Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодар тұрғыны әкесінің өлімі үшін ауруханадан 5 миллион өтемақы өндіріп алды

2023 жылдың 16 ақпанында "жедел жәрдем" 56 жастағы ер адамды Павлодардағы №3 қалалық ауруханасына жеткізген, бірақ оны ауруханаға жатқызудан бас тартқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Shutterstock

Павлодар қалалық сотының дерегіне сенсек, ол 17 ақпан мен 4 наурыз аралығында Павлодардың емдеу мекемелеріне – "Алмаз медициналық тобына", облыстық ауруханаға, емханаға және №1 қалалық ауруханаға бірнеше рет хабарласқан. Олар алдымен "бронхит", содан кейін "жедел панкреатит, холециститпен бірге өт жолдарының тастары" диагнозын қойған.

Медициналық мекемелердің көрсеткен медициналық қызметі еш нәтиже бермей, науқас 12 наурызда қайтыс болған. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары медицина қызметкерлерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы оқиғасы бойынша және құқық бұзушылық іс-әрекетінің болмауына байланысты істі тоқтатқан.

Соттың дерегінше, қайтыс болған адамның қызы Павлодар қалалық сотына әкесінің өліміне және оның азап шегуіне әкеліп соқтырған сапасыз медициналық көмекке байланысты қаланың емдеу мекемелерінен моральдық шығынды өтеу үшін 10 миллион теңге өндіру туралы талап қоюмен жүгінген.

Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқан.



Сапасыз медициналық көмек көрсету фактісі дәрігерлерді тәртіптік жауапкершілікке тартумен және сот-медициналық сараптаманың қорытындысымен расталды. Жалпы, медицина қызметкерлері науқастың ауруының ауырлығын жете бағаламай, оны жансақтау бөліміне кеш ауыстырған, бұл оның жағдайын нашарлатқан. Апелляция науқастың денсаулығының нашарлауы медициналық көмекті дұрыс көрсетпеу салдарынан болғанын, сондай-ақ қажет диагностикалық және емдік шаралар жүргізілмегенін, тиісті күтім жасалмағанын ескерді.

Бұл науқастың өзіне және туыстарына айтарлықтай зардап әкелді, сондықтан моральдық зиянды өтеуге негіз болып табылады. Жауапкерлер АК-нің 917-бабын басшылыққа ала отырып, медициналық көмектің сапасыз болуына өздерінің кінәлі емес екені туралы сенімді дәлелдемелерді ұсынбаған.

Айта кетейік, белгіленген мән-жайлардың жиынтығын, негізділік пен әділдік өлшемшарттарын ескере отырып, талап қою ішінара қанағаттандырылды: медициналық мекемелерден 5 миллион теңге өндірілді. Апелляциялық қаулы заңды күшіне енді.

Еске салайық, бұған дейін Алматы тұрғыны Павлодардағы кадет училищесінен бір жарым миллион теңге өндіріп алғанын жаздық. Бекжан Әлімов 2020 жылдың қаңтарында 16 жасында Павлодардағы Химгородок ауданындағы теміржол көпірінен секіріп, өзіне қол салмақ болған. Себебі кадет мектебінде буллингке ұшыраған. Жігіттің айтуынша, ол білім беру мекемесінде қорлық көрген.

Талқылау