Жұмыс іздеген қазақстандықтардың 20%-ы елден кетуге дайын екенін жазған: Экономистер жастардың шетелге жаппай кетуінің салдары қандай болатынын айтты
HeadHunter жұмыс іздеу платформасының мәліметінше, қазақстандықтардың 22,6%-ы түйіндемесінде ұсыныс пен мүмкіндік болса, елден кетуге дайын екенін көрсеткен. Бұл көрсеткіш қазір былтырғымен салыстырғанда 16% өскен. Яғни елімізде білікті мамандардың тапшылығының бірден-бір себебі – көбінің шетелге кетуі. Осы тұста экономистер Stan.kz тілшісіне талантты жастардың неліктен елде қалмайтынын түсіндірді. Айтуларынша мемлекетіміз білімді кадрларды ұстап қалып, жағдай жасауда, жоғары жалақы төлеуде ақсап тұр.
Фото: pixabay.com
Статистикаға назар салып-ақ қазақстандықтардың халықаралық еңбек жағдайына деген қызығушылығының артуы мен еңбек көші-қонының күшеюін көруге болады. 2024 жылғы 1 маусымдағы статистикалық жағдай бойынша шетелде Қазақстанның 138 мыңға жуық азаматы ресми түрде жұмысқа орналасқан. Заңсыз жұмыс істеп жүргендер де аз емес.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, қазақстандықтар арасында жұмысқа баруда ең танымал бағыттар Ресей, Оңтүстік Корея, Түркия және БАӘ болып отыр.
Экономист Арман Бейсембайдың айтуынша Қазақстанда жас, білікті мамандарға жұмыс жағдайы жасалмаған.
“Бізде өмір сүру деңгейі, жалақы төмен. Бұл туралы тіпті оқу бітірген түлектердің өзі айтып жүр. Олардың шетелде жай репититор болып жүріп тапқандарын біздің елдегі тұрақты жалақымен салыстырсақ, бес есе көп. Сол себептен мамандарды біздің ел қызықтырмайды. Мұнда жалақы өте төмен, оның үстіне сол кішкентай ақы үшін түрлі ағалармен келісімге келуі керек. Ал сол ағалар жұмысқа тұрғызған адамдар бірнеше жылдан соң дәл сол жүйені жалғастыратын шенеунікке айналады. Тіпті батыстың жақсы университетін оқып келген адамның өзіне жемқорлық, ақша жымқыру жүйелерін үйретуі мүмкін. Ал мұнымен келіспейтін жастар не істейді? Оларға мұнда ешкім жұмыс бермейді, лайықты жалақы төлемейді. Сол себептен олар кері шетелге қайтады”, – деді ол.
Маман сонымен қатар “Болашақ” бағдарламасымен оқып, елге оралғандар өзін ешкімге керек еместей сезінетінін жеткізді.
“Болашақ” бағдарламасымен оқып, елге оралған қаншама мамандар бар. Алайда олар Қазақстанда жұмысқа тұрайын десе, анда-мында сілтеп, салдарынан жұмыссыз отырып қалып жатыр. Көбі “өз елімізге қажет болмасақ, не үшін келдік?” деген сұрақ төңірегінде ойланады. Сол секілді шетелге кетіп жатқан әр маман өз еліне қажет емес екенін түсініп жатыр. Олар Қазақстанға қайта оралғысы келмейді. Алған білімін елдің игілігіне жұмсау үшін қайтуға тырысқандардың өзіне лайықты жалақы да, қызмет те жоқ.
“Болашақ” бағдарламасымен оқып келген танысыма елге оралғанда айлығы 150 мың теңге болатын қызмет ұсыныпты. Ол Ұлыбританияда жай ғана репетитор болып жүріп жарты күнде, бұл ақшадан бес есе көп тауып жүрген. Ал мұнда оған толық күнге, үлкен жауапкершіліктегі қызметті 150 мың теңге айлыққа ұсынып отыр. Енді сұрақ, осыдан кейін қалай білікті жасты елде ұстап қаласың? Ол шетелге қайта кетіп қалды”, – деп қосты ол.
Арман Бейсембайдың айтуынша депрофессионализация, деградация қазірдің өзінде жүріп жатыр.
“Білікті мамандар жетіспеуінің салдарынан елімізде инфрақұрылым, білім, медицина, ғылым салалары ақсап жатыр. Түлектердің кейбірі бюджет қаражатына, кейбірі өз қаржысына шетелден оқып келіп жатыр. Алайда көбі елде қалғысы келмейді. Сол себептен мамандар тапшылығы көп. Таланттардың сыртқа кетуі экономикадағы ағын болып есептеледі. Өзіміздің дарындыларды жоғалтып алып жатырмыз. Себебі шетелде өмір сүру деңгейі жоғарырақ, жұмыс істейтін институттар, тәртіп, тыныш өмір, қолайлы жағдай қарастырылған. Олар сол жақта сол елдің экономикасына жұмыс істейді. Сол елге пайда әкеледі. Біздің елге емес”, – деп қосты маман.
Экономист осы тұста биліктің бұл мәселеге назар аударуы қажет екенін жеткізді.
“Бізде білімді талантты жастар жетерлік. Зертеу жазып жүрген жақсы ғалымдар да жоқ емес. Алайда олардың жағдайы ешкімді қызықтырып жатқан жоқ. Тіпті ғылыми жаңалық ашқанның өзінде оны міндетті түрде қаржыландыру қажет. Яғни лаборатория, құралдармен қамтамасыз ету керек. Алайда бұл жұмыстар орындалмай, шенеуніктер үшін тиімсіз болып отыр.
Мамандардың шетелге ағылуы елімізді соңында деградацияға әкеліп соқтырады. Салдарынан салалар әлсіреп, бұрынғы ежелгі қалпымызға түсуіміз мүмкін. Қарап тұрсаңыз, қазірдің өзінде елімізде медицина,технология тағы басқа да көптеген бағыттарда кадр тапшылығы байқалады.
Еліміз білікті мамандардан айырылып қалмас үшін, қазірден бастап жақсы жағдай жасап, жалақыны көтеруі керек. Бәрі кетіп жатқан батыс елдеріндегідей ету қажет”, – деп қорытты ол.
“Жалақыны 700 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін көтерсек, кететіндер азаяды”
Осы тұста тағы бір экономист Бауыржан Ысқақов еліміздің өмір сүру деңгейінде төменгі (кедей) тап өкілдері көп екенін алға тартты.
“Соңғы статистикаға қарасақ, Қазақстаннан 100 мыңнан астам өршіл жастардың басқа мемлекеттерге кетіп қалғанын көруге болады. Бұл көрсеткіш еліміздің шетелге кетіп қалғандарға қажет жағдайды жасай алмағанын көрсетеді. Жұмыс орындарының беретін жалақысына көңіл толмайды. Себебі бізде орташа жалақының 350 мың теңге болып тұрғанының өзі дәл қазіргі инфляция мен деволизацияны ескерсек, ең төменгі көрсеткіш. Бізде орта тап жоқ. Тым бай адамдардың экономикадағы үлесі 7-8%. Ал тым кедей адамдардың үлесі, соның ішінде жалақыларының 80%-ы тек өз шығынына кететін азаматтардың мөлшері 75-80%-дан асып отыр. Ал орта тап бізде әрі кетсе 8-10%-ақ. Міне осы көрсеткіштің кесірінен бұл жағдайға түсіп отырмыз. Сол үшін орта тапты қалыптастыруымыз керек. Жалақысы 700 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін жететін, жұмыс істейтін азаматтар саны көп болса, кететін мамандардан гөрі бізге келетін, біздің елде еңбек ететін азаматтар саны көбейеді. Сол үшін жалпы кәсіпорындар тарапынан орташа жалақыны тиімді қалыптастыруымыз керек. Содан кейін барып қамқорлық, басқа да жағдайлар туралы айтуға болады”, – деді маман.
Экономист технология, IT, инженерлік, білім, ғылым сияқты экономиканың дамуына тікелей әсерін тигізетін мамандардан айырылып қалу мемлекет үшін үлкен сын екенін жеткізді.
“Салыстырмалы түрде қазақстандық жастар ашық, сауатты, білімді. Кейінгі уақытта шетелде білім алудың өзі қолжетімді бола бастағандықтан таланттар кетіп жатыр. Салдарынан экономикадағы білікті мамандарға сұранысты қамтамасыз ете алмай отырмыз. Егер жастар шетелге шығып тәжірибелерін арттырып қайтып келсе, онда әрине бұл елімізге жақсы әсер етуші еді. Оған куә кезінде Жапония, Азия мемлекеттері өз экономикасын осындай тәсілмен дамытуға мүмкіндік алған. Алайда бізде қадағалаудың болмауына байланысты жастарға ешқандай мүмкіндік бере алмай отырмыз”, – деп қосты ол.
Бауыржан Ысқақов осы тұста жастарға жалақы төлеп, жағдай жасауды тек кәсіпкерлерге ысырып қоюға болмайтынын алға тартты.
“Отандық кәсіпкерлердің айтатын уәждері білікті жұмысшы мамандардың жетіспеуінде. Алайда оларды ұстап қалуды тек кәсіпкерлерге артып қоя алмаймыз. Әр аймақтағы кәсіпкерлерге сол өңірдң әкімдіктері қолдау жасауы керек. Яғни жастарды ұстап қалу үшін тұрғын үй жағынан көмектесу сияқты жағдайлар жасауға билік тікелей араласуы шарт. Сонда кәсіпкерлік тарапында да бәсекелестік қалыптасады. Жастардың көзқарасымен қарауымыз керек. Оларды ұстап қалу үшін жоғары жалақы төлеп, қыдыра алатындай етіп, өңірлерді дамытып, қызығушылықтарын оятуымыз қажет”, – деп қорытты маман.