Түркияда алтын бұйымдар сатып алған қазақстандық қыз елге келген соң өзінің алданғанын білді
Әлеуметтік желіде атыраулық қыз Түркияға барып, алаяқтарға алданып қалғаны туралы видео жариялады. Түркиялық саудагерлер таразыдан жеп, қазақстандықтарды алдап соққан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Желі қолданушысы Түркияның Аланья қаласына отбасымен демалысқа барған. Бірде олардың жанына әшекей-бұйым сататын дүкеннің қызметкері келіп өздерінің зергерлік дүкеніне кіруге кеңес берген.
“Дүкен Алара базарында орналасқан. Сатушының ұсынысын қабыл алған соң ол бізді дүкенге дейін апаратын көлікпен жеткізді. Зергерлік дүкеннен 2 алтын сақина, алқа мен 2 білезік сатып алдық. Әшекейлерде олардың салмағы жазылып тұратын биркасы бар еді. Алайда сатып алған соң ол биркаларды сатушылар алып қалды. Ал біз солай болуы керек деп ойладық. Қазақстанға жеткен соң сатып алған алтын бұйымдардың салмағы биркадағы өлшеммен сәйкес келмейтінін білдік. Зергерлік дүкендер осылайша адамдарды алдайды екен”, – деп жазды желі қолданушысы.
Айтуынша, Bulgari брендіне ұқсатып жасалған білезікті 13,73 грамм деп сатты. Бірақ үйге келіп өлшегенде оның салмағы 7 грамм болып шықты. Алқаның биркасында 11,73 грамм деп жазылып тұрды. Алайда оның нақты салмағы 6 грамм екен.
“Осының бәріне көзіміз жеткен соң дүкеннің иесіне хабарластық. Ол бізге “алтынды алып келіңдер, ақшаны қайтарамыз” деп жауап берді. Сонда біз алтынды апару үшін Түркияға қайта билет алуымыз керек. Бассыздық қой”, – дейді ол.
Әшекей-бұйымның алтын екенін тексеру үшін ломбардқа да апарған. Ондағы зергерлер бұйымдардың алтын екенін, тек салмағы жетпейтінін растаған.
Осы жағдайға байланысты отандық заңгер Балтабай Нұрдәулеттен шетелдік саудагерлердің үстінен шағым түсіріп, жауапқа тартуға бола ма, соны сұрап білдік. Заң өкілінің айтуынша, мұндай жағдайлар Түркия Республикасының "Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы" №6502 Заңымен реттеледі.
“Осы заңның 4-бабына сай, ақаулы тауарлар материалдық, заңды, экономикалық кемшілігі бар, сапаға әсер ететін, қаптамада, затбелгіде, кіріспеде және пайдаланушы нұсқаулығында, жарнамалар мен хабарландыруларда, сатушы хабарлаған стандартта, техникалық регламентте тұтынушы күткен мақсат не болжамды пайдалану, пайда тұрғысынан құндылықты төмендететін, жоятын тауарлар ақаулы тауар болып саналады. Сапасыз тауарларды немесе қызметтерді сатып алатын тұтынушының, туристің құқығы мен міндеттеріне келсек, тұтынушы немесе турист сатушыға тауар жеткізілген күннен бастап 30 күнде кемшіліктер туралы хабарлауға міндетті. Осыдан кейін тұтынушы, турист шартты бұзуды және төленген бағаны қайтаруды талап етуге құқылы”, – дейді Балтабай Нұрдәулет.
Заңгер сотқа жүгінген туристер мұндай жағдайларда "Тұтынушыларды қорғау туралы" №6502 заңның қорғауында болады және мұндай дауларды тұтыну төрелігі жөніндегі комитеттер басым тәртіппен қарайтынын атап өтті.
Шетелде алаяқтарға ұрынбас үшін не істеу керек?
Бұл ережелерді тек шетелде алтын сатып алу барысында ғана емес, жалпы қымбат бұйымдарды алар сәтте ескерген жөн. Олар:
дайындаушы кәсіпорынның атауы және заңды мекенжайы;
- Бұйымның атауы және артикулы;
- Бағалы металдың атауы және сынамасы;
- Өнімнің грамдағы массасы, грамм бағасы, өнімнің жалпы құны;
- Өнімнің мөлшері;
- Кірістірілген материалының атауы және оның толық сипаттамасы;
- Салалық стандартты белгілеу (OST 117-3-002-95);
- ОТК мөрі.
Заңгер бұл ақпарат бұйым сапалы болмай шыққанда тұтынушының құқығын қорғау үшін қажет болатынын айтты.
Заң өкілінің сөзінше, сатушының бірден-бір міндеті – сатылып жатқан тауардың хабарламада не айтылып жатқан ақпаратына сай екеніне тұтынушының көзін жеткізу. Әшекей-бұйымдарды олардың сапасын көрсететін арнайы аппараттармен тексеріп барып сатып алуға кеңес беріледі.