"Шындыққа жанаспайды": Саясат Нұрбек Шигео Катсудың Назарбаев университетіндегі жемқорлық туралы сынына жауап берді
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Назарбаев университетінің экс-президенті Шигео Катсудың мәлімдемесін негізсіз деп атады. Айтуынша, ЖОО-ның қаржылық қызметі қатаң бақылауда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: nu.edu.kz
Министр Шигео Катсудың университетке қаржылық тәуелсіздікке нұқсан келтірді деген айыптауларына түсініктеме берді. Айтуынша, 2024 жылы жоғары аудиторлық палата ЖОО қызметіне ауқымды тексеру жүргізген.
"Оның нәтижелері бойынша жеке үлкен іс-шаралар жоспары қабылданды. Мен Катсу мырзаның мәлімдемесіне түсініктеме бере алмаймын. Бірақ оның шындыққа жанаспайтынын айта аламын", – деді Саясат Нұрбек.
Министрдің айтуынша, аудит университет қызметінің барлық аспектілерін, соның ішінде ұйымдастырушылық, кадрлық және қаржылық мәселелерін қамтыған. Барлық анықталған бұзушылықтар тіркелді және олардың негізінде университеттің Қамқоршылық кеңесінің бақылауымен жүзеге асырылатын іс-шаралар жоспары әзірленді.
Саясат Нұрбек Шигео Катсудың мәлімдемелерін қамтитын жарияланымдарға күмән келтірді.
"Шынымды айтсам жарияланымдар негізінен күмән тудыратын еуропалық дереккөздерде болып отыр. Ірі басылымдарда мұндай мәлімдемелер жоқ, тек агрегаторларда. Мұны бірде-бір маңызды басылымның жарияламағаны да үлкен сұрақтар туғызады", – деді министр.
2024 жылдың желтоқсан айында Жоғары аудиторлық палата Назарбаев Университетінде 73,5 миллиард теңгеге қаржылық заң бұзушылықтарды анықтады. Әлихан Смайыловтың айтуынша, университет басым бөлігі бюджеттен түсетін қаражатты тиімсіз пайдаланған.
"Соңғы екі жылда барлық түсімдердің 97%-ы бюджет қаражатын құрады", – деп атап өтті Әлихан Смайылов.
Ал Назарбаев университетінің өкілдері болса, 2024 жылы қаржыландырудың жартысы эндаумент қордан және демеушілік қаражаттан түскенін жеткізді. Анықталған құқық бұзушылықтар жол жүру өтемақысы мен стипендия процедураларына қатысты болған.
Осыған орай Саясат Нұрбек білім беру сапасына әсер ететін ресурстарды бөлудің тиімділігін арттыру үшін университеттің стратегиясын қайта қарау қажеттігін мәлімдеді.
Еске салсақ, Назарбаев университеті 73 млрд теңгені тиімсіз жұмсағаны туралы хабарлаған болатынбыз.