Баламды әкесіне тастап қашып кеткім келді – Алматылық келіншек босанғаннан кейінгі күйзеліс туралы
Алматылық 28 жастағы Алина Отарбаева желіде әйелдердің босанғаннан кейінгі күйзелісіне қоғамның аса мән бермейтіні туралы мәселені қозғап жүр. Айтуынша, келіншектер босана сала ана бақытын сезінеді деген – жалған әңгіме. Себебі өзі ана атанғалы бері өмірі түбегейлі өзгеріп, бұл оның физикалық та, моралдық та жағдайына қатты әсер еткен. Тіпті нәрестені әкесіне тастап, қашып кеткісі келген де кездер болған екен. Бірінші ананың жағдайына мән беру керек деген ару Stan.kz тілшісіне босанғаннан кейінгі қиындықтары туралы айтып берді.
Фото: Алинаның жеке архиві
Алина Текелі қаласының тумасы. Ол жұбайымен Ресейдің Томск қаласында оқып жүргенінде танысқан.
“Жұбайым маркетолог, экономист. Ол менен 5 жасқа кіші. Қазір ол 23-те, мен 28-демін. Ол Северск деп аталатын Ресейдің кішігірім жабық қаласынан. Мен 24 жасымда тұрмысқа шықтым. Бас қосқаннан кейін Қазақстанға оралайық деп шешім қабылдадық”, – деді ол.
Келіншек жүктіліктің оңай өтпегенін есіне алды. Тіпті соңына дейін ішінде су көп болғанын білмеген.
“Жүктілік кезінде ішімнің үлкендігіне қарап сәбиім ірі болатын шығар деп ойлаған едім. Сөйтсем, ішімде су көп болғаннан нәресте әркез айналып жүрген. Салдарынан сәби босанар алдында аяғымен келіп тұр екен. Сондықтан табиғи түрде босануыма тыйым салынды”, – деп қосты ол.
Алина ойламаған жерде кесарь тілігімен босанған.
“5 күннен соң сәбиімізбен үйімізге шықтық. Үйде бізді енем күтті. Ол жанымызда екі ай болып, көмектесіп, кейін Ресейге қайтып кетті. Балаға қарауға қазір тек жұбайым көмектеседі. Себебі менің ата-анам басқа қалада, күйеуімнің ата-анасы басқа елде тұрады. Алғашқы үш ай өте қиын болды”, – деді ол.
Фото: Алинаның жеке архиві
“Босанған соң бәрін тастап ата-анама қашып кеткім келді...”
Келіншек өмірінің өзгеретіні мен жауапкершілік артылатыны туралы жүкті кезінен ойлаған. Алайда босанғаннан кейін өзіне назар аударудың да үлкен маңызға ие екенін түсінген.
“Босанғаннан кейін шынымен қиын кездерді бастан кештім. Өзімді әлсіз, шаршаңқы сезіндім. Оған қоса менде кесар тілігі болғандықтан қалпыма келуім қиындау болды. Басында қалай жылағаным есімде. Тіпті келесі күні бәрін тастап қашып кеткім келді. Сәби күйеуіме көнбей жылайды. Ал жұбайым оны жұбату үшін не істеу керегін білмейді. Салдарынан күйзелістің кесірінен күйеуіммен жиі келіспеушілік болатын.
Маған “жаман анамын, сәбиді әкесіне тастап, өз ата-анама кетіп, солармен тұру” деген ойлар жиі келетін. Есімде жуынатын бөлмеге кіріп алып шаршағаннан “мені ешкім түсінбейді” деп жылайтынмын. Бұл кездерде күйеуім де, енем де маған көмектесуге тырысты. Сонда да құдды ешкім менің жанымды түсінбейтіндей көрінді”, – деді Алина.
Келіншек алдымен баламен үйде отыру өмірін мүлде басқа жаққа өзгерткенін жеткізді.
“Есімде күйеуім ойын-сауық орталығына кеткенде мен үйде баламен қалдым. Ол үйден шығып кеткенде өмірімнің өзгергенін байқап жылайтынмын. Бәрі енді бұрынғыдай болмайтынын түсіндім. Үйден қалағанымша шығып кете алмаймын. Барлық әрекетті күйеуімнен сұрап барып істеуім керек. Оның сәбимен отыруға уақыты бар-жоғын білуім керек. Әрине бұл менің қатты көңіліме тиді. Салдарынан өзімді өте жаман сезініп, құдды әлем маған қарсы секілді сезіндім”, – деді ол.
@alinagovorit ♬ оригинальный звук - alinagovorit
“Сәби дүниеге әкелдің, бақытты болуың керек, неге жылайсың” дейді”
Алина қоғамның әйелдердің босанғаннан кейінгі күйзелісіне маңыз беріп қарауын сұрайды. Айтуынша, көбіне бұған аса мән берілмейді.
“Бізді тыңдап, бұл күйімізді елеп, шынымен мәселе ретінде ұқса дейміз. Сәбидің күтіміне, үй тірліктеріне де қолдау мен көмек күтеміз. Тіпті әйелге жай ғана кішкене тынығуға мүмкіндік берсе... Мәселен, үй жинау, тамақ дайындау, сәби күтімі деген сияқты үйреншікті дүниелер біз үшін өте маңызды. Кейде біз осыларға үлгермейміз. Мұндай жағдайда ана бақытын сезінбейміз де. “Қалай? Сен сәби дүниеге әкелдің. Бақытты болуың керек. Неге жылайсың” деп таңғалатындар бар. Мұндай қоршаған ортадан келетін қысымдар жағдайды одан сайын қиындатады. Бұл жерде әйелге ең бірінші қалпына келуіне уақыт беру керек. Себебі босанғаннан кейінгі күйзелістен арылу біраз уақытты алады”, – деп түсіндірді келіншек.
Алина қазір өзіне күйзелістен шығуға көмектесетін бірнеше тәсіл тапқанын алға тартты. Ол тіпті желіде де белсенді болып өзі секілді әйелдермен бірлесіп орта құрған.
“Босанған кезімде Алматыда құрбы достарым болмады. Сол себептен желіде парақша ашып, оны белсенді түрде дамыта бастадым. Сөйтіп әйелдердің кішігірім қауымдастығын ашып, онда декреттегі аналардың басын қостым. Қазір солармен кездесіп, балаларымызбен бірге серуендеп, бір-бірімізге қонаққа барамыз.
Сыртқа жиі шығып тұруға тырысамын. Өзіме бірдеңе сатып алып қуантамын. Сонымен қатар, тыныс алу жаттығулары мен медитация жасаймын. Бұл маған ішкі балансымды сақтауға күйзелісті төмендетуге көмектеседі. Таңымды әрқашан үйде теледидар алдында жаттығу жасаумен бастаймын”, – деп қосты ол.
“Сәбиге қамқор болу үшін алдымен өзіңе қамқор болуың керек”
Алина қорыта келе қыз-келіншектерге өмірдің осындай кезеңдеріне алдын ала дайын болуға шақырды.
“Босанған әйелдер алдымен физикалық, эмоциялық жағдайға назар аударуы керек. Көбірек демалып, дұрыс тамақтаныңыздар. Спортпен айналысуды да ұмытпаңыздар. Егер жақындарыңыз көмектесейік десе, бас тартпаңыздар. Бұл сізді өмірдің жаңа бастамасына дайындайды. Сәбиге қамқор болу үшін алдымен өзіңе қамқор болуың керек. Көмек қажет болса, айтудан сұраудан қорықпаған жөн.
Сәби туғаннан кейін өзгерістер болады. Бәрі керемет деп мән бермей жүрмеңіздер. Ана болу – түрлі күтпеген жағдайға толы жол. Яғни бәрі сіз ойлап, жоспарлағандай емес, қиын болары анық. Шыдам мен барлығын үйлесімде ұстау керек. Сонда ғана ана бақытын сезінуге болады”, – деп қорытты Алина.
Психологтердің сөзінше, туған баланы күту кезеңінде әйелдер өздеріне ерекше күтім жасау керек екенін ұмытпауы керек. Өздерін кінәлі сезіну немесе "мінсіз ана болу" туралы қоғамның талаптарын қабылдау депрессияның белгілерін тек күшейтеді. Әр адамға қолдау көрсету маңызды, әсіресе, осы кезеңде жақын адамдар мен жұбайы ерекше назар аударуы керек.
Туғаннан кейінгі депрессияның белгілері арасында көңіл-күйдің болмауы, ашушаңдық, ұйқысыздық, өзін-өзі бағалаудың төмендеуі, тіпті баланы жақсы көру мен қамқорлық көрсету қабілетінің азаюы кездеседі. Бұл кезеңде психологиялық қолдау, терапия немесе кәсіби көмек көрсету өте маңызды. Егер әйелдің жағдайы күрт нашарласа, маманмен кеңес алу өте маңызды, себебі уақытында көмек көрсетілсе, жағдайды қалпына келтіру әлдеқайда жеңіл болады.
@alinagovorit ♬ оригинальный звук - alinagovorit