Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Astana LRT-ның қашып кеткен бұрынғы басшысы сотталды

Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты "Астана LRT" ЖШС-нің бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Арданға қатысты үкім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Astana LRT

Соттың мәліметінше, оған қатысты халықаралық іздеу жарияланғандықтан, іс сотталушының қатысуынсыз сырттай қаралған. 

Тергеу барысында 2016 жылдың 22 желтоқсанында Талғат Арданның қажеттіліктің жоқтығына қарамастан, LRT құрылысы үшін Қытай даму банкінен 257,6 миллион доллар сыртқы несиенің бірінші траншын заңсыз сұрағаны анықталды.

Сотта LRT жобасы тоқтап қалып, алынған қаражат өз мақсатына сай игерілмей, нәтижесінде "City Transportation Systems" ЖШС-не 85 миллиард теңгеден астам шығын келтірілгені айтылды. Сотталушының кінәсі куәлардың айғақтарымен, сарапшылар мен мамандардың қорытындыларымен, қылмыстық іс материалдарымен дәлелденген.

2023 жылы Талғат Ардан бюджет қаржысын жымқырғаны үшін 7 жылға сотталған еді. Жаңа үкім жазаны 9 жылға дейін ұлғайтты. Сонымен қатар ол "City Transportation Systems" ЖШС-не 85 миллиард теңге көлемінде шығынды өтеуге міндеттелді.

"Сот үкімімен А кінәлі деп танылып, 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Соттың 03.05.2023 жылғы үкімі бойынша тағайындалған жазаны ішінара қосу арқылы жалпы мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", – делінген сот хабарламасында. 

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, бұған дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі халықаралық іздеу жарияланған Astana LRT ЖШС бұрынғы басшысы Талғат Арданды тергеуге шақырған еді. Алайда ол тергеуге келмеген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Талғат Арданды іздеу және экстрадициялау жұмыстары туралы есеп беріп, Талғат Арданның қайда екені анықталмағанын мәлімдеген еді. 

Талқылау