Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ШҚО-да бір топ лауазымды тұлға көшенің жарығын ауыстыруға бөлінген 2,5 миллиард теңгені жымқырған

Шығыс Қазақстан облысында көшелерді жарықтандыру жобасына бөлінген бюджет қаражатын жымқырған бір топ лауазымды тұлғаға қылмыстық іс қозғалды. Олар жабдықтар мен жұмыстың құнын арттырып, 2,5 миллиард теңгедей қаражат сұратқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, “Мемлекеттік-жекеше әріптестік аймақтық орталығы" АҚ лауазымды тұлғаларына бюджет қаражатын жымқыру, лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану, заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысу фактілері бойынша айып тағылып отыр. Қылмыстық іс қазір сотқа жолданған.

“2019 жылы "Өскемен және Семей қалаларындағы көше жарықтандыру жүйелерін жаңғырту" жобасы іске қосылды. Оның аясында электр қуатын үнемдеу және жарық сапасын арттыру мақсатында ескі жарықтандыру құралдарын қуаты тиімді жарықдиодты шамдарға ауыстыру көзделген болатын.

Алайда, лауазымды тұлғалар жобаны жүзеге асыру барысында жалған актілерге қол қою арқылы жабдықтар мен жұмыстардың құнын арттырған және жалпы сомасы 2,5 миллиард теңгеге техникалық сипаттамаларға сәйкес келмейтін көшелерді жарықтандыру құралдарын қабылдаған”, – делінген хабарламада. 



Сонымен қатар, орталықтың басшысы компанияны сенімді адамының атына тіркеп, қаражатты жымқыру үшін қосалқы мердігерлік ұйым ретінде пайдаланған.

“Қылмыстық жолмен алынған қаражатқа жалпы құны 265 миллион теңгені құрайтын элиталық жылжымайтын және жылжымалы мүлік сатып алынған. Оларды ықтимал тәркілеуден жасыру мақсатында сенімді тұлғаларға рәсімдеген.

Сот санкциясымен аталған мүлікке тәркілеу мақсатында тыйым салынды. Күдікті тұлғалар тарапында қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды”, – деді ведомство.  

Талқылау