Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Құжаттарын тартып алып, ақша бермей қойған": Ресейге жұмыс істеуге барған қазақстандықтар құлдыққа түсіп қалғандарын мәлімдеді

Желіде Ресейге вахталық жұмысқа барамыз деп, құлдыққа түсіп қалған қазақстандықтардың видеосы тарады. Мәліметтерге сүйенсек, олар “Сибирь групп” атты компанияның жарнамасына сеніп, шетелге кеткен. Ал онда құжаттарын тартып алып, еңбекақыларын бермей қойған. Аталған күмәнді компанияның жарнамалары түрлі платформаларда әлі де актуал, тіпті өз кеңселері бар екен. Stan.kz тілшісі мәселені толығырақ білуге тырысты.

Видеодан скриншот

Ресейдің “Мамы Мира” еріктілерінің TikTok парақшасы еңбек құлдығында болған қазақстандықтардың оқиғасын бөлісіп, оларға көмек керегін мәлімдеген. 

Ақтаулық Петр Монаненко арнайы қосымшадан вакансия көрген. Оған компания Тверь қаласындағы шұжық фермасынан жұмыс ұсынып, күніне 5000 рубль (25 мың теңгедей) төлейміз деп келіскен. Ресейге бару, Қазақстанға қайту шығыны компаниядан депті. 

Бірақ оларды Тверь емес, Ресейдің басқа қалаларына Самараға, әрі қарай Железногорға апарған. Онда шошқа сойып, еттерді тураған.

“Жұмысқа ресми түрде орналастыру үшін құжаттарымды сұрады. Келісімшартқа қол қойдыртты, бірақ көшірмесін бермеді. Үш күнде құжатты қайтарамыз дегенімен, 2 аптаға созды. Кейін жұмыста айыппұл деген жүйе шықты. Алғашында жол шығыны өзімізден деп алып, артынан 18 мың рубль (90 мың теңге) жол шығыны үшін деді. Сол айыппұлды өтемегенше, құжатты бермейміз деген талап қойды”, – деді Монаненко.

Ер адам ақысыз жұмыстан қашу үшін “ұлым ауырып жатыр, кетуім керек” деп өтірік айтқан. Сонда да компания оған құжатты да, айлығын да бермеген дейді. Амалы таусылған Петр теміржол вокзалында 2 түн түнеген.



Атыраулық Азамат Молдашев та жарнамаға алданып, Железногорға вахталық жұмысқа кіріпті. Дәл солай оның да құжатын тартып алып, қайтармаған. 

“Жұмыс өте ауыр, келісілгендей болған жоқ. Ұйқы көрмедік, бір тиын да алмадық. 14 ауысым жұмыс істедім. Мұнда өзімді түрмедегідей сезіндім. Сол үшін кетіп қалдым. Енді шекарадан өтіп, елге оралғым келеді”, – деді алданған ер адам. 

Дәл солай нәпақа табамын деп келген екібастұздық Қанат Айқожиннің өзіне компания, керісінше, 21 мың рубль айыппұл салып, қарызсың деп шығарған. Яғни құжат жасату, жол шығыны, тіркеудің бәрі ақша деп айыппұлын өтемегенше, құжатын бермейміз деген. Ол 6 ауысым жұмыс істегенімен, еңбекақы алмапты.

“Тамақтары өте нашар, жұмыс ауыр, демалыс жоқ. Не болса соған айыппұл сала береді. Мұндай талаптардан шаршап, ереуілге шығамыз деп бекіндік. Миграциялық прокуратураға шағымданып, сол жерге учаскелік полицейді алып келдік”, – деді ер адам.

Компания құжаттары Мәскеуде екенін айтып, сол жаққа жіберген. 

Еңбек құлдығына түскен Петр Монаненконың қарындасы ағасының елге қайта алмай жатқанына алаңдап, ресейлік еріктілермен байланысқа шыққан. Ағасының нөмірін еріктілерге ұсынып, оны тауып алуды өтінген.

Ресейлік “Мамы Мира” еріктісі Сергей Стрелков үш қазақстандықты да тауып алған. Stan.kz тілшісіне берген пікірінде Сергей құжаты жоқ азаматтарға уақытша құжат жасап бергенін айтты. Уақытша құжатты көбіне өз құжатын жоғалтып алған кезде береді. Осылайша еріктілер уақытша құжат арқылы елге қайтуға пойыз билетін алып берген.

Қазір үш азамат елге оралды деп отыр. Сөзінше, “Сибирь групп” жарнамасы Қазақстандағы жұмыс іздеу платформаларында көп тараған. 

 

Stan.kz тілшісі “Сибирь групп” компаниясы жайлы көбірек ақпарат білуге тырысты. Бірнеше жұмыс іздеу платформаларында әлі де жарнамалары тұрғанын байқадық. Сондай-ақ Ақтөбеде кеңсесі бары белгілі болды. Алайда телефон нөмірі көрсетілмеген, әлеуметтік желідегі парақшасы өшіріліпті.

Коллаж Stan.kz

Сол үшін Еңбекті қорғау инспекциясына сауал жолдап, компанияға қатысты арыз-шағым түскен-түспегенін сұрадық. Олар сауалды Ақтөбе еңбек департаментіне жолдады. Ал Ақтөбедегі департамент мұндай жайттан хабарсыз болып шықты. Сөздерінше, бұл компанияның үстінен ешқандай арыз түспеді. 

“Егер жәбірленушілерден ешқандай арыз-шағым түспесе, өздігімізден тексеріс жүргізе алмаймыз. Оның заңды-заңсыз жұмыс істегеніне баға бере алмаймыз. Ал шағым айтылса, ІІМ-мен бірге тексереміз”, – деп мәлімдеді Ақтөбе еңбек департаментінің қызметкері. 

Ішкі істер министрлігіне де мұндай шағым түспеген екен. 

Талқылау