"Түсімде қызыл тасты сәукеле ұстап отырдым": Қазақстандық әйел 7 қызды дүниеге әкелерде бірнеше рет аян түс көрген
Шымкенттік Нұрдәулет пен Әйгерім – 7 қыздың ата-анасы. “Қызым – қызғалдағым” деген ата-ана қыздың тәрбиесіне ерекше мән беріп, оларға қаталдық танытпау керек дейді. Әйгерім қыз бала әкеге жақын болып, оның мейірімі мен махаббатына тойып өсу керек деп санайды. Келіншек Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында қыздарын дүниеге әкелер алдында аян түстер көргенін айтты.
Фото: Отбасы мұрағатынан
Ерлі-зайыпты Нұрдәулет пен Әйгерім әлуметтік желіде танысқан. Екеуінің достығы махаббатқа ұласып, 2011 жылы шаңырақ көтерген.
“Жасым 36-да. Қазір бала күтімімен үйде отырмын. Жолдасым Нұрдәулет 37 жаста, "QAZAQGAZ AIMAQ" Шымкент акционерлік қоғамында жұмыс істейді. Біз 2010 жылы тамыз айында Агент желісі арқылы танысып, 2,5 айдай онлайн сөйлесіп жүрдік те, кейін дос болып араластық. Әрі қарай достығымыз махаббатқа ұласып, 2011 жылы наурыз айында отау құрдық. Жеті қызымыз – сол махаббатымыздың жемісі”, – дейді Әйгерім.
2011 жылы ерлі-зайыптының тұңғыш қызы дүниеге келген.
“Үлкен қызымыз Кәусар Жаңа жыл қарсаңында дүниеге келді. Екіншісі, Жанерке – 2013 жылғы. Жасмин – үшінші қызымыз, 2015 жылы наурыз айының 12 күні туса, арада тура бір жыл салып 13 наурызда төртінші қызымыз Гауһарды дүниеге әкелдім. Балаусамыз 2019 жылы өмірге келді. Балаусаның артынан 2020 жылы Аруна есімді қызымыз дүние есігін ашты. Кенжеміз Әдемі 9 айлық. Бес қыздың есімін жолдасым және оның ата-анасы қойды. “Алты қыз босанған ана – ару ана ғой” деп алтыншы қыздың есімін Аруна деп өзім қойдым”, – дейді қыздардың анасы.
@7zhuldyz_7stars ♬ оригинальный звук - Yelaman Yussup
“Түсімде қызыл тасты сәукеле ұстап отыр екенмін”
Әйгерім тұңғышына аяғы ауыр кезінде аян түс көрген. “Моншақты қыздарым көп болады” деген белгі болған екен ғой дейді ол.
“Үлкен қызыма аяғым ауыр кезінде түсімде ерекше түс көрдім. Жолдасым үлкен, әдемі көк алмалар толы ыдысты қолына алып, үйге көтеріп кірген. Сол алмалар осы қыздарымыз екен. Тағы сол тұңғышыма жүкті кезімде аян түс көрдім. Көп қыздармен отырған екенбіз. Біз жиналған бөлменің төбесіне жарқырап сәуле түсіп тұр екен. Жанымдағылар “кімдікі, кімдікі” деп жарық сәуленің қайдан түсіп тұрғанын таппай әлек. Сөйтсем мен қолымда қазақи, жылтыр тастардан жасалған, ортасында қызыл түсті үлкен тасы бар сәукеле ұстап отыр екенмін. Бұл да қыз босанар алдындағы аян түс болса керек”, – дейді Әйгерім тебірене.
Отанасы қыздардың бірінен соң бірі туылғанына жақындарым мен күйеуім қуанбаса, ренжіген жоқ дейді. Десе де, ерлі-зайыпты шекесі торсықтай ұлдан үмітті.
“Күйеуім қыздарын “Алланың берген сыйы” деп ерекше жақсы көреді. Қызды берген Алла ұлды да береді, әлі жаспыз. Алла қаласа, ұлды да болармыз. Ал туыстарымыз бізге тек тілеулес. Әр ана бірінші баласымен бірге өзі де өседі екен. Кейінгі балаларында тәжірибе жинап, ептеле бастайды. Дәл солай, мен де өзімді үлкен қызыммен бірге өстім десем болады. Қазақта “алдыңғы арба қайда барса, соңы да сонда барады" дейді. Үлкеніміз өте ақылды, сіңлілері де әпкесінің соңынан еріп келеді. Қыздардың тәрбиесінде айтарлықтай қиындықтар болды дей алмаймыз. Әрине, бала болған соң әр қыздың өзіне тән мінезі, еркеліктері де бар. Бірақ қыздың жаны нәзік. Әкесі де, мен де қатал тәрбиелемейміз. Бастысы, балаларымызға үлгілі ата-ана болуға барынша тырысамыз”, – дейді кейіпкеріміз.
Фото: Отбасы мұрағатынан
“Табиғатқа, тауға шығып, қаланың шуынан демаламыз”
14 жастағы Кәусардың өзінің жеке Youtube "VS Selection” атты каналы бар. Қазір Youtube-та 19.500 оқырманы бар Кәусар арнасына күнделікті видеолар салып отырады.
“Мектептен тыс домбыра және волейбол үйірмелеріне қатысады. Ал Жанерке бос уақытында кітап оқығанды ұнатады, үнемі сыйлыққа кітап сұрайды. Ол да әпкесімен үйірмеден қалмайды. Үшінші қыз Жасмин сурет салғанды ұнатады. Өте жанашыр, маған үнемі үй тірліктеріне көмектесіп жүреді, домбыраға барады. Гауһарым өте зерек, алғыр. Төртеуі де мектепте озат оқушылардың қатарында. Үш кішкентайым Балауса, Аруна, Әдемі әпкелерінің еркесі”, – дейді Әйгерім қыздардың жан-жақты білім алып өсіп жатқанын айтып.
Отанасының айтуынша, әкесі қыздарға көп көңіл бөліп, бірге уақыт өткізуге тырысады. Отбасы болып жиі демалысқа шығуды да әдетке айналдырған.
“Жолдасым балажан. Қыздарын қатты жақсы көреді. Қыздар әкесін жұмыстан күнде асыға күтеді. Біз барлық отбасылық мерекелерді бірге дастархан басында атап өтеміз, қыздардың туған күндерін әрдайым есте қалатындай етіп өткізуге тырысамыз. Көбіне табиғат аясына, тауға шыққанды, кәуәп пісіріп, қаланың у-шуынан жырақта уақыт өткізгенді ұнатамыз. Үнемі қаланы жаяу аралап кешкі серуенге шығуға тырысамыз. Отбасылық құндылығымыз – қыздарымыздың бақытты балалық шағы, олардың жарқын болашағы үшін нық қадам жасау, оған ықпал ету, шаңырағымызды берік ұстау”, – дейді Әйгерім.
@7zhuldyz_7stars ♬ оригинальный звук - Жеті жұлдыз & Seven stars
“Күйеуім “сенің жұмысың – бала-шағаның тәрбиесі” деді”
Қыздардың анасы бұған дейін есепші болып жұмыс істегенімен, қазір бала тәрбиесімен үйде отыр. Күйеуі де Әйгерімнің жұмысқа алаңдамай, балаларға көп көңіл бөлгенін қалайды.
“Жолдасым “сенің жұмысың – бала-шағаның тәрбиесі” дейді. Қыздарды мектепке, қосымша мен үйірмелерге апарып-әкелуге де көп уақыт кетеді. Қалған уақытта үйдің тірліктерінен босамаймын. Өзім де күнделікті қыздарға тәттілер пісіруден жалықпаймын. Қазір қыздар өскелі, үй шаруасынан біршама босап қалдым. Жеңіл-желпі тірліктерді қыздарым өзі тындырады. Есесіне өзіме де уақыт табамын, жолдасым екеуміз жиі кездесуге шығамыз. Бала тәрбиесіне келсек, жолдасым екеуміздің жауапкершілігіміз тең. Үй шаруасына қыздарымыз көмекші, аласүйде басшы – өзім. Өйткені асүйге ер адам тек ас ішуге кіруі керек деп ойлаймын”, – дейді үйдің отанасы.
Әйгерім қыздардың әкесіне жақын болатынын және олардың өмірінде әкенің рөлі маңызды екенін атап өтті. Өйткені әкенің берген мейірімі мен махаббат қыздарды жарқын болашаққа жетелейді деп сенеді.
“Баланың болашағына инвестиция – олардың жақсы білім алуы, тым болмаса бір аспапты меңгеріп, өнерге, спортқа жақын болуы. Сол себепті қыздарды мектептен тыс үйірмелерге қатыстырамыз. Қыздар – қызғалдақтар. Оларға ең әуелі әкесінің ерекше көңіл бөлгені, мейірімі мен махаббаты қажет. Яғни, басты рөлде – әкесі. "Қызды жоқшылық, ұлды тоқшылық құртады" дейді. Сондықтан қыз баланың көңілі тоқ болуы үшін оны мәпелеп, аялап өсірген дұрыс. Ата-анасының мейірім шапағатын бойына сіңірген қыз өзіне жақсы жар таңдай алады, болашағы жарқын болады деп ойлаймын. Әкесінің қолдауы қыздың өзіне сенімді болып бой жетуіне ықпал етеді. Ал бойындағы нәзіктігі анасына байланысты. Қыз баласы анасына қарап бой түзейді. Меніңше, бой жеткен қыз бен ананың арасында құпия-сыр болмайтындай тығыз байланыс болу керек. Осының барлығы қыз тәрбиесіндегі маңызды дүниелер”, – дейді жеті қыздың анасы.
Ерлі-зайыпты әлеуметтік желідегі отбасылық парақшаны белсенді жүргізеді. Бүгінде 30 мыңнан астам оқырманы бар Қалымбет әулеті желі қолданушыларын түрлі көңілді бейнежазбаларымен қуантып жүр.
@7zhuldyz_7stars ♬ оригинальный звук - Жеті жұлдыз & Seven stars