Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Израиль мен Ливанның соғысты тоқтатуы, Грузияның ЕО-ға қосылуды кейінге қалдыруы, Еуропарламенттің Украинаға көмекті арттыруы: Әлемдегі саяси жаңалықтарға шолу

Осы аптада Израиль мен Ливандағы Хезболла қозғалысы екі жақты келісімге келіп, соғыс қимылдарын тоқтатты. Келісім АҚШ-тың қатысуымен жүзеге асқан. Ал Грузияда төртінші рет билікке келген “Грузин арманы” партиясы Еуропалық Одаққа қосылу бойынша келіссөздердің кейінге қалдырылғанын мәлімдеді. Бұл мәлімдемеден кейін Грузияның бірнеше қаласында наразылық акциялары басталды. Сонымен қатар Францияның Украинаға әскер жіберуі мүмкін екені туралы ақпарат тарады. Stan.kz тілшісі әлемдегі саяси жаңалықтарға апталық шолу ұсынады.

Израиль мен Ливандағы Хезболла қозғалысы соғыс қимылдарын тоқтатты

27 қараша күні жергілікті уақыт бойынша сағат 04:00-де Израиль әскерилері мен Ливандағы "Хезболла" қозғалысы соғыс қимылдарын тоқтатты.

Осыған дейін Израиль мен Ливан 26 қараша күні АҚШ-тың басшылығымен 13 айға созылған шекаралық қақтығысты тоқтату туралы ұсынысты қабылдаған болатын. Айта кетейік қыркүйек айында қақтығыс кең ауқымды соғысқа ұласқан еді.

Фото: The New York Times 

АҚШ президенті Джо Байден атысты тоқтату келісіміне қол жеткізілгенін мәлімдеген.

“Қол жеткізілген келісімдерге сәйкес, жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 4-те шекарадағы соғыс қимылдары аяқталады", – деді Байден Ақ үйде сөйлеген сөзінде.

Келісімнің шарттары қандай?

Ливан мен Израиль арасындағы атысты тоқтату туралы келісім бірнеше шарттарды қамтыды.

Бірінші кезекте 27 қарашада сағат 04:00-ден бастап екі жақ та соғыс қимылдарын тоқтатуға міндеттеледі. Ливан Хезболла мен басқа қарулы топтардың Израильге қарсы әрекет етуіне жол бермеуге міндеттеледі, ал Израиль Ливанға қарсы шабуылдардан бас тартуға міндетті.

Келісім бойынша Ливан әскері Израильмен шекаралас аймақтарды бақылауды қалпына келтіруі және Хезболланың Израиль-Ливан шекарасынан шамамен 40 шақырым шегінуі керек.

Израиль екі елдің бейбіт тұрғындарының елге аман-есен оралуына мүмкіндік беру үшін алдағы 60 күн ішінде Ливаннан әскерлерін біртіндеп шығара бастайды.

Келісім шартқа сәйкес, Ливан БҰҰ-ның бітімгершілік күштерімен бірге Литани өзенінің оңтүстігіндегі Хезболла қозғалысын қатаң бақылауға алады.

Фото: АА

Ливан қарулы күштері БҰҰ күштерінің қолдауымен елдің оңтүстік бөлігінде позицияларды алады. Ливандағы қару өндіру, импорттау және сақтау саласы мемлекет тарапынан реттеледі. Ливан барлық рұқсат етілмеген әскери қондырғыларды бөлшектейді және заңсыз қаруларды тәркілейді.

АҚШ пен Франция Ливанның әскери әлеуетін нығайтуға, соның ішінде Ливанның оңтүстігіне 10 000 әскер жіберуге көмектеседі. АҚШ, Франция және БҰҰ Ливан күштеріне инфрақұрылымды тексеруге және бөлшектеуге көмектесу арқылы талаптардың сақталуын бақылайды. 

Келісім тұрақтылықты, қауіпсіздікті және бейбіт тұрғындарды үйлеріне қайтаруды, сондай-ақ Ливанның экономикасын қалпына келтіруді ілгерілетуге бағытталған.

Америка Құрама Штаттары одақтастарының қолдауымен осы келісімдердің толық орындалуын қамтамасыз ету үшін Израиль және Ливанмен жұмыс істеуге дайын, деді Байден. 

Ол "Хезболла немесе басқа біреу келісімді бұзып, Израильге тікелей қауіп төндірсе, Израиль халықаралық құқыққа сәйкес өзін-өзі қорғау құқығын сақтайтынын" баса айтты.

Тараптар келісімді қалай қабылдады?

Фото: Getty images

Израильдің қауіпсіздік істері жөніндегі министрлер кабинеті сейсенбі күні Хезболламен бітімге келу жоспарын бекітті.

Бұған дейін Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху бітімнің ұзақтығы Ливанда болып жатқан жағдайға байланысты болатынын айтқан. Ал Хезболла тағы да Израильге шабуыл жасаса Израиль жауап беретінін ескертті.

Ливан премьер-министрінің міндетін атқарушы Наджиб Микати Байденге атысты тоқтатуға қол жеткізуге көмектескені үшін алғыс білдірді.

"Мен президент Джо Байденмен телефон арқылы сөйлестім. Әңгіме барысында біз ағымдағы жағдайды талқыладық, мен оған АҚШ-тың Ливанға көрсеткен қолдауы және арнайы елші Хокштейн мырзаның күш-жігері үшін алғыс айттым және біз шешімді құптадық. Ливандағы атыс АҚШ пен Францияның қатысуымен тоқтатылды", – деп жазды Микати әлеуметтік желідегі парақшасында.

Хезболла Израильдің атысты тоқтату туралы ұстанымын мұқият зерделеуге ниетті екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай тексеру Израиль тарапы Хезболланы алдауға тырыспағанына көз жеткізу үшін қажет.

"Біз Ливан билігі ертең құжатқа қол қоймас бұрын Нетаньяху келіскен тармақтарды зерттеуіміз керек. Біз, әрине, Израиль агрессиясының тоқтағанын қалаймыз. Бірақ еліміздің егемендігімізге нұқсан келмеуі керек", – деді Хезболланың мүшесі Махмуд Камати.

Әлем соғыс қимылдарын тоқтату туралы шешімді қолдады

БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш ұйым Израиль мен Ливандағы Хезболла қозғалысы арасындағы атысты тоқтату келісімін қолдайтынын мәлімдеді.

"Бас хатшы тараптарды осы келісім бойынша барлық міндеттемелерін толығымен құрметтеуге және тез арада орындауға шақырады", – деді БҰҰ бас хатшысының ресми өкілі Стефан Дюжаррик.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адханом Гебрейюс та атысты тоқтату келісімін қолдады.

"Біз атысты тоқтату туралы келісім дереу орындалады және Ливандағы тұрақты бейбітшілікке, сондай-ақ Газада және бүкіл аймақта бейбітшілік орнатуға бағытталған шұғыл шараларға бастамашы болады деп үміттенеміз", – деді ДДСҰ басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында.

Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Лейен Израиль мен Хезболла арасындағы атысты тоқтату туралы келісім екі жақтың бейбіт тұрғындарының жағдайын жеңілдетеді деп үміттенетінін білдірді.

"Израиль мен Хезболла арасында жарияланған атысты тоқтату, ең алдымен, шайқастардан зардап шеккен ливандық және израильдік тұрғындар үшін өте қуанышты жаңалық", – деп жазды Еурокомиссия басшысы әлеуметтік желіде.

Еуроодақ дипломатиясының басшысы Жозеп Боррелл өз кезегінде қазір Ливан мен Израиль азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ ел ішінде қоныс аударғандардың үйлеріне оралуы үшін атыстың тоқтатылуы маңызды екенін айтты.

Грузия Еуропалық Одаққа кіру туралы келіссөздерді кейінге қалдырды

Фото: pixabay.com

Грузияның жаңадан сайланған "Грузин арманы” партиясы 2028 жылдың соңына дейін Еуропалық Одаққа кіру туралы келіссөздерді бастау мәселесін көтермейтінін мәлімдеді. Сонымен қатар Грузия билігінің 2028 жылдың соңына дейін Еуроодақтың кез келген бюджеттік гранттарынан бас тартатынын айтты. 

"Грузия 2028 жылы ғана 2030 жылы Еуропалық Одаққа кіру бойынша келіссөздерді бастауға дайын болады. Біз тоқтамаймыз және Еуропалық Одақпен бірігу және еркін сауда туралы келісім бойынша барлық міндеттемелерді орындайтын боламыз", – деді Грузияның премьер-министрі Иракли Кобахидзе.

Грузия қалаларында наразылық шерулері басталды

Фото: ЕРА

Тбилисиде, 28 қараша күні кешке Грузия парламенті ғимаратының алдында оппозиция жақтастары наразылық шеруіне шықты. Олар премьер-министр Иракли Кобахидзенің Еуропалық Одақпен қарым-қатынасқа қатысты мәлімдемелеріне қарсылық білдірген.

Сонымен қатар Батуми мен Кутаисиде де наразылықтар басталғаны хабарланды. Акцияға қатысушылар "Грузияның еуропалық болашағынан бас тартуына" жол бере алмайтындарын айтады.

Тбилисиде ішкі істер министрлігінің арнайы жасақтары жұмылдырылды. Акция Грузия парламентінің жанында өтіп жатыр. Бұған дейін полиция шерушілерді тарауға шақырған. Шерушілер полицияға түрлі заттарды лақтырып, балағаттай бастаған соң жағдай ушыға түсті.

Фото: ВВС

Тбилисидегі Руставели даңғылында өткен наразылық шеруінде 43 адам ұсталған.

"32 полиция қызметкері зардап шекті, олардың кейбіреулері басынан, көздерінен және дененің басқа бөліктерінен ауыр жарақат алды, оның ішінде 13 полиция қызметкеріне хирургиялық көмек көрсетілді", – делінген хабарламада.

Олар ішкі істер министрлігі шерушілерге заңсыз әрекеттерге бармауды бірнеше рет ескерткенімен, полицейлердің нұсқауын орындамағанын атап өтті.

Грузия президенті биліктегі партияны конституциялық төңкеріс жасады деп айыптады

Фото: Euronews.com

Грузия президенті Саломе Зурабишвили биліктегі "Грузин арманы" партиясының Еуропалық Одаққа қосылу туралы келіссөздерді тоқтату шешімін "қазіргі билік бірнеше ай бұрын бастаған конституциялық төңкеріске нүкте қойды" деп бағалады.

"Бүгін мен Еуропалық Одақ елдерінің елшілерімен кездесіп, оларға қазіргі басшылықтың ақыры Еуропадан алыстап, Ресейге бет алғанын айттым. Бүгін ел басшылығы өз халқына, өткеніне және болашағына соғыс ашты. Мен елшілерден Грузияда жаңа сайлау өткізу үшін қажеттінің барлығын жасауды сұрадым", – деді Зурабишвили.

Оның айтуынша, ол оппозициялық партиялардың жетекшілерімен де кездесіп, оларды "еуропалық құндылықтар үшін күресте" бірлікке шақырған.

"Бүгін мен осы елдегі әлемдік көшбасшылармен сөйлесуге мүмкіндігі бар жалғыз заңды институттың өкілімін", – деді Зурабишвили.

Еуропарламент Украинаға әскери көмекті арттыруға шақырды

Фото: Getty Images

Еуропарламент Украинаға әскери қолдауды арттыру және Еуроодақтың Ресейге қарсы санкцияларын күшейту туралы қарар қабылдады.

"ЕО-ның барлық мүше мемлекеттері мен НАТО одақтастары жыл сайын Украинаға ұжымдық және жекелей әскери қолдау көрсетуге міндеттеме алуы керек", – делінген қарарда.

Еуропарламент ЕО мен оның мүше мемлекеттерінен Украинаға әскери қолдауды күшейтуді сұрайды. Оның ішінде ұшақтар, ұзақ қашықтыққа ұшатын зымырандар, заманауи әуе қорғаныс жүйелері, соның ішінде Patriot және SAMP/T, сондай-ақ оқ-дәрілер мен MANPADS, Украина қарулы күштері үшін артиллерия және оқу бағдарламаларын ұсыну қарастырылған.

Еуропарламент депутаттары АҚШ президенті Джо Байденнің Украинаға Ресейдегі әскери нысандарға қарсы жетілдірілген зымырандық кешендерді қолдануға рұқсат беру шешімін құптап, ЕО мен оған мүше елдерді осындай шаралар қабылдауға шақырды.

Украинаға қатысты келіссөздер Украинасыз өтпейтінін атап өткен Еуропарламент мүшелері Украинаға барынша кең халықаралық қолдау көрсету және бейбіт шешім табу үшін жұмыс істеу қажет деп санайды.

Еуропарламент мүшелері ЕО институттарынан "Ресей үшін ерекше экономикалық маңызы бар" салаларға, ең алдымен, металлургия, ядролық, химия, ауыл шаруашылығы және банк сияқты салаларға, сондай-ақ ресейлік шикізатқа қатысты санкцияларды күшейтуді сұрайды.

Қарар Пекинді Ресейге "қос мақсатты көмек көрсетуді" тоқтатуға шақыруды ұсынады. Бұл бағытты өзгертпеу ЕО мен Қытай арасындағы екіжақты қарым-қатынасқа елеулі әсер етуі мүмкін, делінген құжатта.

Еуропарламент депутаттары Ресейге "әскери қолдау көрсеткені үшін" Иран, Беларусь және Солтүстік Кореяға қарсы санкциялар режимін одан әрі күшейтуді ұсынды.

Франция Украинаға әскер жібере ме?

Фото: АР

Asia Times басылымы Пентагон басшысы орынбасарының бұрынғы көмекшісі Стивен Брайанның мақаласын жариялады. Мақала авторы Франция Славянскідегі 54-украиндық бригаданы қолдау үшін Украинаға Шетелдік легионнан 100 сарбаз жібергенін жазған. Брайанның айтуынша, Франция Украина аумағына 1,5 мың әскери қызметкер жібермек. Мақалада бұл құрамды француз офицерлері басқаратындығы, бірақ ондағы қатардағы жауынгерлердің барлығы шетелдіктер екені айтылған. 

Еске салсақ, 2023 жылдың ортасында да бұқаралық ақпарат құралдарында 100 француз азаматы Украина аумағындағы соғыс қимылдарына қатысып жатқаны туралы ақпарат тараған еді. Ал 2024 жылдың басында Ресей қорғаныс министрлігі Харьковтағы шетелдік әскери қызметкерлердің орналасқан жеріне шабуыл жасалғаны туралы хабарлаған. 

Франция елшісі Ресей сыртқы істер министрлігінде сөйлеген сөзінде Украина аумағында франциялық әскерлердің жоқ екенін мәлімдеді.

"Францияның Украинада да, басқа жерде де әскерлері жоқ”, – деп мәлімдеді Франция елшісі Пьер Леви.

Ал Франция президенті Эммануэль Макрон алдағы уақытта Батыс әскерлері Украинаға Киевтің тиісті өтініші болса ғана жіберілуі мүмкін екенін айтты. 

Кремль Макронның сөздерін қауіпті деп санап, "Франция өзінің қақтығысқа тікелей қатысу мүмкіндігі туралы үнемі ашық айтып жүргенін" ескертті.

Кипр НАТО-ға кіруге ниетті

Фото: pixabay.com

Кипр Республикасының президенті Никос Христодулидес өз елінің НАТО-ға мүше болуға ниетті екенін растады. Оның айтуынша, Никосия Вашингтонмен альянсқа кіру мүмкіндігі туралы келіссөздер жүргізуде.

Кипр Республикасының НАТО-ға мүше бола алмауы, Түркияның қарсылығынан туындап, ел армиясын модернизациялау мен әскери техника алу мүмкіндіктерін шектейді. Осы жағдайды ескере отырып, Кристодулидес Кипрдің қорғаныс қабілетін нығайту маңызды екенін атап өтті және ел НАТО, АҚШ, сондай-ақ ЕО қорғаныс бағдарламалары арқылы бұл бағытта мүмкіндіктер іздестіріп жатқанын айтты.

Кристодулидес Кипрдің географиялық орналасуын оның басты артықшылығы ретінде атады. Сонымен қатар, аралдың әскери-теңіз және әуе базаларын модернизациялау туралы шешімдер қабылданғанын және Кипрдің теңіз нысандарына қатысты ЕО, әуе күштеріне қатысты АҚШ-пен келіссөздер жүргізіліп жатқанын растады.

Кипр Республикасы аралдың шамамен 60%-ын бақылайды, ал қалған бөлігін  Солтүстік Кипр Түрік Республикасы иеленеді. Кипрдің НАТО-ға мүше болуы тек Кипр жанжалының шешілуіне және Түркиямен қарым-қатынасты жақсартуға байланысты болмақ.

Талқылау