"Жәбірленушілердің көбі кәмелет жасына толмағандар": Оңтүстік Корея халқы Telegram-дағы порнографиялық дипфейктерге қарсы наразылыққа шықты
Оңтүстік Корея тұрғындары Telegram желісіндегі порнографиялық дипфейктерге қарсы шықты. Ел президенті "цифрлық қылмыс індеті" туралы сөз қозғады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: BBC
Оңтүстік Корея президенті "цифрлық жыныстық қылмыс эпидемиясын жоюға" шақырды. Алайда ол өз сөзінде Telegram желісін нақты атамады.
“Біз осы платформа арқылы таратылатын дипфейк туралы айтып отырмыз. Кейінгі уақытта белгісіз адамдарға бағытталған дипфейк видеолары әлеуметтік желілерде тез таралып жатыр. Мұнда жәбірленушілер көбіне кәмелетке толмағандар. Ал қылмыскерлер негізінен жасөспірімдер", – деді президент.
Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль мәлімдемесі Telegram-ның негізін қалаушы Павел Дуров Парижде ұсталған соң бір күн өткен соң жасалды. Алайда жанжал одан да ертерек, 22 тамызда кореялық Hankyoreh басылымында шыққан жарияланымнан кейін басталды.
Журналистер 227 мың жазылушысы бар Telegram-арнасын тапқан. Пайдаланушылар парақшадан өмірде бар әйелдердің фотосын алады. Осылайша Telegram бот арқылы порнографиялық видеодағы әйелдердің бетіне фотоны орналастырып жасалған дипфейктерге тапсырыс береді. Алғашқы екі дипфейк тегін ұсынылады. Келесі тапсырыс құны 0,49 доллар тұрады. Арна кез келген әйелдің суретін жүктеуге мүмкіндік береді.
Фото: BBC
Содан кейін басылым әртүрлі кәсіптегі әйелдердің – спортшылардың, мұғалімдердің, медицина қызметкерлерінің және әскери қызметкерлердің фейктерін жинайтын басқа Telegram-арналарын тапты. Hankyoreh басылымының мәліметінше, кейбір арналар жоғары оқу орындары мен жоғары сынып оқушыларының жалған фотоларын тарату үшін пайдаланылған.
Бірінші болып дабыл қаққан құқық қорғау ұйымдары мен кәсіподақтар. Корея мұғалімдері мен білім беру қызметкерлерінің одағы оқушы қыздардың суреттері қолданылған жалған фотоларды біліп, білім министрлігінен тексеру жүргізуді сұрады.
Кореядағы Әскери қызметкерлердің құқығын қорғау орталығы, Қорғаныс министрлігінен әскери салада жұмыс істейтін әйелдердің де құқығын қорғауды талап етті.
"Қылмыскерлер әскери киім киген әйелдердің фотоларын тек сексуалдық нысан ретінде пайдаланды", – деп хабарлады орталық.
Telegram-арна дипфейкке қолданылған жалғыз платформа емес. Кореялық журналистер X желісінен жабық арнаны тапқан. Сондай-ақ пайдаланушылардың басым бөлісі Instagram желісі арқылы дипфейк фотолар жасаған. Алайда Telegram Кореяда сексуалды қылмыстар платформасы ретінде таныла бастады.
Айта кетейік, бұған дейін Telegram негізін қалаушы Павел Дуровтың Францияда ұсталғаны туралы жазған едік. Дуровқа Telegram-дағы контентті модерациялаудан бас тартқаны үшін терроризм, есірткі саудасы, ақшаны жылыстату сияқты ауыр қылмыстарға қатысы бар деген айып тағылған.
26 тамыз күні Франция соты Дуровты қамауға алу мерзімін ұзартқан еді. Дегенмен күні кеше оның қамаудан босатылғаны белгілі болды.
Енді швейцариялық Ирина Болгар Тelegram негізін қалаушы Павел Дуровтың үстінен шағым түсірген. Ол өзін Павел Дуровтың балаларының анасымын деп таныстырған. Ирина Болгар Павел Дуровты баласына зәбір көрсетті деп айыптап отыр. Шағым Швейцария сотына 2023 жылдың наурыз айында түскен. Алайда бұл туралы бүгін ғана белгілі болған.