Қарағанды облысының тұрғындары 5 күннен бері жарықсыз әрі жылусыз отырғанын айтып, наразылық білдірді
Қарағанды облысы Шет ауданында электр қуатына қатысты 5 күннен бері төтенше жағдай болып отыр. Құзырлы органдар электр желісін тексеруге кірісті. Қызмет көрсетуші компания иесі төтенше жағдайды корпоративтік рейд деп атады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Шет ауданында төтенше жағдай аясында "Шет-Энерго" серіктестігінің электр желілеріне тексеру жүргізіліп жатыр. Аудан басшыларының айтуынша, 20 жылдан бері оларға бір тиын да салынбаған. Осының бәріне қызмет көрсетушінің өзі наразы.
"Шет-Энерго" ЖШС басшысының айтуынша, төтенше жағдай жариялауға заңды негіз болмаған. "Жезқазған РЭК" компаниясының өзі "Шет-Энергомен" келісімшарт жасасуды кейінге қалдырған. Артынша бір тәулікке электр қуаты өшіп, біреулер 6 қосалқы станция мен 10 трансформаторлық қосалқы станцияны қиратқан.
“Бұл қысым көптен бері жүріп жатыр. Министрліктен қаншама хаттар келіп жатыр. 300-дей апат болды дейді. Бұл қайдан шыққанын білмеймін”, – дейді "Шет-Энерго” ЖШС директоры Құрманғазы Әміров.
Ал Шет ауданы әкімдігінің мәліметінше, 2023 жылы 94, 2024 жылы 300-ге жуық, ал 2025 жылдың қаңтар-ақпан айларында 81 апат тіркелген. Ал тұрғындар жарықсыз, жылусыз өмір сүруден шаршадық деп отыр.
Үкімет желтоқсан айынан бері "Шет-Энерго" мүлкін мемлекетке қайтарып алу туралы сөз қозғап жатыр. Серіктестік иесі қарсылық білдірмей, керісінше оның құнын төлеуді талап етіп жатыр.
“Егер басқа кәсіпкер болса, рейдерлік басып алу жүзеге асырылуы мүмкін. Ал менің міндетім аудан тұрғындарын тұрақты электр қуатымен қамтамасыз ету. Ол кәсіпкер ретінде жұмыс істей алады. Оның басқа компаниялары бар. Ол мұның бәрін бір жерден салып, дамыта алады. Бірақ бұл орындалмай жатыр. Ал мынау 99 пайыз тозығы жеткен шаруа қожалығын мемлекетке сатпақ па? Мұны енді кім қабылдайды?”, – дейді Шет ауданының әкімі Мұхит Мұхтаров.
Әкімнің айтуынша, "Шет-Энергоның" тіпті диспетчерлік пункті де жоқ. Қызметкерлер мен техника да жеткіліксіз дейді.
“Бұл – қызмет көрсетушіге қойылатын минимал талаптар. Алайда аудан деңгейінде кәсіпорынды мемлекет меншігіне өткізу мәселесі әлі көтерілген жоқ. Қазір төтенше жағдай аясында мамандар жабдықтың жағдайын тексеріп, оның мүлкінің құнын және қажет жөндеу жұмысын істеп жатыр”, – дейді әкім.
Ал тұрғындар тек тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етуді сұрап отыр.
“Осының бәрінен шаршадық. Өзім ауырып жүрген адаммын. Бізге жарық керек. Жарықсыз бірдеңе істеу мүмкін емес. ХХІ ғасырда мұндай жағдайдың болғаны тіпті ұят”, – дейді тұрғын Айгүл Жұмабекова.
Аудан тұрғындары да электр желісі стратегиялық нысан ретінде мемлекет меншігінде болуы керек дейді.
Айта кетейік, бұған дейін Орал тұрғындары бұрынғы басшының қарызына байланысты жарықсыз қалғаны туралы жазған едік.