Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда жүргізушілерге салынатын айыппұл үшін 50 пайыз жеңілдікті алып тастау ұсынылды

Сенатор Марат Қожаев жол қозғалысы ережелерін қасақана бұзатындарды жазалауды қайта қарау керек екенін жеткізді. Айтуынша, азаматтар қатаң талаптарға қарамастан жол ережесін жиі қайталап бұзады. Сол үшін айыппұлдағы 50% жеңілдікті алып тастау керек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: pixabay.com

Депутат өз сауалында кейінгі кезде жол жүрісі қағидаларының бұзылуы көбейе түскеніне тоқталды.

"Қазір ереже бұзудың саны 3 708 084 болып отыр. Ережені жүйелі түрде бұзатындардың алдын алуға қолданыстағы тәжірибе мүмкіндік бермейді. Техникалық құралдарды автоматты түрде тіркеген жүргізуші ережені қайта бұзса, жауапқа тартылып жатқан жоқ. Себебі көлік құралының иесіне айыппұл алдыңғы ереже бұзғаны туралы мәлімет ескерілмей салынады. Сондай-ақ жол қозғалысы ережесін елемейтін, жол тәртібін қасақана бұзатындарға Жол жүрісі қағидалары бойынша емтиханды қайта тапсыруды міндеттеу мүмкін емес. Техникалық құралдар ережені бұзу дерегін ғана тіркейді. Бірақ жүргізушінің дайындық деңгейін және оның жол ережесін өрескел бұзу мен қауіпті әрекетке бейімділігін бағалауға мүмкіндік бермейді",– деді ол.

Марат Қожаевтың айтуынша, бір жылда бір адамға камералар 143 заң бұзушылықты тіркеген. Ал бұл автокөлік иесі 3 миллион теңгеден астам айыппұл төлеген. Осыған ұқсас жағдайлар өте көп екен. 

"Әдетте, жол ережелерін автокөліктердің беделді маркалары мен жоғары сұраныстағы нөмірлік белгілері бар ауқатты отбасылардан шыққан жастар елемей жатады. Олар саналы түрде төтенше жағдайлар туғызып, жолда қауіпті бұрылыстар жасайды, қауіпсіздік ережелерін ескермейді. Айыппұл төлеу кезіндегі 50% жеңілдікті пайдаланатын олар көшені қауіпті ойын алаңына айналдырып, заң бұзуды жалғастырып жатыр. Заңды жиі бұзатындар үшін қазіргі салынып жатқан айыппұлдар пәрменді шара болмасы анық. Демек бұл үшін жазалау тәсілдерін шұғыл қайта қарау қажет", – деді Қожаев. 



Оның айтуынша, бірқатар елдерде заң бұзатындарға өз тиімділігін дәлелдеген қосымша жазалау тетіктері қолданылады. Германияда айыппұл ұпайларының жүйесі бар. Олар көп жиналып қалған кезде жүргізуші автоматты түрде көлік құралын басқару құқығынан айырылады. Ал Францияда заң бұзу қайталанған жағдайда айыппұлдарға ғана емес, сонымен қатар жүргізуші куәлігін белгілі бір мерзімге тоқтата тұру тәсілі қолданылады.

"Қазақстанда бұл тәжірибені қабылдап, айыппұлдарды түріне қарай қарастыратын заң бұзушылар үшін қосымша жазалау тетіктерін енгізуі керек", – деп атап өтті сенатор. 

Депутат сөз соңында мынадай ұсыныстарды айтты: 

  • техникалық құралдармен тіркелген 10-ға жуық және одан да көп заң бұзған жүргізушілер үшін жол көлік ережесі бойынша теориялық емтиханды қайта тапсыруға міндеттейтін жолдама көзделсін;
  • жүргізуші куәлігінен уақытша айырғанға дейін, камераларда тіркелген жол қозғалысы ережелерін қайталап бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейту;
  • белгілі бір кезеңдегі заң бұзушылықтар санын ескере отырып, көлік иелері үшін сараланған жазалау механизмін әзірлеу. Ережені жиі бұзатындар үшін айыппұлдағы 50% жеңілдікті алып тастау.

Еске салсақ, бұған дейін қазақстандықтардың бір жылда 304 миллиард теңге айыппұл төлегенін хабарлаған едік. 

Талқылау