"Сергек" Астанадағы жұмысын тоқтатты: Енді елордадағы бейнебақылау жүйесін БАӘ-ге тиесілі компания басқарады
Биыл 13 наурызда Астанада 2017 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан "Сергек" жобасы аяқталады. Енді елордадағы бейнебақылау жүйесі G42 холдингіне кіретін Біріккен араб әмірлігінің Presignt компаниясына беріледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: freepik
Астана қаласы Цифрландыру және халыққа қызмет көрсету басқармасының басшысы Дидар Сүлеймановтың айтуынша, Астана әкімдігі мен "Сергек" бейнебақылау камерасын жасаушы арасында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы келісімінің мерзімі аяқталды. Енді оны жергілікті билік жаңартпайды. Керісінше Астанадағы бейнебақылау жүйесін басқару Біріккен Араб әмірлігінің Presignt компаниясына беріледі.
Компания жобаны бес жылға – 2025-2030 жылдарға есептелген мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асырмақ. Оған 53 миллиард теңге жұмсалады. Жобаның мақсаты – "ақылды" қала (Smart City) тұжырымдамасына сәйкес инфрақұрылым құру және жол қауіпсіздігін арттыру. Бұл мақсаттағы шығындардың 100%-ын жеке серіктес өтейді. Жобаға қатысудың 60 пайызын қазақстандық компаниялар қамтамасыз етеді. Біріккен Араб әмірлігінің Presignt компаниясы төлемдерді мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы іске қосылғаннан кейін ғана алады.
Presignt компаниясына мына міндеттер жүктеледі:
- 10 мың заманауи бейнебақылау камераларын орнату;
- жолдарда 502 заманауи аппараттық-бағдарламалық жүйелерді орнату;
- терроризмге осал объектілердің (жеке мектептер мен балабақшалар, вокзалдар, әуежайлар, LRT) 8 мың бейнебақылау камерасын біріктіру;
- тұрақты қуат көзіне қосылуды қамтамасыз ету;
- талшықты-оптикалық байланыс желілері арқылы байланыс арналарын ұйымдастыру;
- деректер орталығын құру;
- қаланың коммуналдық шаруашылығының бірыңғай ахуалдық орталығын ұйымдастыру.
Камералар туралы
Компанияның бейнебақылау жүйесіне 50 бейнеаналитика түрі кіреді.
Функциялардың арасында:
- көлік жүргізу кезінде телефонмен сөйлесулерді жазу;
- тағылмаған қауіпсіздік белдігін анықтау;
- қозғалыс көп жүретін қиылысқа шығу;
- екінші жолақтан бұрылу;
- рұқсат етілмеген жерде тоқтау;
- жаяу жүргіншілерге жол бермеу;
- көлік түрін анықтау (жеңіл автомобиль, жүк көлігі, маркасы, түсі);
- адамдардың құлауын анықтау;
- ұрысты анықтау;
- қаруды анықтау;
- рұқсат етілмеген жерлерде темекі шегуді тіркеу;
- рұқсат етілмеген үйінділерді анықтау;
- қаңғыбас жануарларды анықтау.
Жаңа компания туралы не белгілі
Presignt - G42 эмираттың холдингінің еншілес кәсіпорны және жасанды интеллект әзірлеушісі. Ол жалпыға қолжетімді және ADX (Абу-Даби) тізімінде. Оның бүкіл әлем бойынша табысты жобалары бар. 2024 жылдың алғашқы 9 айында компания 1,17 миллиард БАӘ дирхам (ағымдағы бағам бойынша 159 миллиард теңге) табыс тапқан. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 9,6 пайызға артық.
Сүлеймановтың айтуынша, жаңа жобаны қалыптастыру кезінде қазіргі жобаның кемшіліктері ескерілді.
"Сергек жобасы 2017 жылы жүзеге асырылды. 2025 жылдың 13 наурызында "Көркем Телеком" компаниясымен келісімшарт мерзімі аяқталады. Біз G42 холдингіне кіретін Presight халықаралық компаниясымен бірге Астанада жасанды зият негізінде қалалық инфрақұрылымды басқару шешімін енгізу бойынша жұмыс жүргіздік", – деді Сүлейманов.
Дидар Сүлеймановтың айтуынша, жобада 22 мың жалпы бейнебақылау камералары, қиылыстарда 732 аппараттық-бағдарламалық кешен, желілік учаскелерде 470 аппараттық-бағдарламалық кешен қарастырылғанын айтты.
“Жобада жол қозғалысы ережелерін бұзудың 15 жазбасы мен 35 бейнеаналитика түрі қарастырылған. Кез келген оқиғаны тез бақылау үшін жедел коммуналдық қызметтерді біріктіретін деректерді өңдеу орталығы ұйымдастырылып, бірыңғай ахуалдық орталық құрылады. Жоба 2030 жылға дейін созылады. Біз адамдар көп шоғырланған жерлерде 100% бейнебақылауды қамтамасыз ету арқылы қауіптің алдын ала аламыз. Жасанды интеллекті пайдалану процестерді оңтайландыруға мүмкіндік береді”, – дейді Сүлейманов.
Сүлеймановтың сөзінше, билік жоба аясында қаланы жедел бақылауға арналған заманауи ситуациялық орталық құрады. Ал үлкен деректерді талдау қалалық процестерді оңтайландырады. Ақпаратты қорғау үшін жүйеге кіруді Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Мемлекеттік күзет қызметі бақылайды.
Мәслихат депутаттары "Сергекті" ауыстыруды және бейнебақылау жүйесін бақылауды "Presignt" компаниясына беруді мақұлдады.
"Сергек" туралы
Сергек жүйесі Астанада 2017 жылы пайда болды. Бұл "Астана қаласында фото-бейне жазу және талдауға арналған аппараттық-бағдарламалық кешен құру және пайдалану" атты мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы. Әзірлеуші Open Technologies Group және The One Capital консорциумын басқаратын Көркем Телеком.
Қалада 6000-ға жуық камера бар. Олар:
жол қозғалысы ережелерін бұзуды тіркейді;
бет-әлпеттерді таниды;
қылмыскерлер мен із-түзсіз жоғалған адамдарды іздеуге көмектеседі;
жаппай жиналуларды бақылайды;
ЖИ көмегімен көліктердің сипаттамаларын анықтайды.
Жүргізушілер 1414 сайтынан айыппұлдар туралы SMS алады. Бірақ хабарлама бірден емес, бұзушылықтан 1-1,5 күннен кейін келеді.
Сергек Қазақстанның 13 қаласында: Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан, Атырау, Тараз, Семей, Ақтау, Қостанай, Құлсары, Қызылорда, Көкшетау, Талдықорған және үш облыста (Жетісу, Түркістан және Алматы) жұмыс істейді.
Жүйеге қанша ақша жұмсалды?
Жеке инвесторлар жобаға 8,4 миллиард теңге инвестиция құйып, әкімдік оларға 25,9 миллиард теңге төлеуге міндеттелді. Бірақ кейін бұл сома 1 миллиардқа қысқарды. Нәтижесінде жеке инвестициялар үш есе азайды. Инвесторларға өтемақы төлеуге қаражат қала бюджетінен түсті, ол басқалармен қатар жүргізушілердің айыппұлдарымен толықтырылды. Бағдарламалық қамтамасыз ету енді әкімдікке тиесілі.
Табысы қандай?
2024 жылдың 9 айында ғана камералар 642 мың заң бұзушылықты тіркеп, оларға жалпы сомасы 6,1 миллиардтеңге айыппұл салынды. Нәтижесінде бюджетке 5,2 миллиард теңге түсті.
Ал 2023 жылы камералар 9,7 миллиард теңгеге 842 мың заң бұзушылықты анықтап, оның 6,9 миллиард теңгесі бюджетке түскен.
"Сергек" өз жұмысының барлық кезеңінде жалпы сомасы 51,5 миллиард теңге болатын айыппұлдарды тіркеді. Оның 38,3 миллиард теңгесі бюджетке түсті. Әкімдік "Сергектің" арқасында адам өлімі 48%-ға, қылмыс 67%-ға, жол қозғалысы ережелерін бұзу 72%-ға төмендегенін айтты.
Айта кетейік, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы “Сергек” камерасын орнататын компанияға 200 миллион теңгеден аса заңсыз қаржы бөлінгенін анықтаған еді.