Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мұндағы айлық смартфон мен бренд заттарға оңай жетеді": Үш баласымен Кореяда тұратын қазақстандық шетелдегі өмірін айтып берді

32 жастағы алматылық Шолпан Нұрмұхаметова желіде көпшілікке Кореядағы өмірін көрсетіп, кеңестерін бөліседі. Келіншек басында жұбайымен бірге мұнда жұмысқа бару үшін 1 жасар қызын елде қалдырған. Кейін сол елдің қауіпсіздігі мен үлкен мүмкіндігін сезініп, қалуды шешкен. Кореяда тағы екі сәбиін дүниеге әкелген үш балалы ана Stan.kz тілшісіне өмірін, бұл елдегі медицина, босану процесі мен қаржылай табысы туралы айтып берді. 

Фото: Шолпанның Instagram парақшасынан

Шолпан Кореяға 8 жыл бұрын келген. Қазір Инчхон қаласында тұрып жатыр.  

“Басында жұмысқа келдік. Кейін ыңғайлы мемлекет екенін көріп, қалуға шешім қабылдадық. Қызымызды артымыздан алдырып, осы елде тағы екі бала сүйдік. Кореяда тұрып жатқаныма 8 жыл болады. 

Мұнда тұру өте ыңғайлы. Мектепке, балабақшаға бару ешқандай қиындық тудырмайды. Мемлекет шетел азаматы болсын, өз елінің азаматы болсын білімсіз қалдырмайды. Тілдері де оқып үйренсеңіз оңай”, – деді ол.

“Мұндағы айлық смартфон мен бренд заттарға оңай жетеді”

Шолпан алғаш Кореяға келгенде жұмыс ырғағына үйренісе алмағанын жасырмады. 

“Кәрістерде жұмыс тоқтамайды. Мұнда келген кезде өзіміздің белігілі бір мақсаттарымыз болды. Соны орындау үшін тоқтамастан аянбай еңбек еттік. Кәрістерде бізбен салыстырғанда жұмыс істеу қарқыны басқаша. Бәрін тез-тез істеуің керек. Тіпті жұмыс көлемі аз болса да жай тұруға болмайды. Осыған үйрену басында қиын болды”, – деп қосты ол.

Келіншек алғашында ауыр жұмыстарды істесе, қазір жұбайымен Қазақстанға көлік тасымалдаумен айналысады. 

“Жалақыны Қазақстанмен салыстырсақ, айырмашылық үлкен. Мұнда азық-түліктің бағасы өссе, міндетті түрде  жалақы да өседі. Салыстырмалы түрде айтқанда Қазақстанда соңғы үлгідегі ІPhone смартфондарын жұрт бөліп төлеп, несиеге бірнеше жылға алады. Ал мұндағы жалақымен егер үнемдеп ұстасаң, бір айлығыңа қысылмай сатып ала аласың. Мұнда екі үш айлық табысыңды жинап бренд заттарды қиындықсыз алуға болады”, – деп қосты ол.  

Фото: Шолпанның Instagram парақшасынан

“Кореяда екі баламды дүниеге әкелдім: Емханаға 700-800 мың теңге төледік”

Шолпан кәрістердің медицина саласы жақсы дамығанын алға тартты. Айтуынша, мұнда науқастың барлық керегі қамтамасыз етілген.

“Кореяда екі баламды дүниеге әкелдім. Сол себептен бұл жақтың медицинасын өз елімдікімен салыстыра аламын. Қазақстанда тұңғышымды босанғанымда қызметкерлердің менімен байланысы ұнаған жоқ. Олар маған босанайын деп жатқан әйел ретінде қарамағандай. Алғашқы сәбиім болғандықтан өте қорқынышты болды. Үлкен күйзеліске түстім.  

Ал Кореяда әйелдерді қатты бағалайды. 9 ай бойы әйелдің отбасы, туыстары әлпештеп отырады. Ауыр жұмыстар істетпейді, күйзеліске түсірмейді, жақсылап дұрыс тамақтануын қадағалайды. Әрдайым сондай қолдау беріп тұрады. 

Босанған кезде бізде Қазақстанда кішкентай баланы анасына беріп қоятын болса, мына жақта керісінше босана сала сәбиді анадан бөлек, өзінің бөлмесіне апарып, жасанды сүт беріп, анасын демалту үшін баладан ажыратады. Бұл анасының келісімімен жасалады”, – деді ол.

Шолпан сәбиінен ажырау алғашында қиын болғанын алға тартты. 

“Басында баламды уайымдағаным рас. Кейін шынымен өмірге бала әкелу үлкен іс екенін, менің де емделіп, қалпыма келуім қажет екенін ойладым. Бұл жерде бастысы Кореяның дәрігерлеріне 100 пайыз сенім болды. Кәрістер болашағамыз деген ұстаныммен балаларға өте жақсы қарайды. Олардың күйзеліске түспеуіне, әрқашан дұрыс көңіл-күйде болуына, жақсы білім алуына аса назар аударады. 

Біз босану кезінде сақтандыру қаражатын қолданбадық. Ал жалпы босану процесіне 700-800 мың теңге (2 миллион вонға жетпейтіндей) төледік. Дегенмен әр аурухананың бағасы әртүрлі. Кейбіреулерге одан да қымбат шығады. Бұл босанудың қаншалықты қиын жағдайда өткеніне байланысты. Мәселен кесарь тілігін жасатқандар 1 миллион 500 мың теңгедей төлейді”, – деп қосты келіншек.

Фото: Шолпанның Instagram парақшасынан

Шолпанның айтуынша, мұнда әйелдер босана сала өздеріне күтім жасауға көшеді. Түрлі чекаптан өтіп, денсаулығын түгелдей тексертеді.  

“Босанғаннан кейін кешкісін бірден палатаға апарады. Тамағыңды беріп, екпелер салады, міндетті түрде онкологиялық тұрғыда жатыр қатерлі ісігінің болмауын тексереді. Денсаулығыңа болашақта ешқандай қиындық болмайтындай қарайды. Мұнда әйел мен баланың денсаулығы жақсы болса екі-үш күнде шығады”, – деді ол.

Қазақстандық келіншек кәрістердің баланы емізуден бас тартатынына таңғалыпты. Мұнда әйелдер сүт келмес үшін арнайы екпе салдырып, сәбилерін жасанды сүттермен қоректендіреді екен.

“Мұның себебі әйелдер омырауын өз формасын жоғалтпас үшін және емізетін болса балаға әр кез байланып отырмас үшін бас таратады. Оларда 50/50 әдісі бар. Анасы жарты күн балаға қараса, әкесі де жарты күн қарайды. Одан бөлек, баланы емізу кәрістер үшін сәл жиіркенішті, оғаш әрекет болып саналады. Бізде көшеде, сауда орындарында баланы бір бұрышта емізу норма. Ал мұнда бұл – өте оғаш, ұят әрекет. Сол себепті егер баласын емізетіндер болса, ешкімнің көзіне түспейтін тек арнайы орындарға ғана бара алады”, – деп қосты ол.

@sholpana_daurena

МОЙ ИНСТ: sholpana_daurena А сколько вы заплатили за свои роды? Пиши в комментариях 🤪 Вгт столько заплатила Я👇🏻 1 750 000 won 1 350$ 603 000 теңге 112 800 ₽

♬ оригинальный звук - sholpana_daurena

“Кешке қарай душ қабылдауға, кір жуатын машинаны қосуға, балаларға жүгіріп жүруге болмайды”

Шолпан бұл жақта да қиын тұстар болып тұратынын алға тартты. Әсіресе 3 баламен тұрмыс тіршілікте көршілердің мазасын алмау өте маңызды екен. 

“Корей халқы азайып бара жатыр. Себебі мұнда көбі бала табудан бас тартады. Олар тек өздері үшін өмір сүруді таңдайды. Мұнда 3 баласы барлар көпбалалы ана ретінде есептеледі. Сондықтан біз тұратын үйде өзіндік ережелер бар. Кешкі сағат 20:00 мен 22:00-де душ қабылдауға болмайды. Кір жуатын машинаны қосуға, жүгіріп, жүруге болмайды. Үйге кіре берісте балалар шуламасын деп жазылып тұрады. Әрине басында мұндай жағдаймен кездесемін деп ойламаппын. Дегенмен баламен қиындау. Олар ойнағысы келеді. Балаға қалай бір орында тапжылмай отыр деп айтасың?

Бірде астымыздағы көрші бірнеше рет шағымданып жүрді. Соңында пәтерімізге келіп тұр екен. Сол кезде біз балаларымызды өзіне көрсетіп, оларға шулама деп айтуын сұрадық. Кейін ол балаларымды көріп, өзі қысылып, келесі күні оларға бір қорап шырын әкеліп, бізден кешірім сұрады. Осылай түсіністік танытып, сыпайылық білдірді”, – деді қазақстандық.

@sholpana_daurena Делитесь своим мненем в комментариях ⬇️ @sholpana_daurena ♬ оригинальный звук - sholpana_daurena

Шолпанның айтуынша, кәрістердің мәдениетінде олар бәріне сыйластықпен қарайды. Тіпті шетелдік деп іштей жақтырмай тұрса да мәдениетті сақтап, құрметтеуге тырысады екен. 

“Балаларым мектепте, балабақшада шошқа еті қосылған тағам жемейді. Бұл біз үшін өте маңызды. Сондықтан бұл туралы алдын ала ұстаздарына ескерткенбіз. Содан кейін күнде бізге мұғалімдер балалардың не жегені туралы есеп беріп отыратын болды. Олардың біздің ұстанымдарымызға деген құрметі ұнайды”, – деп қосты ол. 

“Қымбат телефон мен ақша толы сөмкең көшеде қалса, ешкім алмайды”

Шолпан Кореядағы халықтың заң мен тәртіпті қатаң сақтайтынын ерекше атап өтті.

“Есімде студент кезімде Қазақстанда жазғы демалыста колледжде 60 мың теңге айлыққа жұмыс істедім. Солай айлығым түскен күні банкоматтан алып, сөмкеме салдым. Кейін екі қадам аттап, жайсыздықты сезініп, сөмкеме қарасам, сол бойда ішіндегі бар табысымды біреу ұрлап кеткен. Қатты жылағаным есімде. Әкем ақша беретінін айтып әрең жұбатты. Мен болсам бір ай бойғы еңбегім, маңдай терім деп қатты ашындым. 

Фото: Шолпанның Instagram парақшасынан

Енді Кореяға келсек, бірде күйеуім балаларды ойнатуға аулаға шықты. Сөйтіп үйге келгеннен кейін жарты сағаттан соң жолдасым өзінің соңғы үлгідегі телефонының жоқ екенін байқайды. Алаңға бару үшін тағы 15 минут кетеді. Сонда да тексеруге шықты. Барса телефонды қалай қалдырды дәл солай орнында тұр екен. Ешкім тиіспеген де. Сол кезде таңғалдық. Шынымен халықтың ешкімнің затына тиіспейтінін түсіндік. Мұнда адамдар көп ақшасы бар сөмке тауып алса да, иесін іздеп, полицияға апарады”, – деді ол. 

@sholpana_daurena Какую старость вы бы хотели ? Делитесь в комментариях 🔽 @sholpana_daurena #корея #жизньвкорее #популярно #популярноe #sholpana_daurena #жизньвкорее #казахивкорее🇰🇷🇰🇿 #kazakhstan ♬ оригинальный звук - sholpana_daurena

“Кәрістер шетелдік азаматты көрсе, өзге тілде сөйлеп кетпейді”

Шолпан сөз соңында Қазақстанға Кореядан үйрену керек нәрселердің бар екенін алға тартты. 

“Еліміз Кореяның деңгейіне жету үшін әр адам өзінен бастауы керек. Біз мұсылман ел бола тұра жұртты сынап-мінеп отырамыз. Әр отбасы балаларын тәртіпке үйретсе деймін. Мысалы мұнда әр кәріс балаға кішкентайынан қоғамдық орында өзгелерге ыңғайсыздық тудырмауды үйретеді. Таңғалатыным, кәрістер өздерінің тілін, мәдениеті мен ұстанымдарын сақтап қалған әрі дәріптеп жүреді. Мәселен, шетелдік азаматты көрсе, өзге тілде сөйлеп кетпейді. “Жұмыста да біздің тілді үйрен” деп өздерінің тілдерін барынша үйретуге тырысады. Сондықтан біздің елге де осындай ұстанымдар жетіспейді. 

Қазақстанда бәрі бастық болғысы келеді. Оңай ақша тапқысы келеді. Сонымен қатар бізде адам бір кәсіп бастайын десе, үлкен қиындықтар мен кедергілерге тап болады. Ал Кореяда мұнда іс бастаған адамға жұмыла қолдау жасайды. Мәселен мұнда ақша аударымында шектеу мен кедергілер жоқ. 

Алдағы уақытта елге оралу ойымызда бар. Кореяға келіп-кетіп тұратындай жағдайымыз болса дейміз”, – деп қорытты ол. 

@sholpana_daurena

А у тебя есть в планах приехать в корею? Делись в комментариях ⬇️

♬ оригинальный звук - sholpana_daurena
Талқылау