Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Петропавлда бүтін бір отбасын өлтірген қылмыскерлердің ісі: Апелляциялық сот жазаны қатаңдатты

Солтүстік Қазақстанда бүтін бір отбасын жаңа жыл қарсаңында үйінде өлтірді деп айыпталғандардың жазасы аппеляциялық сотта қатаңдатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Stan.kz

Солтүстік Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Сергей Емельянов, Данил Орлов пен Ирина Скоробогатоваға қатысты апелляциялық шағымды қарады. Олар кәсіпкер Вадим Приходченко мен оның жұбайы Юлия және олардың 17 жасар ұлы Юрийді өлтірді деп айыпталған. 

Былтыр қазан айының соңында сот осы үш адамға қатысты үкім шығарды. Сергей Емельянов өмір бойына, Данил Орлов 21 жыл сегіз айға бас бостандығынан айырылды. Ал Ирина Скоробогатова алғашқы бетте айыпталған Қылмыстық кодекстің 28-бабы 4-бөлігі емес, 434-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Яғни, ол қылмыс жасалғаны туралы біле тұра жасырғаны үшін үш жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда мұндай үкіммен прокурорлар да, жәбірленуші тарап та келіспей, апелляциялық шағым түсірді. Тіпті қайтыс болғандардың қызы Татьяна Приходченко видеоүндеу жариялап, ата-анасы мен інісін өлтіргендерге жазаны қатаңдатуды сұраған еді.

Сөйтіп 2024 жылдың қараша айында апелляциялық сот басталды. Ирина Скоробогатова өзінің бұл қылмысқа еш қатысы жоқ екенін айтып ақталды. Сергей Емеляьнов өзінің ешкімді өлтірмегенін айтты. Сөзінше, қылмыстың барлығын Данил Орлов жасаған. Ал Данил Орлов тағылған айыпты мойындамады.

Бес айға жалғасқан апелляциялық сот 27 наурыз күні аяқталды. Солтүстік Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Сергей Емельяновқа қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды. Ал Данил Орлов жазасын алғашқыда айтылғандай 21 жыл сегіз ай емес, 23 жыл өтейді. Ирина Скоробогатованың да жазасы қатаңдатылды. Ол 4 жылға бас бостандығынан айырылды.  Енді Татьяна Приходченко Жоғарғы сотқа шағым түсірмек.

Үкіммен отбасынан айырылған Татьяна Приходченко келіспей отыр.

"Ирина Скоробогатованың аталған қылмысты жасауға итерермелегені дәлелденді. Сондықтан мен оған тағайындалған жазамен келіспеймін. Ал Данил Орловты өмір бойына бас бостандығынан айыру керек еді", – деді Татьяна.  

Талқылау