Шерзат Полаттың өліміне күдіктілердің изоляторда туған күн тойлауы: Жауапты қызметкерлер жазаланды
Шерзат Полаттың өлімі бойынша күдіктілердің уақытша ұстау изоляторында туған күнін атап өтуіне қатысты жарияланған даулы видеодан кейін жауапты қызметкерлер жұмыстан шығарылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеодан скрин
Ішкі істер министрлігі видеоны Еңбекшіқазақ ауданының бұрынғы ішкі істер қызметкерінің түсіргенін анықтады. Ол жеке ұялы телефонын қолданған.
“Видеоны түсірген бұрынғы қызметкер қызметтік мүддені сатқаны, ішкі істер министрлігінің тәртібін бұзғаны үшін қызметінен босатылып, арнайы атағынан айырылды", – деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар, қылмыстық іс қозғалды. Барлығы 16 қызметкерге қатаң тәртіптік шаралар қолданылды. Олардың бір бөлігі қызметінен босатылды, оның ішінде ішкі істер бөлімшесінің басшысы да бар.
Құқық қорғау органдары ішкі істер бөлімшелеріндегі режимді қатаң бақылауға алып, бейнемониторингті арттыру үшін қосымша шаралар енгізді және ұқсас мекемелерде жоспардан тыс тексерулер бастағанын мәлімдеді.
Желіде видео тараған еді. Видеода кісі өлтіруге күдікті қамаудағылардың туған күн тойлап жатқаны айтылған. Бейнежазбада олардың камера ішінде торт жеп, музыкаға билеп, ұялы телефон пайдаланғаны байқалады. Осыған байланысты мекеме бойынша тексеру жүргізілгенімен, оның нәтижелері әлі жарияланған жоқ.