Грузиядағы парламент сайлауы, Испаниядағы су тасқыны, Солтүстік Кореяның Ресейге әскер жіберуі: Әлемде не болып жатыр
Осы аптада Грузиядағы парламент сайлауы әлем назарында болды. "Грузин арманы" партиясы осымен төртінші рет билікте қалды. Оппозиция мен ел президенті ресми дауыс беру нәтижелерін мойындаудан бас тартып, жаңа сайлау өткізуді талап етті. Сонымен қатар Солтүстік Корея әскерлерінің Украинаға қарсы соғысқа араласатыны туралы ақпарат тарады. Артынша Солтүстік Корея балистикалық ракеталарын іске қосқанын мәлімдеді. Саяси оқиғалармен қатар Испанияда су тасқыны болып, жүздеген адам қаза тапты. Stan.kz тілшісі осы аптадағы әлем жаңалықтарына апталық шолу ұсынады.
Грузиядағы парламент сайлауы: Ел Еуропалық Одаққа кіруі мүмкін бе
26 қазан күні Грузияда парламент сайлауы өтті. Бұл сайлау ел тарихиндағы маңызды оқиғалардың бірі болды. Грузия ЕО-ға кіруге үміткер мәртебесін алғаннан кейін алғаш рет парламент сайлауы өтті.
Грузия сайлаушылары парламентті бұрынғыдай аралас парламент бойынша емес, толық пропорционалды жүйе бойынша таңдады. Партиялар парламентке өту үшін 5% дауыс жинауы қажет еді. Сондай-ақ 90% учаскеде электронды дауыс беру жүйесі қолданылды.
Фото: AFP
Еске салсақ, осыдан бес ай бұрын Грузия "Шетелдік ықпалдың ашықтығы туралы" заң қабылдаған болатын. Заң қабылданғаннан кейін ЕО Грузияның Еуропалық Одаққа қосылу процесі іс жүзінде тоқтатылғанын хабарлады.
Грузия өткен жылдың желтоқсан айында ЕО-ға кіруге үміткер ел мәртебесін алған. Сауалнамаларға сәйкес, халықтың шамамен 70-80% елдің еуропалық болашағын қолдайды.
Сайлауда кім жеңіске жетті?
Фото: Reuters (Irakli Gedenidze)
Барлық сайлау учаскелерінен алынған бюллетеньдердің 100 пайызын өңдегеннен кейін Грузиядағы парламенттік сайлауда биліктегі "Грузин арманы. Демократиялық Грузия" партиясы төртінші рет қатарынан жеңіске жетті. Бұл туралы мәліметтер орталық сайлау комиссиясының ресми сайтында жарияланды.
Сайлауда "Грузин арманы" партиясы 54% дауыс жинаған. Оған қоса, елдің жоғарғы заң шығарушы органына тағы төрт партия келеді. Екінші орынды жаңа қосылған "Өзгеріс үшін коалиция" партиясы алды. Михаил Саакашвили құрған “Бірыңғай ұлттық қозғалыс" партиясы бұл жолы үшінші орында. Сонымен қатар тағы екі оппозициялық партия 5%-дан жоғары дауысқа қол жеткізген. Олар "Лело" және "Гахария үшін Грузия" партиялары.
Шеруге шақырамын: Грузия президенті парламент сайлауының нәтижесін мойындамады
Фото: Грузия президентінің баспасөз қызметі
Грузия президенті Саломе Зурабишвили парламент сайлауының нәтижелерін мойындаудан бас тартты. Ол ресми нәтижелерге қатысты пікір білдіріп, "бұл сайлау нәтижелерін мойындау — Грузияның Ресейге бағынышты екенін мойындаумен тең" деп мәлімдеді. Оппозициялық партия өкілдерімен кездесуден кейін Зурабишвили дүйсенбі күні Тбилиси орталығында наразылық шеруі өтетінін мәлімдеді.
"Мен бұл сайлау нәтижелерін мойындамаймын. Мұндай нәтижелерді қабылдауға болмайды", – деді ол.
Зурабишвилидің пікірінше, дауыс беру нәтижелері "Грузин арманы" пайдасына бұрмаланған. Осыған байланысты ол азаматтарды дүйсенбі күні кешке өтетін наразылық шарасына қатысуға шақырды.
"Біз Ресейдің арнайы операциясының құрбаны болып отырмыз. Бұл – халқымызға, елімізге қарсы жүргізіліп жатқан гибридтік соғыстың жаңа түрі", – деп түйіндеді президент.
"Грузин арманы" партиясы өзіне тағылған “ресейшіл” деген айыптауларды жоққа шығарып, өзін Мәскеумен бейбіт келісімге ұмтылатын тарап ретінде сипаттайды. Саломе Зурабишвили бастапқыда "Грузин арманының" қолдауымен сайланғанымен, кейінірек бұл партияның елді оқшаулауға алып келетінін айтқан. Ол өзін "елдегі жалғыз тәуелсіз институт" деп атап өтті.
Сайлаудың алдында президент парламентке өткен төрт оппозициялық партия өкілдерімен кездесу өткізді. “Біріңғай ұлттық қозғалыс" партиясының жетекшісі Тинатин Бокучава олардың сайлау нәтижелерін мойындамайтынын және парламентке кірмейтінін мәлімдеді. Сонымен қатар, Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, билеуші партиядан кейін екінші орын алған "Өзгеріс үшін коалиция" альянсы да парламент мандаттарынан бас тарту шешімін қабылдады.
Тбилисидегі наразылық шеруі
Фото: Reuters
Сенбі күні Тбилисидегі парламент ғимараты алдында өткен митингте Грузия оппозициясы жақтастары мен жетекшілері парламент сайлауының нәтижелерін жарамсыз деп тануды талап етті.
Грузия президенті Саломе Зурабишвили де сайлау нәтижесін мойындамай, наразылыққа қолдау білдірді. Шерушілер Руставели даңғылындағы көлік қозғалысын жауып, оппозиция жетекшілерінің парламент ғимаратына келуін күтті. Президент Зурабишвили митингке қатысып, мінберге шығып сөз сөйледі.
Президент шетелдік көшбасшылармен кеңесіп, сайлау кезіндегі заң бұзушылықтар туралы хабарлағанын жеткізді.
Грузияның үкіметтік емес ұйымдары дүйсенбі күні 192 сайлау учаскесінде анықталған заң бұзушылықтар 300 мыңдай дауысқа әсер еткенін және бұл нәтижелер жарамсыз деп танылуы қажет екенін мәлімдеді.
Грузия премьер-министрі Ираклий Кобахидзе 26 қазанда өткен парламенттік сайлаудың таза өткенін және биліктің бұған дәлелдер ұсынуға дайын екенін мәлімдеді.
"Барлығы Грузияның тәуелсіз мемлекет екенін және қабылданған заңдардың күшіне ие екенін түсінуі керек", – деп атап өтті Кобахидзе Imedi телекомпаниясына берген сұхбатында.
Сонымен қатар, ол ЕҚЫҰ/ДИАҚБ бақылау миссиясының Грузиядағы сайлауға берген алдын ала қорытындысы жалпы оң екенін айтты.
"Грузин арманы" партиясының атқарушы хатшысы Мамука Мдинарадзе парламенттегі алаяқтық фактілері туралы прокуратураға ақпарат бергендерін мәлімдеді.
"Біз "Грузин арманы" партиясын қолдайтын сайлаушыларға өз сайлау учаскелерінде дауыс беруге мүмкіндік берілмеген 81 жағдайды анықтадық", – деді ол.
"Сайлау қайта өткізілсін": Сарапшылар не дейді?
Фото: ВВС
Грузия прокуратурасы парламенттік сайлаудың нәтижелерін бұрмалауына байланысты тергеуді бастады. "Өзгеріс үшін" коалициясының жетекшілерінің бірі Ники Гварамия сайлау нәтижелерін "конституциялық төңкеріс" деп атады. Оның айтуынша, сайлау легитимді болмайды, ал "Грузин арманы" партиясы елді ұзақ уақыт билей алмайды.
АҚШ пен ЕО Грузия оппозициясының сайлауды бұрмалау туралы мәлімдемелерін қолдап, аймақтағы шиеленістің ушығуына ықпал етуде дейді сарапшылар.
Қарабақтағы жеңісінен кейін Түркия мен Әзірбайжанның бастамасымен құрылған "3+3" Оңтүстік Кавказ аймақтық ынтымақтастық платформасының мүшесі бола тұра, Грузия Ресей мен Ирандағы кездесулерге қатыспағанына назар аударған жөн. Стамбулдағы соңғы "3+3" кездесуіне де Грузия қатыспады. Тбилиси бұл сайлауларда Батыс пен Ресей арасындағы текетірес себебінен қатысудан бас тартты деген болжам бар.
Солтүстік Кореяның 10 мың сарбазы Украинадағы соғысқа қатысу үшін Ресейге жіберілді
Фото: KCNA
Украина президенті Владимир Зеленский Солтүстік Кореяның Ресейге тек техника ғана емес, сонымен қатар әскери қызметкерлерді де жіберіп жатқаны туралы мәлімдеді. Ол қолында бұл ақпаратты растайтын көптеген спутниктік деректер мен басқа да дәлелдер бар екенін айтты.
Артынша Пентагон Ресейге Солтүстік Кореяның 10 000 сарбазы жіберілгенін мәлімдеді. Ақпаратқа сәйкес бұл Украинадағы қақтығыстың кеңейе түсуіне алып келуі мүмкін. АҚШ ресми өкілдерінің айтуынша, сарбаздардың бір бөлігі Украина шекарасына жақындаған.
Пентагонның баспасөз хатшысы Сабрина Сингхтің мәлімдемесіне сәйкес, Ресейдің шығысына жіберілген солтүстіккореялық сарбаздардың бірқатары Украинаға қарсы ұрыстарға қатысуға дайындалуда. АҚШ өткен аптада Солтүстік Кореядан жіберілген сарбаздардың санын 3 000 деп болжаған еді, алайда соңғы мәліметтер бұл санның үш есе өскенін көрсетті.
“Сарбаздардың бір бөлігі Украинаға жақындаған. Олар ұрыс кезінде немесе шекараға жақын орналасқан Курск облысындағы украин күштеріне қарсы қимылдар кезінде Ресей әскеріне қолдау көрсетеді деп алаңдаудамыз", – деді Сабрина Сингх.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Ресей Солтүстік Корея сарбаздарын артиллерия, пилотсыз ұшу аппараттары және жердегі операциялар бойынша дайындап жатқанын мәлімдеді. Блинкеннің айтуынша, 10 мың солтүстіккореялық әскери қызметкердің 8 мыңы Курск облысына орналастырылған.
Вашингтонда өткен баспасөз мәслихатында Блинкен Солтүстік Кореяның ұрыс аймағына кіруі оны заңды әскери нысанаға айналдыратынын атап өтті. Блинкен жақын күндері АҚШ Украинадағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жаңа көмек пакетін жариялайтынын жеткізді.
Оңтүстік Корея президенті Юн Сук Ел Солтүстік Кореяның Ресеймен әскери ынтымақтастығын халықаралық қауіпсіздікке қатер ретінде бағалап, "заңсыз" әскери әріптестікті сынға алды. Оңтүстік Корея заңгерлері журналистерге Пхеньян Кремльге жалпы саны 10 000-ға жуық әскер беруге уәде бергенін, бұл әскерді орналастыру желтоқсанға дейін аяқталатынын айтты.
НАТО бас хатшысы Марк Рютте бұл жағдайды "қақтығыстың шиеленісуі" деп атап, Ресей мен Солтүстік Корея арасындағы тығыз әскери әріптестіктің халықаралық қауіпсіздікке әсер ету мүмкін екендігін айтты.
Бастапқыда Солтүстік Корея әскерінің Ресейге келгені туралы ақпараттың жалған екені айтылған еді. Артынша Ресей президенті Владимир Путин Солтүстік Кореямен әріптестік Ресейдің ішкі мәселесі екенін айтып, сұраққа жауап бермеді. Солтүстік Корея сыртқы істер министрлігінің өкілі мұндай қадам халықаралық нормаларға қайшы келмейді деген мәлімдеме жасады.
Солтүстік Корея баллистикалық зымыран ұшырғанын растады
Фото: Reuters
Солтүстік Корея Жапон теңізіне қарай құрлықаралық баллистикалық зымыран ұшырғанын растады.
"Бейсенбі күні КХДР зымыран департаменті маңызды сынақ өткізді. КХДР басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылған бұл сынақ елдің стратегиялық зымырандық әлеуетінің соңғы мәліметтерін жаңартты және оның заманауи әрі сенімділігін көрсетті. Бұл сынақ арқылы аймақтағы жағдайды әдейі ушықтырып, республикамыздың қауіпсіздігіне қауіп төндіретіндерге қарсы тұруға дайын екенімізді көрсеткіміз келді”, — деп хабарлайды КХДР қорғаныс министрлігінің өкілі.
Солтүстік Корея басшысы "Солтүстік Корея өзінің ядролық күштерін нығайту саясатын ешқашан өзгертпейтінін" ерекше атап өтті.
"Еліміздің қауіпсіздік жағдайы мен ықтимал қауіптер бізден стратегиялық соққы күштерімізді нығайтуды және ядролық күштеріміздің мүмкіндіктерін жақсартуды талап етеді. Мен КХДР өзінің ядролық күштерін нығайту бағытын ешқашан өзгертпейтінін растаймын," — деді Солтүстік Корея басшысы.
Ал Оңтүстік Корея зымыран ұшыруына жауап ретінде Пхеньянға жаңа санкциялар салатынын жариялады.
"Солтүстік Кореяның арандатуына жауап ретінде Ұлттық қауіпсіздік кеңесі жаңа біржақты санкциялар енгізу туралы шешім қабылдады," — делінген Оңтүстік Корея президентінің әкімшілігінің баспасөз хабарламасында.
Оңтүстік Корея президенті Пхеньянның арандатушылықтарына "батыл жауап беруге" бұйрық берді.
Оңтүстік Кореяның Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелері Солтүстік Кореяның бұл әрекеттерін Корей түбегіндегі және әлемдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікке елеулі қатер деп айыптады.
Оңтүстік Корея әскерилерінің мәлімдеуінше, бейсенбі күні таңертең КХДР тоқтатылған траектория бойынша Жапон теңізіне қарай құрлықаралық баллистикалық зымыран ұшырған. Зымыран Жапонияның ерекше экономикалық аймағынан тыс, Хоккайдо маңындағы Окушири аралының батыс жағына құлаған.
Испаниядағы су тасқыны
Фото: ЕРА
Испанияда қатты су тасқыны болып, 158 адам қаза тапты. Кенеттен жауған нөсер жаңбыр салдарынан елдің көптеген аумағын су басып қалған.
"Қазір ең бастысы - мүмкіндігінше көп адамның өмірін сақтап қалу", – деді Испанияның премьер-министрі Педро Санчес.
Валенсия автономиялық бірлестігінде кем дегенде 155 адам, Кастилья-Ла-Манчада тағы екі адам және Андалусияда бір адам қаза тапқан.
Азаматтық гвардия Валенсия провинциясының зардап шеккен аудандарында 3400 құтқару операциясын жүргізген, шамамен 300 адамға әлі де қауіп төніп тұр.
Фото: EPA
Әзірге із-түзсіз жоғалғандардың нақты саны белгісіз.
Испания королі Фелипе VI төтенше жағдай әлі аяқталмағанын, азаматтардың мүмкіндігінше үйде болуын және төтенше жағдайлар қызметінің кеңестерін орындауларын сұрады.
Испания халқы су тасқынына жергілікті билікті кінәлап отыр. Тұрғындар төтенше жағдайлар туралы ескерту жүйелерінің жұмысына және үкіметтің әрекет ету жылдамдығына наразы. Халық апаттық дабыл үйлерді су басып кеткеннен кейін ғана қағылғанын айтады.
Наим Касем Хезболланың жаңа жетекшісі болды
Фото: ЕРА
Хезболла ұйымы 71 жастағы Наим Касемді жаңа басшылары етіп тағайындады. Ол бұған дейін ұйымның бұрынғы басшысы Хасан Насралланың орынбасары болған.
Касем 30 жылдан астам уақыт бойы Хезболланың бас хатшысының орынбасары болған. Касем Бейрутта дүниеге келген және Хезболланың негізін қалаушылардың бірі.
Ол Ливан университетінің химия факультетін бітірген және 1970 жылдары Ливан мұсылман студенттерінің одағын құрды. Осыдан кейін Касем Ливандағы шииттік "Амал" қозғалысына қосылады. 1982 жылы Израильдің Ливанды оккупациялауына жауап ретінде Касем Иран революциясы Сақшылар корпусының қолдауымен құрылған Хезболла ұйымының құрылтай жиналыстарына қатысады. 1991 жылы Аббас әл-Мұсауи оны ұйымның бас хатшысының орынбасары етіп тағайындады.
Касем ұзақ жылдар бойы "Хезболла" ұйымының жетекші өкілдерінің бірі болды, халықаралық БАҚ-қа үнемі мәлімдемелер жасап келген.
27 қыркүйекте Израиль шабуылында Насралла өлтірілгеннен кейін ұйым атынан алғаш рет ресми мәлімдеме жасаған да Касем болды.
Ол өз сөзінде "Хезболла" мүмкіндігінше тезірек жаңа басшы сайлайтынын және палестиналықтармен ынтымақтаса отырып Израильге қарсы күресті жалғастыра беретінін айтқан еді.
Артынша жасаған мәлімдемесінде Касем атысты тоқтатуды қолдайтынын хабарлаған.
Ауғанстанда енді әйелдер бір-бірімен сөйлесе алмайды
Фото: pexeks.com
"Талибан" қозғалысы Ауғанстандағы әйелдерге Құранды дауыстап оқуға және басқа әйелдердің қатысуымен намаз оқуға тыйым салды.
Ауғанстанда ізгілікті насихаттау және жамандықтың алдын алу министрлігі әйелдерге Құранды дауыстап оқуға және басқа әйелдердің қатысуымен намаз оқуға тыйым салды. Жаңа тыйымды департамент басшысы Мохаммад Халед Ханафи мәлімдеді.
Билік өкілдерінің айтуынша, жаңа тыйымдар жамандықпен күресу және ізгілікті насихаттау мақсатында қабылданған.
Заңның 13-бабына сәйкес әйелдің дауысы күнә болып саналады. Осыған дейін әйелдерге көпшілік алдында дауыс шығарып, сөйлеуге болмайтын еді. Енді әйелдің басқа әйелмен тілдесуіне де тыйым салынды.