Путиннің Қазақстанға келуіне қарсы шыққан көкшетаулық белсенділер жауапкершілікке тартылды
27 қарашада Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстанға келуіне қарсылық білдірген көкшетаулық белсенділер Марат Жанұзақов, Бауыржан Балташев және Уәлихан Негметов әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Facebook Veritas human rights movement
Белсенділерге "ұсақ бұзақылық" бабы бойынша айып тағылып отыр.
"Біз жай ғана өз үйіміздің жанында Қазақстан мен Украинаның туын ұстап тұрдық. Кешке полиция бізді шақырып, ештеңе айтпастан сағат 21.00-ден таңғы 3-ке дейін бөлімшеде ұстады. Біз "ұсақ бұзақылық" туралы хаттама толтырдық. Бүгін сот болады", – дейді Жанұзақов.
27 қарашада желіде жарияланған фотосуреттен Балташев пен Негметовдің көшеде Қазақстан мен Украина жалауын ұстап тұрғанын көруге болады. Сондай-ақ олар қолына: “Жоғары мәртебелі, Қазақстаннан тайып тұр!" деген жазуы бар бір жапырақ қағаз ұстап тұр.
Полиция белсенділерді әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігінде (Ұсақ бұзақылық) көзделген құқық бұзушылық үшін айыптап, орыстың “хрен” сөзін "әдепсіз мәлімдемеге" жатқызған.
Айта кетейік, 27 қарашада Ресей президенті Владимир Путин мемлекеттік сапармен Астанаға келді. Қазақстан астанасында оны құрметпен қарсы алып, көше экрандарында Ресей туының суреттері көрсетіліп, "Жоғары мәртебелі, Владимир Путин мырза, Астанаға қош келдіңіз!" деген жазуы бар баннер ілінді.
"Мәртебелі" деген сөз Қазақстандағы кей әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын тудырды. Елдің Сыртқы істер министрлігі бұл сапардың мемлекеттік мәртебеге ие екенін және құттықтау баннерлерінің хаттамаға сәйкес келетінін түсіндірді.
Астанада Қазақстан-Ресей келіссөздері кеңейтілген және тар құрамда өтті. Владимир Путин мен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа жаһандық тәртіп жағдайында стратегиялық әріптестікті тереңдету туралы Бірлескен мәлімдемеге қол қойды.