Шымкент әкімі сумен жабдықтау объектілерін мемлекет меншігіне әлі қайтара алмай жатыр: Адвокат шенеунікті кінәлады
Шымкент қаласының әкімдігі сумен жабдықтау және су бұру стратегиялық объектілерін мемлекет меншігіне қайтара алмай жүр. Бұл нысандар халықтың ауыз суы мен тұрмыстық қажетіне пайдалануға берілуге тиіс болған. Алайда істің шешілмей жатқанына байланысты әкім Ғабит Сыздықбековтың адвокаты Жания Бодау желіде премьер-министр Олжас Бектеновке үндеу жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Жания Бодау
Жания Бодау әлі нақты шешімі жоқ, даулы іс туралы желіде баяндады.
“Құрметті Олжас Абайұлы! Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті төрағасының орынбасары Нұрмахан Әділбековтың тікелей тапсырмаңызды орындамай, алаңдатарлық жағдай жасап отырғанына назар аударуыңызды сұраймын.
Өздеріңіз білетіндей, 2024 жылы 6 маусымда сіздің төрағалығыңызбен өткен мемлекеттік комиссия отырысында Шымкенттегі сумен жабдықтау және су бұру стратегиялық объектілерін мемлекеттік меншікке қайтару туралы шешім қабылданды. Қаржы министрлігіне, Бас Прокуратураға және Шымкент қаласының әкіміне осы шешімді орындау тапсырылды. Сондай-ақ халықтың мүддесі үшін сумен жабдықтау қызметтеріне тарифтерді төмендету үшін жан-жақты шаралар қабылдау да айтылды”, – деді ол.
Жания Бодаудың сөзінше, өкінішке қарай бұл тапсырмалар әлі күнге дейін орындалмаған.
“Шешім қабылданған кезден бастап, осы уақытқа дейін бұл органдар мәселенің өзі шешілгенін күтіп жүрген сияқты. Шымкент әкімі ғажайыпты күтпей, қалалық экономикалық сотқа талап-арыз жазды. Ол "Су ресурстары-маркетинг" ЖШС мен "Түркістан мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті" (құқықтық мирасқорлар) арасында жекешелендіру нәтижесінде жасалған объектілерді сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тануды талап етті.
Азаматтық кодекстің 193-бабына және Су кодексінің 4-бабына сәйкес (1997-1998 жж. редакциясында) су тек мемлекеттік меншікте болады. Сонымен қатар бірінші кезекте халықтың ауыз су және тұрмыстық қажетін қанағаттандыру үшін пайдаланылуға тиіс”, – деп қосты маман.
Жанияның айтуынша, сотта жауапкер ретінде сөйлеген Әділбеков сонда да Шымкент әкімі берген талапты мойындамаған.
“Ол жекешелендірудің заңды екенін айтып, ескіру мерзімін өткізіп алу туралы мәлімдемелерге сүйенді.
Заң бойынша (Азаматтық кодекстің 187-бабының 4-тармағы) дәл осындай кейстерде талап қою мерзімі қолданылмайды. Бұл жағдайда Шымкент әкімінің аппараты "Су ресурстары-маркетинг" ЖШС-ның 22,08% үлесіне ие. Сондықтан стратегиялық объектілер іс жүзінде мемлекеттің иелігінен толық шығарылған жоқ. Бұл талап қою мерзімі қолданылмайтынын, ал Әділбековтің дәлелдері заң тұрғысынан негізсіз екенін білдіреді”, – деді ол.
Сөз соңында әкімдік өкілі премьер-министрден істі шешуге көмек сұрады.
“Бұл Әділбековтың мемлекеттің мүддесі үшін емес, жеке компанияның мүддесі үшін әрекет ететінін көрсетіп күмән тудырып отыр. Сіздің шешіміңіздің орындалуына кедергі келтіріп қана қоймай, мемлекеттік органдардың іс-әрекеттеріне деген сенімге нұқсан келтіреді. Сонда сұрақ туындайды: Ол кімге қызмет етеді? Мемлекетке ме бизнеске ме?
Құрметті Олжас Абайұлы, сіздің сөзіңіздің салмағы болғандықтан бұл іс біртіндеп қозғалады деп үміттенемін. Әйтпесе су кетіп жатқанымен іс олай жүріп тұрған жоқ. Шымкент халқы бұл мәселенің әділ шешілуін күтеді. Бұл олардың әл-ауқатына тікелей қатысты”, – деп қорытты ол.