 9,1%-дан 15,5%-ға дейін жетті.

Осылайша, ЦентрКредит банкі екі жылдық мерзімге арналған депозиттер бойынша мөлшерлемені төмендетсе, қысқа мерзімді салымдар бойынша оны арттырды.

Bereke Bank

Bereke Bank басқа банктер арасындағы бәсеке, әсіресе қысқамерзімді депозиттер бойынша, мөлшерлемелердің өсуіне алып келуі мүмкін екенін жеткізді. Алайда ұзақмерзімді депозиттер бойынша мөлшерлемелер жалпы экономикалық жағдайға және инфляция деңгейіне байланысты дейді.

“Салымшылар алдымен қысқамерзімді депозиттерді қарастырады деген болжам бар. Бірақ уақыт өте келе, нарық тұрақталған жағдайда ұзақмерзімді салымдарға деген сұраныс та тұрақты болады. Салымшылар үшін шекті мөлшерлеме алып тасталғаны мөлшерлемелердің өсуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ депозиттік бағдарламалардан да таңдау көп болмақ. Алайда тәуекелдер де жоқ емес. Мысалы, мөлшерлемелердің өте құбылмалы болуы және шектен тыс жоғары мөлшерлеме ұсынатын банктерде қаржылық қиындықтардың туындауы ықтимал”, – делінген жауапта.

Bereke Bank икемді шарттары бар депозиттерді, адалдық бағдарламаларын және бонус жүйелерін іске қосу мүмкіндігін қарастырып жатыр. 

Eurasian Bank

31 наурыздан бастап Еуразиялық банктің "TURBO жинақтық депозиті" бойынша өзгерістер күшіне енеді. Жаңа ашылатын және ұзартылатын салымдар үшін теңге бойынша, қосымша қаржы салу құқығынсыз депозиттердің ставкасы өзгермей, 16,36% деңгейінде қалады. Алайда жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 0,1%-ға артып, 17,6%-ға жетеді. Қосымша қаржы салу құқығы бар депозиттер бойынша ставка 0,36%-ға артып, 15,4%-ға дейін көтеріледі, ал жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 16%-дан 16,5%-ға дейін өседі.

“Банк экономикалық жағдайға байланысты мөлшерлемелерді бейімдейді, алайда күрт өзгерістер болмайды. Қазір мөлшерлемелерге айтарлықтай өзгерістер енгізу жоспарда жоқ. Банк экономикалық факторларға сүйене отырып, өзгерістерге уақытында жауап беруге дайын. Қажет болған жағдайда, мөлшерлемелерді түзету мүмкіндігін және клиенттерге тиімді ұсыныстар жасау үшін жаңа шарттарды енгізуді қарастырамыз”, – дейді банк өкілі.

Банктер нарықтағы жағдай мен экономикалық ахуалға қарайтындықтан шекті мөлшерлемелерді алынып тасталуы мөлшерлемелердің күрт өсуіне әкелмейді деп сендірді олар.

“Ұзақмерзімді салымдарға қатысты айтарлықтай өзгерістер болмайды деп ойлаймыз. Жақын болашақта ұзақмерзімді және қысқамерзімді депозиттер бойынша шарттар тұрақталып, нарықтық өзгерістерге жауап ретінде мөлшерлемелерге түзетулер енгізіледі деген болжам бар”, – делінген хабарламада.

Halyk Bank

“Halyk Bank жақсы қаржыландырылған банктерге жатады. Банк үшін 2024 жылдың қаңтарынан бастап максималды мөлшерлемелер белгіленбеген. Сондықтан Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының 2025 жылдың 1 наурызынан бастап депозиттік саясатқа өзгерістер енгізуі жағдайға айтарлықтай әсер етпейді деп санаймыз”, – деп жауап берді банк.

Forte Bank

Базалық мөлшерлеменің көтерілуіне және Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (ҚДҚҚ) теңгедегі депозиттер бойынша ең жоғары мөлшерлемелердің жойылуына қарамастан өзінің депозиттік саясатын өзгерткен банктердің қатарында Forte Bank те бар.

14 наурыздан бастап Forte Bank-тің 6 айлық жинақ салымы бойынша мөлшерлеме 1,8 пайыздық тармаққа, 14--тен 15,8%-ға дейін өсті. Олар үшін жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 14,9% емес, 17%-ға тең болды.

RBK

RBK банкі теңгедегі депозиттер бойынша шекті мөлшерлемелерді алып тастау нормасы тек жақсы капиталдандырылған банктерге қатысты екенін еске салып, ал бұл тізімге Bank RBK кірмейтінін хабарлады. Сол себепті бұл жаңашылдық банктің қаржы институтына әсер етпейтін болып шықты.

Еске салайық, 2025 жылдың наурыз айынан бастап Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры теңгедегі депозиттері бойынша шекті мөлшерлемелер қоюды тоқтатқан еді. 

Енді банктер нарық жағдайына назар аудара отырып, депозиттерде сыйақы деңгейін өз бетінше анықтай алады. Айта кетейік, 2008 жылдан бастап қор барлық банктер үшін шекті мөлшерлемелерді белгіледі. Егер мөлшерлемеден асып кеткен жағдайда қор резервіне ұлғайтылған жарна төлеуге мәжбүр болды.

Талқылау